Өлі разы болмай, тірі байымас

Армысыз, қазақ елі! Эфирде Шадырман Шуылдақ. Бүгін 19 сәуір 2020 жыл. Осы уақытқа дейін 6 видео жарық көрген болатын. Халықтың қолдауына ие болды. Фейсбук желісінде де қолдап, тіпті, телефон шалып «Ойда жүрген мәселе» еді деп өз ықыластарын білдіріп жатқандар бар. Айналайын,халқым! Сіздерге үлкен алғыс!

Бұл пікірталас, ойбөліс болғандықтан, әрине, әркім өз пікірін білдіреді. Бірақ, әр нәрсенің өз тәртібі болады. Оны біреу біледі, біреу білмейді. Дегенмен, артық нәрсенің керегі жоқ деп ойлаймын. Әр нәрсе уақыт өте өз орнына келеді. Сонтықтан, бір-біріміздің көңілімізді қалдырмай, ой-санамызды өшірмесек – әрқашанда тура жолда боламыз деген менің жеке пікірім. Айтылған, айтылатын нәрсенің бәрі менің ойым. Ол мәселені өздеріңіз көріп, таразылап, содан кейін пікір жазуларыңызды сұраймын. Бір-бірімізге серік, бауыр болайық, бір-бірімізді ешқашан да көкіректен итермейік.

Өлі разы болмай, тірі байымас

 

«Сіз жаназа намазында қайтесіз?» деген сұрақ болады.  Мысалы, сіз ертең қайтыс боласыз, мұсылмандықтан шықтыңыз. Жаназаңыз не болады? Балаңыз молдаға барып «Молдеке, әкемнің жаназасын шығарып беріңіз» деп сұрағанда, молда «Жоқ, әкең кәпір болған. Керек болса, мұсылман қабіріне қойдырмаймын. Жаназа шығарылмайды» деп жауап берсе қайтесің, қысқасы, молданың алдына барып сүмірейесің деп айтып жатады. Ол – ашық қорқыту, ашық бопсалау.

Менің түсінігімде ол былай: армен, ой-сана, ожданмен жүретін адам болса, ақ матаға ора, көк матаға ора, шомылдыр, не шомылдырма, жаназа шығар, болмаса шығарма – онда тұрған ешқандай айырмашылық жоқ. Бұл дүниеде адам ретінде өткен болса, ана дүниеде де маңдайы жарық, Тәңір жарылқайтын адам болады. Мына дүниеде ой-сананы қолданбай, ар-ожданды аттап жүрген адам болса, оны сіз ақ мата түгілі, алтын матаға ораңыз, жай сумен емес зәмзәм суымен шомылдырыңыз, басына Құран кітапты қойып жерлеңіз – не пайда? Мәселенің барлығы адамның өзіне байланысты.

Мысалы, тарихымызда қаншама қырғын соғыстар болды. Қазақтың елін, жерін сақтаймыз деп қаншама боздақтарымыз қыршынынан қиылды. Ресейде, Польша жерінде, Украина, Белоруссияда, Германияда сияқты жат топырақта қанша жазтарымыз өмірмен қоштасты.  Кім олардың жаназасын шығарды, кім шомылдырды, кім кебіндеді? Мен өзімді оларда әулиемін деп ойламаймын. Сондықтан, жаназаң шықпай қалады, Алланың бәлекеті басыңа келеді дегеннің барлығы бопсалау деп ойлаймын. Даналық иесі бопсалауға бармайды.  

Баламыз сабақты жақсы оқымаса, соған шыдам жетпей, басынан бір ұрып «Неге жақсы оқымайсың?» деп ұрсамыз. Шын мәнінде, ол баланы басқаша қызықтырып, көзін ашып, ойын арқылы, өмірден мысал арқылы немесе басқа арқылы ұрмай-соқпай оқытуға болады. Оның жолы бар. Бірақ, біз «Ұрмасам түсінбейді» деп ойлаймыз. Ол біздің пенделік ойымыз. Адам басқа жолын таппаған соң – бопсалауға көшеді. Ал бопсалау – ақыл-ой, парасаттың төмендігін білдіреді. Сондықтан, Құдай адамға өзінің кереметтілігін, ұлылығын тозақ отына жағу арқылы көрсетеді дегенге келіспеймін. Құдай әр адамның сана-сезіміне байланысты мысал келтіре отырып, өмірді үйретеді дегенге сенемін.

 

Қазақ «Жүре берсең – көре бересің, көре берсең – көне бересің» дейді. Жақсы сөзді түсінбейтін небір тентектер болады. «Мен мықтымын. Кез-келгеннің мұрнын бет қыламын» деп жүргенде, өз баласы өзінің тұмсығын бұзады. Жаратқан Иеміз оған небір жолдармен түсіндіріп қойдырғысы келсе де, ол ұқпады. Соңында, өз баласы арқылы ұқтыруды жөн көрді. Жаратқан Иеміздің данышпандығы, кемеңгерлігі, ұлылығы деген – өте терең дүние. Оны суреттеу үшін терең деген сөздің өзі жетпейді. Бұлар келіп «Жаратқан Иеміз сені отқа тастайды, азаптайды» деп адасады. Жаратқанның адамды адам қылатын одан да тиімді тәсілдері бар. Жаназаңды шығармай қоямыз дейтіндердің құрақтарына алтын сырға – шығармасаңыздар шығармай-ақ қойыңыздар.

Өлі разы болмай, тірі байымас

Екіншісі, Құран бағыштау. Біз атам заманнан мұсылманбыз деп келе жатырмыз.  Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Өлімізді разы қылмасақ, өлілерімізді атап садақа бермесек, қағбаға барғанда өлі ата-әже, ағайын-туыстың рухтарына құран бағыштап, садақа тастамасақ, олар бізге қалай разы болады? Өткенімізді ұмытып кетсек, өткендеріміздің аманатына қиянат болмайды ма? Өткендерімізге Құран бағыштамаса, жеті шелпегімізді таратып, жұма сайын Құран бағыштап, жұма намаздан кейін бет сипап тұрмасақ, өткендеріміз бізге наразы болмайды ма? Онда біздің дүние тіршілігіміз құлдырап, артқа кетпейді ма? – деген ой түсінік бізде бар. Ол түсінік кешеге дейін менің өзімде де болды. Өйткені, одан басқа жол жоқ болып көрінді.

Мен сізге бір мысал айтайын, бір бауырымның анасы қайтыс болды. Сонда ол қойын сойып, құранын оқытып, садақасын беріп, Құдайы тамағын беріп, бәрін бір кісідей жасап отырды. Өзінің 300-ге тарта қойы бар. Қойын сояды, құрбан шалып, құран оқытады, оны мешітке, молдаға, көрші-қоланға таратады – садақа болсын, анама сауабы тисін деп. Сонда мен ойладым: оның 300 қойы бар, егер «Өлі разы болмай, тірі байымайтын болса», қойды сойып садақа бергеннен, Құдайы тамақ бергеннен, Құран оқытқаннан өлі разы болатын болса, неге екі қой соймасқа? Одан артық разы қылу үшін неге 3, 5, 10 қой соймасқа? Неге бір емес, 3,5 молдаға бір-бір қойдан беріп оқытпасқа? Неге 300 қойдың бәрін сойып, ауыл-аймаққа таратып жібермеске? Қазақ өлі разы болса, тірі бай болады деп отырған жоқ па? 300 қойыңды садақаға берсең ол 600 болмайды ма? - деген ой келді маған. Содан кейін барып мен түсіндім. Бұл сөздің мағынасы басқада жатыр. Садақа бері, құран оқыту деген емес.

 

Өлі разы болу үшін не істеу керек? Осыған қазір жауап іздейтін боламын.

Тарих қойнауына бір үнілейікші. Қазағымыз 1917 жылғы революцияның алдында бірнеше ғасыр Ресей империясына бодан болды. Татардың мұсылмандары бір жақтан, Бұқардан келген қожа молдалар екінші жақтан бізге ислам дінін таратты, енгізді. Өлі разы болу үшін оның атынан құрбан  шалып, дұға жасап, жеті шелпек тарату керек деді. Революцияға дейінгі ғасырларда біздің қазақ шынымен мұсылман болды. Сонда, сол әрекеттің бәрін жасағанда қазақ байып, күш-қуатына мініп, ғылым-білімі артып, халықтың қарны тойып, кедейшілік жойылып, сондай бір керемет болды ма? Болған жоқ қой. Соншама адамдар қажылыққа барып жатыр, садақа бері жатыр, айтылған нәрсенің бәрін істеп жатыр, бірақ ел байымай жатыр. Ары кетсе 1-2 адам байыған шығар, бірақ олар Ресейден келген генерал-губернатордың табанын жалайды. Рас па? Рас қой.  Генерал-губернатордың табанын қалай жалағанын «Біржан сал» фильмінен көре аласыз. Жалғыз сол кинода емес. Ондай шығармалар көп. Жарайды, өткен – өтті, кетті дейік.

Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде мұсылман дінін – ата дініміз деп келдік, оны ұстандық. Ә дегеннен қажылыққа бару басталды, мешіт салу басталды, ол мешітте 5 уақыт намаз оқу басталды. Садақа-ас, құрбан шалу, жұма сайын  құран оқыту – соңғы 30 жылда өте көбейді. Халқымыздың көпшілігі: Құранды көп оқып, садақаны көбірек берсек, ата-баба аруағы риза болып, тіршілігіміз оңалып, алға қарай басамыз деп ойлайды. Рас қой? Рас.

Енді еліміздегі корпаративті берешек, яғни фирма, компания,  екінші деңгейдегі банктер – барлығының шетелдік қаржы ұйымдарына қарызы – 150 млрд доллар. Оны мемлекет кепіл болып алған жоқ. Мемлекеттің қатысы жоқ. Бірақ, 150 млрд қарыздың ішіндегілердің қаншамасы адамдарды қажылыққа жіберіп, садақа беріп, ата-бабасына дұға бағыштатып жүр. Шетелге 150 млрд қарыз болып қалды. Еліміз қалай дамиды сонда? Қарыздың өзі түгілі, пайызының өзін қайтару қиын.  Соңғы дерек, бір айдың көлемінде Қазақстан еуро бонд, мемлекеттік облигацияларын шығарып, шетелден 3 млрд доллар қарыз алды. Біз садақа беріп жатырмыз, дұға бағыштап жатырмыз, бірақ тіршіігіміз оңалмай, қарыздың үстіне қарыз жамалып жатыр. Мүмкін бізге садақа ммен дұғадан басқа амал жасау керек шығар? Оны ойлаған адам бар ма?

Өлі разы болмай, тірі байымас

Мүмкін, тірі жанның өсіп-өркендеуі, дамуы мен баюының кілті басқа нәрседе жатқан шығар. Мысалы, құмыраға еккен гүліңіз күтімі жақсы болса біраз уақыттан кейін ұрық шашады, гүлдейді немесе тамыр арқылы өскін жаяды. Ұрпағын көбейтуге әрекет жасайды. Жәндіктер мен жан-жануарлар да көбеюге барынша әрекет жасайды. Ол жаратушы иеміздің оларға салып қойған программасы. Өзінің ұрпағы үшін кез-келген ана, кез-келген әке жанын беруге дайын тұрады. Бұл адамдардың 99 пайызына да тән. Дүниеге жаңа тіршілік иесін әкелетін аналық организм өзінің барын да, нәрін де болашақ ұрпақ үшін арнайды. Тіпті жұптасатын кезде, сыңарын таңдағанда, балықтар, құстар, жан-жануарлар болсын, еркектің күштісін, әдемісін, толыққандысын таңдайды. Дұрыс қой? Сол арқылы дүниеге сау, күшті ұрпақ әкеліп, тіршілігін жалғастырады. Дәл осы ерекшелік адам баласына да қатысты. Ер мен әйел бір-бірін таңдап, күшті ұрпақ қалдыруға тырысады. Тіпті, ұрпақ жасау барысында кедергі болмасын деп, гармондар ойлау қабілетінің бір бөлігін тоқтатып тастайды. Иә, ол рас. Не үшін? Ұрпақ жалғастыру үшін.

 

Мұсылмандықта да Мұхаммед Пайғамбар «Көбейіңдер. Сендердің көптіктеріңмен қияметте мен мақтанамын» деген екен. Бірақ, олар дүниелік нәрселерге мән бермейді. «Кәпірлерге осы дүниені беріп қойған, бізге тек арғы дүние. Осы дүниеге біз құлшылық етуге» келгенбіз дейді. Намаз, құран оқу, нәпіл намаз, нәпіл ораза, міне, ораза келе жатыр. Оның өзі адамның күш қуатын кемітіп, құлшылыққа толық салады. Ол кезде экономика да, басқа да баулап қалады.

Дүниеде көзге көрінетін, көрінбейтін заттар бар. Электр энергиясы, электр толқындары, радио толқындар,  жер астынан шығып жатқан қазба байлықтары, егіс, өнім, мал шаруашылығы – осының барлығын ғылым, білім, техника, технология арқылы жетілдіріп, соны қажетімізге пайдаланып, өмірімізді жеңілдетіп, ары қарай алып жүрген кезде бізге аруақ разы болады, біз бай боламыз, жағдайымыз жақсы болады. Неге? Өйткені, Жаратқан Иеміз жердің астына теміз, хром, никель, кадмий т.б. элементтерді салу арқылы бізге көптеген байлықтар мен мүмкіндіктер беріп отыр. Осының бәрін пайдалана отырып, физика, химия саласын, медицинаны дамыта отырып біз өз жағдайымызды жақсарта аламыз, жерді жұмаққа айналдырамыз. Сол арқылы Жаратқанның құдіретін танимыз. Ал құр босқа құлшылық қылғаннан адам бала өспейді, дамымайды. Кез-келген мұсылман елінің зымыран жасапты, болмаса бір телефон жасап шығарыпты дегенді естімейміз. Өйткені, олар оған мән бермейді, оның бәрі тәркі дүние, жалған деп ойлайды. Ол туралы хадистерде де жазылған.

Бағана айтқан бауырым 300 қойын садақаға берсе де, аруақ разы болып, байып кетпейтін еді. Бірақ өзінің бала-шағаның білім-ғылымына, тәрбиесіне, болашағына жұмсасаңыз, ертең ұрпағыңыз сізді дамытады, көгертеді, төрге шығарады, сізді абыройлы етеді. Ал өлі қашан разы болады? Сіз бала-шағаңызға тәрбие, білім, ғылым берген кезде бірінші Жаратқан, екінші ата-бабаңыз разы болады.

Біз электр толқындарының, химиялық элементтердің сырын ашқанда біз нені түсінеміз? Жаратқан Иеміздің қаншалықты ұлы екенін, бізге берген кеңшілігін түсінеміз. Оның жаратылысы ретінде өзіміздің шексіз алғысымызды білдіреміз.

 

Өлі разы болмай, тірі байымас

 

Ал Ислам Дінінде «Менің шексіз махаббатымды таныңдар. Танымасаңдар мен сендерді тозаққа саламын. Бақа-шаянға шақтырамын» деген сияқты қорқыту-үркітулер бар. Мен өзім, Жаратқан Иеміз адамды қорқыты, үркітіп, бопсалап бірдене істетеді дегенге сенбеймін. Ал, қызықтыра отырып, шыңға шығарады дегенге сенем.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: балаңызды ғылымға, білімге, өнерге, жақсы тәрбиеге баулып, балаңыз жақсы атқа ие болса, аруақ та разы, Алла да разы.

Құлшылық, дұға Аллаға керек емес. Он сегіз мың ғаламды, барлық байлықтарымен адамға берсе, оны бір шетке ысырып қой деп Жаратушымыз айтпайды. Оның барлығын бізге сыйлық қылып беріп отыр. Оның қадірі мен қасиетіне жете білуіміз керек. Қасиетіне жету арқылы, Жаратқанымызды кемелдене тани түсеміз, ұлылығын түсінеміз. Осыны барлығымыз түсінген кезде, еліміз көркейеді, дамиды. Менің мақсатым да осы.

Айналайын, елім! Арда болайық!

Comments powered by CComment

Әруақ-құдай жайлы тағы да бірер сөз

Әруақ-құдай жайлы бірер сөз - екінші бөлім

Әруақ құдай емес...

Осы жұрт арапша сөйлейтін құдайға табынып кетті

Write comment (0 Comments)

Әруақ жайлы бірер сөз

Әруақ жайлы бірер сөз

Армысыз Ағайын!

Әруақ деген не, немесе кім, әлде ол қандай ұғым?

Write comment (0 Comments)

✴ Қазақылық Идеологиясының бастауы

Қазақылық Идеологиясының бастауы

Идеологиялық бастама, әу бастағы құдай, тәңір, жаратушыны араптан алып, қазаққа қайтарудан бастау алуы тиіс

Write comment (0 Comments)

Уағыз тыңдау құлдық сана мен сорлылыққа жетелейді, еліңнің тарихы мен әдебиетін оқу, рухани тұрақтылыққа жетелейді

Өзгенің жетегінде кеткен сиырға ұқсамай, бөрілі байрақ көтерген бабаларыңды ойла

 

... әйтсе де, қазірге белгілі болғанындай, бүгінде бар-жоғы адамдардың 240 ұрпағының тарихы мәлім...