Мобильді баннер 1
АрқамандықЕрқайысТоқшылық
Қидан патшалығы

XII ғасырдың 30-шы жылдарының соңында Орталық Азиядан

Қазақстан мен Орта Азия аумағына қидандар (Отан тарихында қарақытайлар деп аталатын) келіп қоныстана бастады. 

Олар X ғасырда Оңтүстік Моңғолия мен Солтүстік Маньчжурия аумағында көшпелі Ляо мемлекетін құрған еді.

1125 жылы қидандардың империясы чжурчжендер соққысынан талқандалып, солтүстікке қарай ығысты.

Қидандардың шығу тегі туралы ғылымда қарама-қайшы пікірлер көп кездеседі. Кейбір зерттеушілер оларды қазіргі моңғолдармен түбі бір туыстас десе, енді бір ғалымдар шүршіттердің бір тармағы немесе тұңғұс-маньчжур тайпаларының араласуынан шыққан деген болжам жасайды.


Қарақытайлардың этникалық тарихы да талас туғызады. Дегенмен, бүл империяда батыс-түрік тайпаларынан құралған қидандар басымдық танытты.

Ляо патшалығындағы мәйітке кигізілетін маска

Ляо патшалығындағы мәйітке кигізілетін маска


Қидандардың басым көпшілігі малшылар мен аңшылар еді. Олардың ішінде отырықшы және қала тұрғындары да болды. 

Қидандарға жер өңдеу, бау-бақша өсіру, қолөнер, сауда жат емесі. Оңтүстік Моңғолиядағы кішігірім қалаларда олар отырықшы өмір кешті. 

Осы қалалардың орнынан қазба жұмыстары кезінде ірі храмдар мен сарайлар аршылып алынды.


1125 жылы шүршіттерден жеңілген қидандардың бір бөлігі Елюй Дашының басшылығымен батысқа қарай жылжиды. 

Ляо патшалығындағы мәйітке кигізілетін маска

Ляо заманындағы үй жиһазы

Ол Ляо мемлекетіне тәуелді болған қидан, ұйғыр, керейт, меркіт және т.б. тайпаларды өзіне қосып алады. Елюй Дашы қырғыздың Енисей жері арқылы өтіп, Оңгүстік Алтай арқылы Шығыс Түркістан мен Жетісу жеріне келеді.

Қидандардың бір бөлігінің 1125 жылы Синьцзяньнің батыс өлкелерін басып алу әрекеті іске аспай қалады. Шу мен Талас алқабына келген Елюй Дашы бастаған қидандардың жорықтары сәтті болады. 

Бұл аймақтың орталығы қарахандық Арслан ханның әкімшілігі орналасқан Баласағұн қаласы еді.

Ляо (Қидан династиясы)

Ляо (Қидан династиясы)

Елюй Дашы Алып Арсланның бір кездерде өзінен көмек сұрағанын пайдаланып, Жетісудың біраз аймағын, Баласағұнды басып алады да (1125 не 1130), жоғарғы билеуші «гурхан» атағын иеленеді.

 

Түркістандағы қарахандықтар иелігіндегі көшпенділер осы қидан ордасына қосылған. Кейінірек бұл орда мұсылман деректерінде қарақытайлар немесе жай қытайлар деген атпен белгілі болған.

1137 жылы Елюй Дашы Қашқар мен Қотанды жаулап алған соң, Мәуереннахрға жорыққа аттанады. Ходжент маңында Махмұд ибн Мұхаммед Арслан ханның әскерімен шешуші шайқасқа шығады. 

Қарахандықтардың әскерлері талқандалып, қалған бөлігі Самарқандқа қашып кетеді.

Қарақытайлардың Ходженттегі жеңісі Мәуереннахрдағы жағдайды күрт өзгертті. Осыған орай, Самарқанд билеушісіне тәуелді қарахандар мен қарлұқтар көсемдерінің арасында қиын жағдай қалыптасты. 

Қарлұқтар бұған дейін қарахандардың ешбір тайпасымен соғыспаған еді, тіпті олар қарахан Мұхаммед ибн Сүлейменге әскери қызмет еткен болатын. 

Қарахан мемлекетіндегі қарлұқтардың бас көтеруі селжұқ сұлтаны Санжардың Мәуереннахрға жорық жасауына себеп болды.

Қарахандар Санжардан қарақытайларға қарсы соғысу үшін көмек сұрап, ал қарлұқтарды Санжардың көмегімен Самарқандқа дейін қуып тастайды. 

1141 жылы селжұқтардың сұлтаны Санжар әскерімен Әмудариядан өтіп, Самарқандқа жақындайды. Ортағасырлық деректерде екі жақтың әскер саны жөнінде әр түрлі мәлімет келтірілген. 

Мұсылман және қытай деректері бойынша, Елюй Дашы 100 мың, кейбір деректерде 700 мың әскер жинаған дейді. Ал Санжарда 100 мың, кейбір деректерде 70 мың әскер болған.

Осы кезде Самарқанд маңына қоныстанған қарлұқтар мал жайылымынан тапшылық көрді. 

Қарлұқтардың санының көбеюі қарахандарды шошындырды. Санжар олардың Мәуереннахрдан кетуін талап етті.

Қарлұқтар Санжарға салық төлейтінін айтып, сұлтанның өздеріне тиіспеуін өтінгенмен, шапқыншылық күшейіп, әйел-балалары тұтқындалады. 

 

Қарлұқтар бас сауғалап қидандарға барып қосылады. Елюй Дашы Мәуереннахр ісіне араласудың ұрымтал тұсын сәтті пайдаланып, Санжарға «қарлұқтарды кешіруді» талап еткен хат жолдайды, бірақ Санжар ол хатқа астамшылықпен масқаралап жауап қайырады.

Елюй Дашы мен Санжар сұлтан әскерлері Самарқандтың солтүстік-шығысындағы Катван даласында шайқасады. Бірақ қатты қырғын бұрынғы Таскөпір аймағындағы Дарго маңында болған еді.

Қидан әскерлері өздерінің соғысқа мінетін аттары сияқты үстілеріне темір мен теріден киімдер киді. Олар садақ, қылыш, айбалта, ұзын және қысқа сапты найзалармен қаруланды. 

Атты әскермен қоса, оларда жаяу әскер де болды. Әрбір атты әскер өзімен бірге қаруын, оттық, азық-түлік, арқан және т.б. нәрселерді алып жүрді.

Елюй Дашы әскерінің негізін түркі, қарақытай, т.б. тайпалар құрады. Оларға селжұқтар қуып жіберген 50 мың қарлұқ келіп қосылды. 

Қарлұқ әскерлерінің бір ерекшелігі - олар шетінен батыр әрі құралайды көзге атқан мерген болатын.

Катван қырғыны 1141 жылы 9 қыркүйекте болып, шайқасқа кірісімен-ақ Санжар біраз әскерінен айырылды. 

 

Гурхан жау әскерін қоршау үшін өз әскерін үлкен үш бөлікке бөлді. Санжар әскерімен қоян-қолтық араласқан Гурхан әскерлері оларды қоршаған кезде қыспақта қалған селжұқтар шегіне бастады. 

Олар Дарго аймағындағы өзеннен өтпекші болғанда көбі сонда қырылды. Қарақытайлармен табанды күрескен Санжар әскерінің сол қанаты ғана еді.

Санжар 300 атты әскерімен қоршауда қалып, әрең қашып құтылады. Елюй Дашының қолбасылары мен әскерлері селжұқтардың көп бөлігін тұтқынға түсіреді. 

Оның ішінде Санжардың белгілі қолбасшылары мен әйелі де бар-тұғын. Деректер бойынша, Катван даласында адам өліктері тау болып үйілген. 

Өлген адамдардың саны туралы да әр түрлі деректер бар: 30 мың, 70 мың немесе 100 мың жауынгер қаза болды деп жазылған. 

Шайқас болған маңда Гурхан үш ай тұрақтап, кейін қарақытай әскерлері Бұхара мен Самарқанд ортасындағы Кермин қаласыңа келеді. 

Осы жерде жаңа мемлекет - Си Ляо (Батыс Ляо) құрылады.

No comments

Құтты жаңалықтар, құтты өмір

Аналитика, жаңалықтар, бағыттар


Басты бет
☘ Технология
Арқаман
Блогтар
Әлем жаңалықтары
hi-tech
Қазақстан жаңалықтары
Кино, өнер
Шығарма
Билік
Украина
Сирия
Оңтүстік Корея

Жеке даму бағыты