Сәбиге ат таңдаймыз

Сәби дүниеге келді, ат қою мәселесі тұр. Төл қазақша, заманауи, әсем ат қою керек және ешкімде кездеспейтін болсын.

Олай болса кеттік!

Қыз баласына:

Асура – асыл ұрпақтың анасы болар қыз. Паң мінезді, өжет, намысын таптатпайтын нағыз қазақтың қызы

Арсана – арлы саналы қыз. Сымбатына көркі сай, бойына ойы сай қазақтың қызы

Ариба – арлы, ибалы қыз, көркіне қарасаң, аспаннан түскендей. Өмірлік шуағы шартарапты жарық етіп тұрғандай

Арел – арлы елдің қызы. Елінің ар жолынан адаспауына үлес қосатын, лағыл моншақтай жарқылдаған қыз

Аргүл – арлы, гүлдей жарқыраған қыз. Өмірге шуақ шашып, жан-жағын сүйіспеншілік пен қамқорлыққа, қуанышқа бөлейтін қыз

Аршуақ – ар шуағын шашқан қыз. Тумысынан асыл текті, ата-анасына қамқор.

Аршың – ардың шыңындағы елдің қызы. Қылығынан қылдай мін таппайтын қыз Бисана – санасы билейтін, бидің санасындай өрелі қыз. Ақылы-өресі, көрегендігі мен пайым-парасаты биік. Ақылына көркі сай қыз

Елерке – елдің еркесі, мақтанышы болар қыз. Тектілігі мен сындарлылығы ел аузында жүретін асыл зат иесі.

Елиба – ибалы елдің, өсіп өнетін, құтты қызы. Барған жерін байытып, елінің жақсы атын шығаратын текті қыз Игіайым – игілігім, айым, маңдайымды жарқырататын қыз. Өмір жолы игілікке толы, ай нұрындай жарқырап, еліне пайдасы тиетін қыз

Ізай, Ізайым – ізгілікті, айым. Бойына ізгілік толы, айдай жарқырап сәуле шашқан қыз. Бұрымы білектей ару болар қыз

Ұл балаға:

Бұла – бұла, еркін, асау. Мойнына қамыт салғанға, ноқта мен жүгенге көнбейтін өжет. Бауыржан атасындай намысты

Тула – ел намысын қорғайтын кезде, тулап, ойқастап ортаға шығып, ақиқат туын көтеретін ер

Ойдара – ойы дара, тыңнан жол табатын, тығырықтан шығаратын ер

Арқалы – арқалы ер болып кез-келген қиындықта жол табатын, шешім табатын батыл ер

Шулат – ел, қоғам дағдарып, тоқырауға түсіп, даму тежелгенде шулатып, ақиқатты ашатын ер

Байрақты – байрақ ұстауға лайық ер болсын. Елінің алды болсын. Жұрт осыған қарап бой түзесін деген ырыммен қояды

Албайрақ – байрақты алатын ер болсын, артынан ерген мол болсын, ағайын-туысының арасында жақын маңда байрақ ұстаған болмап еді. Осы бала байрақты алар ер болсын деген ырыммен қояды

Жойқара – жойқын қара. Батырлардың ішінен ерекше көрінетін, жаудың мысын басатын, ерекше шымыр, қайратты, жойқын болсын. Жауына қара бұлттай үйірілсе, досына шыққан күндей жарқын болсын деген ырыммен қояды

Армыс – арлы, мысы басым, жауын ықтырып тұратын ер. Әруағы асып, мысы басып, көзқарасынан адам ығатындай мысты, өткір арлы ер

Алжетек – елін жетекке алып, тура жол көрсететін, қиыннан қияс жол тауып, еліне пайда беретін ер

Көлжасар – шөлде көл жасап, елінің қағанағын қарқ, сағанағын сарқ қылатын ер. Шебер, өнертапқыш, ой тапқыш, жол тапқыш, жүйрік ойлы болсын деген ырыммен қояды

Елжасар – аз елдің басын құрап, мол ел жасайтын, елдің ынтымағын арттырып, басын біріктіретін ер.

Еліңбек – елінің бегі, ерекше жаратылыс иесі, текті ұл. Халқының қамын жеп, елінің көсегесін көгертетін ер

Арқұт – арлы, жүрген жеріне құт орнап жүретін ер. Еңбектен қашпайтын, жалқауланып жатпайтын, елінің молшылыққа, құтқа жетуі үшін аянбай тер төгетін азамат

Арсақ – арына сақ, қас сақтың нағыз тұқымы. Ойы найзағай, сөзі жасын. Ала жіпті аттамайтын, халқын жерге қаратпайтын ер.

Артек – арлы, текті елдің ұлы. Барлық тірлігі, сөйлеген сөзі, іс-әрекетінің барлығы асыл тектілігін көрсетіп тұрғандай. Арын сақтаған, тегін сатпаған нағыз қазақ

Елжалғас – артынан ерген іні-қарындастарынан ел жалғассын деген ырыммен тұңғышына қояды

Алданбас – ақылы мен сұңғылалығы сай. Өткір тілді, адамды бір қарап танитын, мәселені тереңінен білетін ер

Арұл – арлы ұл, арын сақтайды, арын ту қып ұстайды

Жаушақ – жауды жаңғақша шағатын, ақылы мен айласы, қайраты мен тәжірибесі мол ер. Елінің басына қандай қиын күн туса да, өзінің ақылы мен қайратының арқасында қияннан жол тауып отырады

Аршоқ – ары шоқтай жанған, жан-жанындағылар одан үлгі алып, артынан еретін ер. Елің отқа түс, күймейсің дегендегі нағыз көзсіз батыр

Аржал – жалынан ар ескен, арын жалындай жағып, жан-жанына сәуле шашатын ер. Ер ел үшін туады, ел үшін өледі деген мақалдағы ердің нағыз өзі