Еділ өзенінің орта ағысы мен Кама
өзенінің аралығында X - XIII ғасырларда Еділ Бұлғарлары атты түрік мемлекеті билік құрды.
Еділ Бұлғарлары X - XI ғасырларда Хазар қағандығымен аяусыз күрес жүргізіп, Киев Русімен, Бұхарамен, Бағдадпен жан-жақты мәмілегерлік байланыс орнатты.
921 жылы оның билеушісі Алмас Бұхара мен Бағдадқа арнайы өз елшілігін аттандырып, олармен Хазар қағандығына қарсы бірлескен достық одақ құруға ұмтылды.
921 жылы Еділ Бұлғарларына Бағдад халифі әл-Мұқтасилдың елшілігі келіп жетті. Сусан әр-Расси бастаған бұл елшіліктің құрамында ибн Фадлан да бар еді.
Еділ Бұлғарлары 922 жылы ислам дінін мемлекеттік дін етіп жариялады.
968 жылы оларға қарсы оғыздар Киев Русімен бірлесе отырып, соғыс жорығын ұйымдастырды. XI - XIII ғасырларда Еділ Бұлғарларындағы Биляр, Бұлғар, Сувар қалаларында қолөнер кәсібі жедел дамып, Киев Русімен, Византиямен, Араб халифатымен арадағы сауда-саттық қатынастары қызу жүргізілді.
Ол Киев Русінің Муром (1088), Суздаль (1107), Ярославль (1152) қалаларына шапқыншылықтар ұйымдастырды.
1236 - 1237 жылдары Бату әскерлерінің жасаған қуатты басқыншылық жорығы салдарынан Еділ Бұлғарлары көп ұзамай құлады.
1238 - 1241 жылдары елде Бату ханның үстемдігіне қарсы Баян мен Жик бастаған көтеріліс болды.
Бұл көтерілісті Батудың жазалаушы әскері қаталдықпен басып-жаншып, тұншықтырып тастады. Бату бұдан соң Еділ Бұлғарларын Алтын Орда мемлекетінің құрамына қосты.
Еділ Бұлғариясы қайткенде де Алтын Ордада ислам дінінің таралуына өзіндік ықпал жасады.