Құрманәлі Шадырманұлы

Туған жері: Шымкент облысы, Түлкібас ауданы, Еңбек елді мекені

Жыл: 1948

Жеті атасы:

- Шадырман

- Жүніс

- Медеу

- Құнантай

- Кемпірбек

- Байгелді

- Қасаболат

Нағашылары: Темір руы

Бөлелері:

Құдалары: Қайшылы, Найман,

Бажалары:

Байланыс: 8 777 777 77 77

Өмір жолы: 

Бірнеше жыл орман шаруашылығында еңбек еткен Құрманәлі Жүнісов жуырда Қазығұрт ауданының құрметті азаматы атағына ие болды. Шын мәнінде, бұл – оған берілген лайықты баға! Біз сол үшін қуандық.

 

Құрекең Алматы қаласындағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының орман шаруашылығы факультетін бітіргелі табан аудармастан осы салада жемісті еңбек етті. 

 

Еңбек жолын Қазығұрт ауданындағы Өгем орман шаруашылығында инженер болып бастаған ол көптеген белестерді бағындырды. Құрекең партия, кеңес органдарында да ұйымдастырушылық қабілетін молынан танытты. 

 

Десек те, сүйген мамандық қашан да ыстық екен. Ол өз саласына қайта оралды. 

 

Облыстық орман шаруашылығы мекемелерінде басшылық қызметтер жасады. Мәселен, Өгем орман шаруашылығы мекемесінің директоры болып 15 жылдай қызмет атқарды.

 

Орман байлықтарын көзінің қырашығындай сақтап, жасыл желекті молайтуға сүбелі үлес қосты. Оның басшылығымен Өгем тау жоталарында мәдени орман дақылдары көптеп отырғызылды. 

 

Ауыл шаруашылығы алқаптарында топырақты эрозиядан қорғап, ылғал сақтауды қамтамасыз ететін қорғаныштық орман алқаптары қанат жайды. Қазір сол орман алқаптары жайқалып өсіп тұр. Қазығұрттықтар оны «Құрекеңнің алқабы» деп те атайды.

 

1998-2003 жылдары Құрманәлі Оңтүстік Қазақстан облыстық орман және биоресурстар басқармасы бастығының орынбасары қызметінде жүріп, Қызылқұм мен Мойынқұм өңірлерінде сексеуіл ормандарын қалпына келтіріп сақтауда, Сыр бойының бағалы тоғайларын қорғауда бірқатар шараларды ұйымдастырудың ұйытқысы болды әрі сол істің басы-қасында жүрді. 

 

Кейінгі жылдары ол Төлеби аудандық, Бадам орман шаруашылығы мекемелерінде басшылық қызметте болды. 

 

Осы жылдары облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен Бозарық ауылынан өтетін жол бойын көркейту, көгалдандыру басталғанда Құрекеңе тағы да үлкен жауапкершілік жүктелді. Бүгінде жасыл белдеудегі тал-теректер бой көтеріп, жайқалып тұр.

 

Оның еңбек жолы 2008 жылдан бастап Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркімен тікелей байланысты. 

2013 жылдың қарашасына дейін аталған парктің бас директорының ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары ретінде көптеген жұмыс істеді. 

 

Айталық, оның жетекшілігімен парк аумағында биологиялық алуантүрлілікті зерттеу жөнінде жұмыс жанданып, экологиялық туризмді дамыту, барлық алманың атасы болып табылатын Сиверс алмасының гендік қорын сақтау мен молайту жұмыстары жүзеге асырылды.

 

Қазір де Құрекең паркте бас маман болып қызметін жемісті жалғастырып келеді. Ол өз тәжірибесін жастармен бөлісіп отырудан ешқашан жалықпайды. 

 

Жуырда ұлттық парктің басты құжаты болып табылатын «2019-2023 жылдарға арналған Басқару жоспарын» әзірлеуде оның бай тәжірибесіне сүйендік.

 

Міне, білікті маман Құрманәлі Жүнісов осындай азамат. Ол бақытты шаңырақ иесі де. Жұбайы Гүлбара Есіркепқызы екеуі 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Қазір немерелерінің қызығына бөленіп отыр.

 

Тумысынан табиғатқа жақын Құрманәлі ағамыз жетпіс жасқа да келіп қалыпты. Қарт та болса қажымайтын асыл ағаны мерейлі жасымен құттықтап, оған зор денсаулық, баянды бақыт, отбасының амандығын тілейміз.

 

Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ұжымы.