Қоңыраттан Алғи шежіресі

 

Бақ қонған Алғи


Ел аузындағы аңыз 
                                           
Алғи атаның өмір сүрген дәуірі атақты Әбілқайыр ханның тұсы. Он алты-он жеті жасқа келгенде ағасы Құлшығаштың қолында жүреді. Содан бір күні түс көреді. Түсінде ұлы атасы Нағанай, әжесі Жезбике ару баласына мынадай сөз айтады:

- Балам сен Пәрпі атаға бар! Сенің қыс қыстау, жаз жайлауың сол арада болсын. Құдай қаласа, ешкімнен кем болмайсың. Бірақ бір ескертетін нәрсе, мал жисаң ақ түс пен қара түстен жина. Өзге түсті мал саған қарайламас.

Шырт ұйқыдан оянса көргені түс екен. Осы түстен соң сәскеде Пәрпі ата мазарына қарай жолға шығады. Бесінде Пәрпі атаға жетеді. Пәрпі ата әулие басында оған бір қария кезеседі.

-Шырағым, сені күткеніме үшінші күн болды. Саған бақ қонды. Малды, жанды болсаың. Арыстандай екі ұлың болады. Ұрпағың өніп-өсер, Әмин!,- деп, күн шығысқа қарай жүріп кетеді


Жас бала түсінбей, бұл қалай болды, дегендей, әрі көрген түсіне, әрі қарияның сөзіне қайран қалып, сол арада түнеп қалады

Қария айтқандай, түсінде көргендей, Пәрпі ата бейіт-қорымының Сырдария өзеніне қараған бетінен баспана құрып алып, өмір сүре бастайды. Елге барып ағасынан енші алады

Ағасы бір отар қой, бір үйір жылқы, он түйе береді. Алғи алған еншінің ақ пен қара түстесінен басқасының бәрін қайтарып береді. Сол екі түске жататындарды Пәрпі атаға қарай айдайды

                                                            ***

Он тоғыз жасында жылқысын қайырып түзде жүрген жас жігіт қасқыр қуған екі жігітке жолықады. Амандықтан соң жігіттердің бірі: 

- Уай, сен қайдан жүрген жігітсің? ,- деп таңырқай тіл қатады Алғиға

- Мен, үшін жылдан бері Пәрпі атаның батысымен осында тұрамын. Мына дөңнің астында үйім тігулі ... сусын ішіңдер?!,- дейді. Екі жігіт «Баста!» дейді де ере береді


Сол күні Алғидың қараша үйіне түскен жігіттер оның мырзалығына риза болып, қонып қалады. Олардың бірі Қаңлы руының жігіті еді. Аты Бектөре болатын. Жасында әке-шешесі ерте өліп, қарындасы екеуі тұрмыс тауқыметін көп көрген сақа жігіт еді

Ол Алғидың жалғыз басты екндігін білген соң мынадай деп тіл қатады:


- Жігіт, жігіт-ақ екенсің жалғыз өзің құла түзде мал бағып біз сияқты бірлі жарым жолаушыны күтіп, әрі әйел сияқты қазан көтеріп жүр кенсің, қабыл көрсең он жетіге келген менің қарындасым бар. Әке-шешеміз жоқ, жетім демесең сол қарындасымда саған ұйғарып отырмын. Қыз әбден пысық, өмір тауқыметінің талайын көрген. 

Аты Гүлай ...
Осы тілекке Алғи іштей бекіп, Бектөренің ұсынысын қабал алады


- Сіздің үйге! ,- деді, жұмсарлық менде тұрмыс шамалы. Осы отырысты қош көрсеңіз, құдалық деп есептеңіз. Қарындасыңызды әкелуге жалғыз өзім барамын. Барған күні қайтарым шарт. Мұндағы малға бас көз болар ешкім жоқ

Алғидың сөзін Бектөре мақұл көріп дастархан қайтарда бата жасады

- Тәңірі құдалығымызды мың жылдық етсін! Шырағым, Алғи, күйеулігің жүз жылдық болсын қарындасым екеуің өсіп-өніп, бақытты шаңырақ иесі болыңдар деген бата жасалды


Батаға дастархан басындағы үшеуі де қол көтерді. 

Ертесіне  Бектөре мен жолдасыкетуге сыртқа шыққанда үй іргесіндегі бір қора қойды көрсетіп:

- Ағалар,- деді Алғи құдалық кәдесіз болмас, мына мініп жүрген атым, мына қорадағы қойдың 200 тұяғы құдалықтың шашуы болсын. Ала кетіңіздер!,- деді. 
Бектөре Алғиға жылы шырай назар салды


- Шашуың дұрыс, астындағы атыңды алмаймын. Ал, атаған қойыңды алдағы сәрсенбінің сәтінде өзің айдап барасың. Біз Қыңырақ тауының Келес өзененіне іргелес жердегі жайлауға көшіп шығамыз, сол жерде күтемін. Ата қонысымыз сонау Тұрбат жақта, ол ара қой айдаған сағат он күндік жол. Мына жерге Ердәуіт-Шәймерден ата әулиені бетке алып ерте шықсаң түс ауа жетерсің. Хош бол!,- деп жүріп кетті


Уәделі күні Пәрпі атадан шыққан Алғи діттеген жерге бесінде жетіп барды. Қырдан құлаған қоралы қойды көріп, алдынан Бектөре щықты. Сөйтіп Алғиды үйіне бастады. Қырдың етегіне тігілген үй алдына жете бергенде:

- Хош, келдіңіз! ,-деп Бектөренің жұбайыАйсара амандасты. Алғи аттан түсіп, керегеге атын байлады да үйге кірді

Гүлай үйде жалғыз еді. Ол жылы амандасты. Аққұба келген реңі алабұртып, тана көздерін төңкере қарағанда Алғи қыздың пейіліне риза болды. Бір шайдан соң Бектөренің батасын алып, Алғи мен Гүлай енді Пәрпі атаға қарай жолға шықты


Алғи осылай үйленген еді

                                                         ***
Алғи ата 98 жасында Пәрпі ата іргесіндегі Бесқотан (Қотан – қойды жайылымда баққан кезде түнде түненетін, күндіз жусасатын орын) жайлауында өмірден озды

 Атаға он мыңнан астам ақ қой, он бес мыңдай қара қой, мыңға тарта жылқы, үш жүзден астам түйе. Екі ұлды болды. Үлкен ұлдың атын Жолымбет деп (бет алған жағымда жолым болды деген ниетпен) қойған еді
 
 Екіншісін Елімбет деп атады, ондағы ойы «Елді елім көбейер» деген ниет еді
 
 
Ата азғантай күн ауырды. Сондай күндердің бірінде Гүлай әжеміз:


- Мына екі балаға көзің тірісінде енші беріп кет. Мал оттан ыстық дейтін. Соның кесірінен бір-біріне реніш туып, тілдері тиіп жүрмесін,- деген пікір айтты.

Кемпіріне Алғи ата:

-Шақыр кәне балаларыңды,-деді. Ұлдары үлкен үйге келіп іргенде қарияның айтқаны мынау болды:
-Шырағым, Жолымбет, ақ түсті малдың бәрі сенің еншің. Қара түсті малдар Елімбет еншісі. Келешекте ұрпақтар аққойлы, қарақойлы боп бөлінер, бірақ туыстықтарын ұмытпас


Ата көп өтпей көз жұмды. Атаны ұрпақтары арулап Бесқотан қасындағы төбенің басына қойды. Қарияның азасына Сыр бойындағы Құлшығаш ұрпақтары, өзге де туыстар қатысты
                                                         
                                                         ***

Дуалы ауыз атаның дегені болып, Алғилар екі атаға бөлінді. Аққойлы және Қарақойлы деп аталады

Осы ұрпақ кешегі төңкеріске дейін Пәрпі ата әулие мазаратынан сонау Сырдария өзенінің арасын мекен етті. Қазір екі атаның балалары туысқандығы ажырамаған ұрпақ

Уақыт өте келе Алғи атаның жатқан жерін ұмыта бастаған. Бесқотан, Тасқотан жері естен шыққан. Алғи атаның малы бес мыңға жеткенде 5 қотан салынған. Одан асып кеткен соң «Топқотан» салынған

Уақыт өте келе осы қабірін іздесең Бесқотаннан ізде, сондағы қырқаның басында ұлы аталарың қалған. Оны мына жер деп белгілеп, көрсетіп беретін көз жоқ. Бірақ атаның сүйегі осы жерде қалғанына ешкім дау айта алмайды


Даусыз шындық осы

Алғи атаны іздеушілер болса, әуелі «Жылға» саласында жатқан (бұрынғ «Сырдария» совхозы) Шымырбайдан шамалы18-20 шақырым әріде Әлімтау жатыр. Атамыз қалған «Тасқотан» және «Бесқотан» Әлімтаудың терістігінде, 10-15 шақырымдай жерде. «Тасқотан» үйірлі мал сиятын, тұтас керуендер жайғасып кететіндей үңгірлері мол жер. «Бесқотанның» дәл түбінде көне заман, ілгергі дәуірден қалған зындан бар


Бұл аймақ пен атыраптың табиғаты керемет. Әйгілі «Әлімтау»- сауырын құмға шөгерген алып атан, өркеші қарағайдай түйелі керуен сияқты. «Тасқотандағы» үңгірлер бейне бір көне дәуірдегі елдің мекен-жайы, шырайлы қонысы болған жер

Кешегі Кеңес кезінде оларға, бұл аймаққа шолу жасап, ғылыми сараптама берілмеген. Ел ішінде қсында келеген алғашқы орыстар «Ат басындай алтын тауып алыпты» деген лақап сөз бар


Бүгінгі Нұрлан Кенегесовтың (Алғидың Алтыбасары) бесінші бабасы Оспан бидің кезінде мал баққан жалшы орыс Иван Захар «Тасқотаннан» жүзік тауып алған

Оны Ташкент апарып сатпақшы болған кезінде бірге шарап ішкендер «Таза алтын жүзікті қайдан алдың?» - деп тартып алып қояды. Уақиғаны Ташкенттен қайтқан Иванның өзі айтқан. Ел содан біледі


Ел ішінде бір кездегі әлде бір ханның қазынасы осы жерге көміліпті деген де қауесет әңгіме бар. Әрине, мұның шындығын уақыт шаңы басып қойған.
«Тасқотан», «Бесқотан» жерінің орналасуы жер жағдайы, әлденеше керуенді құшағына алса білдірмей жіберетін алып та, кең үңгірлердің үй сияқты әйбет келуі бұл жердің тегін емес екенін дәлелдейді. Ғылыми экспедиция шығып зерттер болса, айтары мол болуы керек


Алғи ата табиғаттың өзі қолдан жасаған осы үңгір отауларды мал қотанына айналдырып жазда «Әлімтауда», мал басы өскен сыңайлы. Өзі өлген соң да артында қалған ұрпағы әке өсиетімен атаның сүйегін «Тасқотанға» берген. Іздеушілерге осында кел деуіміз де сол


Осы әңгімелерді айтушылар Алғи атаның бүгінгі ұрпақтары 80 жастағы Ахмет және Бәкіржан, Әбдіғани, Паркенттік көріпкел Иноят, Қошқар және тағы ондаған кісілер болып табылады

Comments powered by CComment

Уағыз тыңдау құлдық сана мен сорлылыққа жетелейді, еліңнің тарихы мен әдебиетін оқу, рухани тұрақтылыққа жетелейді

Өзгенің жетегінде кеткен сиырға ұқсамай, бөрілі байрақ көтерген бабаларыңды ойла

 

... әйтсе де, қазірге белгілі болғанындай, бүгінде бар-жоғы адамдардың 240 ұрпағының тарихы мәлім...

 

Ием Тәңірім, кием Жер-Ана, Су-Ана деп отырған адамда қайдағы ислам?