1. Қарақұрт операциясы
Қарақұрттың тоғыз жылдығын бүйі дейді...
Бүйі тигенін о дүниеге аттандырады,
Дегенмен Қарақұнда оны қайтарады.
***
Тянь-Шань тау сілемінің бір бөлігі, Қосмола тауының етегінде Сарыүйсін ауылы отыр.
Шағын ауылдың бәрі бір рудың адамдары болғандықтан, ауылдың аты да Сарыүйсін.
Ертеде сол ауылдың байының жас тоқалына бүйі тиеді.
Молда, ешан, бақсының бәрін шақырып, аямай мал беріп оқытып, ем-домын жасайды.
Олардан қайран болмайды.
Бойды жайлаған у меңдей береді. Келіншектің беті бері қарамайды.
Содан бәленше деген арбаушыны шақыртады. Бір қайтарса сол қайтарады деп шабарман шаптырады.
Атымен суыт жүріп, арбаушы келем дегенше, кеш батады.
Қарт кісі екен.
***
Келсе, келіншек өлім аузында, кірпігі ғана қимылдап жатыр...
Келе сала оқуын бастайды. Қызық іздеген балалар киіз үйдің тесігін іздеп кетеді.
Үлкендер жағы "Иә әруақ, иә сәт!" деп отырысады...
Таң ата, иығына иінағашын салып, келіншек бастаудағы суға барады.
Ел таң тамаша болады.
Бай арбаушы қарияны үш күн қонақ етіп, сый-сияпатын беріп шығарып салады.
***
Қарияның атына шөп салып, құманмен суын дайындап, асты-үстіне түсіп күткен қызметші бала Тұрғынбайға қарияның мейірі түседі.
Атына мініп, жүргелі тұрғанында, Тұрғынбайға былай дейді:
- Қалағаның болса ал балам, қызметіңе разымын
- Арбауды үйретіңіз...
Қария ойлы көзбен алысқа қарап.
- Арбаудың серті үш рет естігенде жаттап алу. Оны етпесең қонбас деді де күбірлей жөнелді...
"Қара құнда, қайма құнда, қайыр құнда
Зер, зейір құнда зеберлесең келер мұнда
Тұл құнда, тұла бойың айлас құнда,
Тұланың арбауы келді, тұрма мұнда.
Алладан хабар келді
Әулиеден пәрмен келді,
Тақ Сүлеймен пайғамбардың демі келді ШЫҚ Суф" деп бір деммен оқып, үш рет қайталап кете барды.
***
Арбау қонған арқалы бала, қарияның соңынан қарап, көзі шырадай жанып қала берді.
Содан бастап Тұрғынбайға жәндік шаққанды арбайтын өнер қонды.
Қазығұрттың көнекөз қариялары Қосмоланың түбіндегі Сарыүйсіннен шыққан Тұрғынбай ұлы Қалыбайға да арбау өнері қонғанын білетін.
Жәндік шаққанда, жара шыққанда барып оқытып, ем қонып жататын.
Қалыбай 1994 жылы 82 жасында өмірден озды...
Қазір ата жолын ұлдары Тілеуқабыл мен Икрам жалғастыруда.
2. Маузер аға қызықты ашты
Жетісайда Құлшығаш Ғалымжан батыр бар. Қонаққа бардым. Нағашысы Маузер де қонаққа келіпті.
Маузер аға жедел жәрдемде жұмыс жасайды. Дәрігер.
Әңгіме жарасып кетті. Әрі қарай Маузер ағамыз сөйлесін:
- Жедел жәрдемде сарышаян, қарақұрт, жылан, бұзаубас шаққан секілді науқастар жыздыгүні көптеп келеді.
Соны оқытуға ауылдың ешанын алып келеміз. Дәрігердің дәрісінен, ешанның демі күштірек болып, науқастар тез аяққа тұрып кетеді.
Кейде науқастар түн ішінде түседі. Түннің жарымында ешанды мазалай беріп біз де ұялып кеттік.
Содан бір күні ешанға былай дедім:
- Молдеке, сізді көп мазаламайын, мына шаққанды оқуды маған үйретіп қойыңызшы, сізді әурелемей өзім де оқып, дем сала берейін дедім.
Ешан:
- Құраннан білген кез-келген сүрені дем алмай оқып, үш рет "суф" деп дем сала бер. Ал құран білмейтін болсаң, ішіңнен
дем алмай тұрып, жиырмаға дейін сана, сосын дем сал. Ол да бола береді...
Осыны естігенде барып, дем салудың құпиясы ашылды.
Дем салғанда, ондағы айтылатын сөзден гөрі, дем салушының энергетикасы маңызды екен.
Яғни, дем алмай сөзді айтқанда, адам арқаланады, ішкі энергия жиналып барып, суф дегенде науқасқа энергия беріледі.
Ал айтылған сөздің маңызы жоқ. Дегенмен айтылған сөз дем салушының арқасын қоздыратын сөз болса, үрленген энергия
күштірек болып, дертке дауа бола түседі.
***
Үйдегі кішкентайлар иттеніп қалғанда, жара, сүйел, бірдеңе шаққанда бұрыннан оқитын әдетім бар.
(Айтпақшы, Қалыбай менің нағашым)
Аят-сүрені оқып, дертке дауа болатын құран сүресінің құдыреті деп ойлайтынмын.
Ал қазір, Алла сөзін Тәңірге, арапша аятты қазақша мақамға ауыстырдым.
Алладан хабар келді
Әулиеден пәрмен келді,
Тақ Сүлеймен пайғамбардың демі келді деген жерін,
"Тәңірінен пәрмен келді,
Әруақтан хабар келді,
Арқаланып демім келді ШЫҚ" - деп ауыстырдым.
Нәтижесі оң.
Бұдан шығарған қорытындым. Оқып дем салу кезінде оқылған мәтіннен гөрі, оқушының энергетикасы (арқасы)
маңызды. Арқа болса, ем болады. Арқа болмаса, ем болмайды.
(От болса, тамақ піседі, болмаса несіне піседі? деген секілді)
***
Сөз соңы орнына: Діндарлар Құранмен дем салу шипа береді дейді
Мен айтам: арқалы адам оқыса шипа береді. Арқасы болмаса, құр сүфлеп қояды дағы...
Сосын: жын-шығару дейді. Жын кіру дегеніңіз психикалық ауытқу.
Оған көбіне әруақ аттаған, жаман болатын, обал болатын, ұят болатын іске барғанда, немесе рух энергетикасы төмендегенде шалдығады.
Сондықтан, әруаққа сыйынып, бәрі өз қолыңызда екенін біле жүріңіз.
Ал қол жетпейтін нәрсеге, басқа адамдармен бірлесу арқылы қол жеткізесіз.
***
Сөз соңы: Тәңірі бәрін өз қолыңызға берді.
Кімнің ұйымдасқан тобы күшті болса, сол жеңеді. Ұйымдаса алмаған қор болып кете береді.
Және бұл жерге Тәңірді, Аллаһты, Құдайды қосудың еш қажеті жоқ.
Құлшылық, дұғамен бас аман болатын болса, 30-шы жылдардағы ашаршылықтан 4,5 - 5 млн мұсылман қазақ өлмес еді.
Сол кездегі 6,5 млн қазақ бас қосса, әлемді басып алатын еді. Қазір де 20 млн қазақ бір болса алпауыттың барлығын тік тұрғызады.
Бәрі өз қолыңда қазақ!
Әруақ!!!
https://twitter.com/NHLOJKbpQBGHOec - Twitter парақшам
https://www.instagram.com/shuyldaqshadyrman/ - Instagram парақшам
https://www.facebook.com/profile.php?id=100050346787344 - Facebook парақшам
https://www.youtube.com/user/Mukhtar2011 - Youtube каналым
https://vk.com/mukhtar_shadyrman - ВК парақшам