Ұлт шаңырағының алтын уықтары. Құлшығаш шежіресі

"Ақмырза әулеті" шежіре кітабынан алған үзінді мақала

Авторы:

Әуезхан САЛЫҚБАЕВ

Социалистік Еңбек Ері, «Отан» орденінің иегері

Оңтүстік Қазақстан облысы мен Арыс

қаласының құрметті азаматы

 

Ру - қазақ деген ұлттың шаңырағын көтеріп тұрған алтын уықтар

 

Тіршілігі мал өсірумен байланысты көшпелі халықтардың экономикалық және әлеуметтік жағдайы, салт-санасы мен дәстүрі, жалпы мәдениеті, уақыт пен кеңістіктегі саяси қарым-қатынасы туыстық жақындыққа тәуелді

 

XX ғасыр босағасына дейін көшпелі тіршіліктен қол үзбеген қазақтардың бүкіл болмысы рулық бастаудан нәр алады

 

Бұл - халықтың әлеуметтік, құқықтық карым-қатынасына және өзін жеке ұлт ретінде тануына негізделген ақиқат

 

Рулық-тайпалық бірлестіктер қазақ өмірінде ежелден қалыптасқан қандас туыстықты мойындау принципінде жүзеге асады

 

Қандас туыстықты мойындаған адам сол бірлестіктің экономикалық, әлеуметтік қолдауына ие болды, белгілі бір міндеттермен қатар өз мүддесін қорғау құқығын иеленді

 

Бұл қазақтың Орта жүз бірлестігінің құрамына кіретін Қоңырат тайпасының қабырғалы руы Құлшығаштарға да тән


Еліміздегі халықтардың ынтымақтастығы мен татулығын ту етіп көтеріп жүрген Елбасы Н.Назарбаевтың өзі «Тарих толқынында» атты еңбегінде:

 

«...қазақтар үшін ұлттық дәстүрді сақтап-сабақтастырып отыратын мәнді тетік ру болған. Тарих бірыңғай ақ немесе қара деп саналатын балаңдықты көтермейді.

 

Жаңа ғасырға санаулы айлар қалған бүгінгі таңда рулық сананың шектеулі де шетін жақтарын біліп-түсіне отырып, біздің халықтың драмаға толы тарихында рулық психологияның кіріктіргіш рөлі болғанын сезіне білуіміз керек», - деп пікір түйеді

 

Сондықтан, әркімнің өз руын білуін трайбализмді насихаттау, қазақ халқын жік- жікке бөлу емес, туыстарды тұтастыру, біріктірудің жолы деп қарастырған жөн

 


«Ұраны - алаш, керегесі - ағаш» халықтың ортақ бірлестігі құрамына кіретін әр РУ (тайпа) - өзгелермен тең дәрежедегі құқық субъектісі

 

Әр ру даму мүмкіндігіне (құрамындағы адам санына, шаруашылығының түрі мен көлеміне) қарай жер үлесін иеленді

 

Отанды қорғау қажеттігі туғанда яки басқа мемлекеттерге қарсы соғыс ашылған жағдайда әрбір ру қару ұстауға жарайтын еркек кіндікті адам санына сай әскер шығаруға міндетті болды

 

Соғыс шығындарын халқының қуатына орай бөліссе, жорықта түскен олжаны ортақ іске қосқан үлесіне сай иеленді

 

«У ішсең - руыңмен» деген қағиданы ұстанған қазақтар туысы қылмыс жасаған жағдайда бүкіл ру болып жауап берді

 

Билер соты кескен айыпты қылмыскердің барлық қандас ағайыны көтерді (!)

 

 

Рудың пайда болу, даму тарихын зерттеуші тарихшылар руларды адамдардың алғашқы қауымдастығы кезінде пайда болып, екі кезеңдік дамуды бастан кешті:

- матриархат (аналық негіздегі ру) және

- патриархат (аталық негіздегі ру) деп таратады

 

Олардың пікірінше, шаруашылық жүргізу ретіне орай еңбек күштерінің ауысуы - мал бағу, жер жырту, металл өңдеу, соғысу, т.б., қара күшті қажет ететін ауыр еңбек матриархатты патриархатқа алмастыруына ықпал етті

 

Рулық қатынаста некелік әдет-ғұрып, халықпен бірге жасасып келе жатқан дәстүр қағидаларының ықпалы күшті болады

 

Бұл ұлт тамырына балта шабатын бүлдіргіш «жаңалықтар» (бір жынысты неке, нашақорлық, маскүнемдік, ата-ананы тыңдамау, үлкеннің бетінен алу, т.б.) ел ішіне сыналап кірмеуіне тосқауыл болады

 


Әлем халықтарының барлығы дерлік рулық жіктелуді бастан кешті. Өмір қажеттілігіне қарай кейбір ұлт рулық байланыстарды сақтап қалса, кейбіреулері туыстық жіктелуден бас тартты

 

Шаруашылығы далалық жайылымдағы мал өсіруге негізделген қазақтарға рулық туыстық мұқтаждық еді

 

Табиғатқа - жердің оты мен суына тәуелді болып, қысы-жазы көшіп жүру, күрт құбылатын климаттық жағдай, сыртқы жаулардан және тайпалар арасындағы қақтығыстардан қорғану туыстық байланысты нығайта түсті

 

Саяси, табиғи, әлеуметтік, т.б., қажеттіліктер «қарға тамырлы қазақ» болуға итермеледі

Ескіден қалған есті сөздің бірі:

 

«Сұраса келсең қойныңдағы қатының қарын бөле шығады»

 

Қазаққа қазақтың жаттығы жоқ:

- нағашы

- жиен

- бөле

- құда яки басқа бір жолмен ілік-шатыс туыс болады

***


Таптық жіктелу қазақ қоғамында жоққа тән құбылыс еді

 

Ел ішінде бірен- саран «шық бермес Шығайбай» болған шығар

«Батыр - бір оқтық, бай - бір жұттық» заманында ондайлар ұзақ салтанат құра алмайтыны белгілі

 

Сондықтан, дәулетті адамдар қысылғанда қол көмегін көрсететін көрші-қолаң туыстарының барлық қажетін шығарып отырды. Еншісі бөлінбеген қазақтың қонақ күтуі ерекше екенін досы түгілі, дұшпаны да мойындайды

 


Рулық байланысты сақтауда қазақтардың құдалық институты үлкен рөл атқарды

 

Жеті атаға дейін қыз алыспау ұлттың биологиялық-генетикалык қуатын күшейтті

 

 

Сондықтан, ел ішінде

«Жеті атасын білмеген - жетесіз»

«Тамырына қарай - бұтағы, тегіне қарай - ұрпағы»

«Тегін не қу, не құл жасырады», т.б., қанатты сөздер қалыптасты

***

 

Қазақтар ұрпағым жақсы болсын деп, текті жермен құдаласуға ерекше мән берді

 

Жеті атаға дейін қыз алыспау ұстанымы бұзылған жағдайда туыс адамдардың некесінен дүниеге келген ұрпақ әлсіз, жасық, аурушаң болуымен қатар, оның салдары рулар арасын әбігерге салған трагедияларға ұласуы мүмкін

 


«Алаш» тарихи-зерттеу орталығының президенті Х.Ғабжәлелов қазақтардың генетикалық-биологиялық қуаты ғасырлар бойына жалғасқан сұрыпталудың жемісі екенін көрсете келіп:

«Ұлы жүзді - қауға беріп малға қой, Орта жүзді - қалам беріп дауға қой, Кіші жүзді - найза беріп жауға қой» деген сөз тегін шықпағанын айтады

 

Кеңес өкіметі жеке меншікке шектеуді барынша күшейткен кезеңнің өзінде Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісудың қазақтары үйірлеп жылқы, қоралап қой ұстаған екен

 

Орталық, Солтүстік һәм Шығыс өңірлерден қоғам қайраткерлері, ғалымдар, өнер шеберлері, еліміздің Батысынан батырлар көп шыққан

 

Қоңырат Құлшығаш таңбасы

 

Даланы отарлау үшін қазақтардың рулық-туыстық байланысын үзіп, дәстүрі мен салт-санасын, шаруашылық жүргізу тәсілін өзгертіп, рухани әлемін жаулап алу керек болды

 

Ресей империясы бұны мысықтабан ептілікпен жоспарлы түрде жүргізді

 

Рулық байланыстарды күшпен жою, туыстар арасына сына қағу, әкеге ұлды, шешеге қызды айдап салу кеңес өкіметі жылдарында тіпті өршіп кетті

 

Түрі өзгергенімен, мазмұны мен мақсаты сол күйінде қалған отарлық саясат коммунистік идеологияның күшімен жүргізілді

 

Қандас ағайындар таптарға бөлініп, рулық қарым-қатынас «феодализм сарқыншағы», «ескіліктің қалдығы», т.б., құбыжық атауларға ие болды

 

Немере-шөбере, туыстар некеге тұрып жатса да тиым салынбады

 

Қарапайым адамгершілік этиканы, ата дәстүрді бұзғандардың әрекетіне тоқтау салуға талаптанғандар

«зиянкес элемент»

«пантүрікшіл»

«панисламшыл»

«жаңа қоғамның жауы» деген жаламен саяси қуғын-сүргінге ұшырады

 

Атылды, асылды, біразы абақтыға жабылып, кейбірі жер аударылды

 

Маңдай терімен дәулет құраған, жақын-жуығына қол ұшын бергендер тәркіленіп, мал-мүлкі талауға түсті

 

Өздері «тап жауы» ретінде жойылды

 

«Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген көшпелі жұрттың қағидасы қаперіне кірмеген, алақан еті ауырып жұмыс істеп көрмеген жарлы-жақыбайлар бай-бағланды тәркілеуден қолына түскен азын-аулақ малды аз уақытта ада қылып, ойранды отызыншы жылдардың жұтында аштан қатып, ақсөңке сүйегі далада шашылып қалды

 

Бұның бәрі отарлық салдарынан соңғы үш ғасыр мұғдарында қазақ халқы бастан кешкен ақиқат іс. Осының бәрі жергілікті халықтың рухын таптап, орыстандыру идеясы осы кезеңдерде дүниеге келген ұрпақтар санасына терең таңба салып кетті

 

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін де дербес ұлттық идеологияны жүргізе алмай келе жатқанымыз осының салдары

 

Дегенмен, сыртқы және ішкі күштердің осыншама қыспағына төтеп берген, жер бетінде қазақ деген халықты сақтап қалған қандай күш десек, ол - ұлтымыздың рулық-туыстық байланысы


XX ғасырдың соңында рулық-туыстық байланыстарға жауапсыздықпен емес, жауыға қарайтын тұтас бір ұрпақ қалыптасты

 

Бұл - жат жұрттарға тәуелді болған құлдық психологияның жемісі

 

Ұлттық нигилизм індетіне қарсы тұру - ендігі қазақ баласының төл парызы

 

Қолыңызға ұстап отырған шежіренің жаңа редакциясы осы бағыттағы кезекті қадам - рулық-туыстық байланыстарды жаңғырту, қалпына келтіру үшін жасалған жұмыстың бір парасы

 

Әрине, қандас туыстардың рулық жадын ояту үшін бұған дейін де әрекеттер жасалған. Бектас Бейісбеков туысымыздың «Ақмырза әулеті» жинағы осыдан жиырма жылдай бұрын жарыққа шыққан еді

 

Жекелеген кемшіліктеріне қарамастан, Құлшығаш руына қарасты жұрттың туыстық бірлігін сезінтіп, ағайындарды жақындастыру үшін ол кітаптың пайдасы зор болды

 

Мына шежіре сонда орын алған олқылықтарды толтырып, жұрттың кәдесіне жарайтын жақсы жәдігер болар деген үміт бар

 

Мұнда да кемшіліктер болуы анық. Келесі ұрпақ кітаптың жаңа басылымын тың дерек, мол мағлұматпен байытады деген ойдамын.
 

Comments powered by CComment

Уағыз тыңдау құлдық сана мен сорлылыққа жетелейді, еліңнің тарихы мен әдебиетін оқу, рухани тұрақтылыққа жетелейді

Өзгенің жетегінде кеткен сиырға ұқсамай, бөрілі байрақ көтерген бабаларыңды ойла

 

... әйтсе де, қазірге белгілі болғанындай, бүгінде бар-жоғы адамдардың 240 ұрпағының тарихы мәлім...

 

Ием Тәңірім, кием Жер-Ана, Су-Ана деп отырған адамда қайдағы ислам?