¥лы Түрік қағандығы ыдырап, оның екіге бөлінуі нәтижесінде пайда болған ерте ортағасырлық түркілер мемлекетінің бірі - Батыс Түрік қағандығы (603 - 704).
¥лы Түрік қағандығында саяси-әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісуі, оның дербестікке ұмтылған жеке бөліктерінде оқшаулану үрдісінің күшеюі Шығыс және Батыс қағандықтардың құрылуына алып келді.
Батыс Түрік қағандығының негізін Төремен қаған қалаған деген ғылыми дерек те бар. Оның аумағы Алтай, Сібір жерінен бастап, Әмудария мен Еділ өзендерінің төменгі ағысына дейінгі аралықты қамтыған.
Саяси ахуалдарға байланысты шекара өзгеріп тұрғанымен, Батыс Түрік қағандығының негізгі аумағы ежелгі үйсін жері, Жетісу өңірі болған.
Батыс Түрік қағандығының халқы
- «он оқ елі» (он оқ бодун)
- «бес арыс дулу»
- «бес тайпалы нушеби» деп те аталған.
Қағандықтың құрамына әр кезеңде қарлұқтар, Енисей қырғыздары, шығылдар (шігілдер), чомулдар (шөмекейлер), тухсилер, т.б. енді.
Түрік жазуы бар қыш кірпіш. Оңтүстік Қазақстан. VIII - IX ғғ.
***
Батыс Түрік қағандығының мемлекет басшысы - қаған жоғары билеуші әрі әскербасы саналды.
Ол мемлекеттің ішкі және сыртқы саяси істерінің бәріне басшылық етті, ру басшыларын тағайындады.
Қарапайым халық «қара бодун», ал әлеуметтік қүрылымның ең төменгі сатысының тәуелді тобы «тат» деп аталған.
«Татсыз түрік болмас, бассыз бөрік болмас» деген көне мәтелге қарағанда, түркі шонжарлары қарамағында таттар саны аз болмаған тәрізді.
Батыс Түрік қағандығында көшпелі мал шаруашылығы басым сала болды.
Сонымен бірге Іле, Шу, Талас өзендері бойында егін шаруашылығы дамыды
Ежелден егіншілікпен айналысқан Орталық Азия мен Шығыс Түркістан аймақтары да Батыс Түрік қағандығына қараған. ¥лы Жібек жолының Батыс Түрік қағандығын басып өтуі мүнда қалалық мәдениеттің өркендеуіне ықпал етті.
- Құлан
- Навакет
- Суяб
- Тараз
- Меркі
- Исфиджаб қалалары сауда, қолөнер орталықтары болды.
Қағандықтың халықаралық экономикалық және саяси байланыстар аясына тартылуына соғдылық көпестер үлкен рөл атқарды.
Жетісуда егіншілік мәдениеті, құрылыс өнері, түрлі қолөнер кеңінен дамыды. Түркілер теңге соғуды меңгерді.
Теңгелер түркі қағандары атынан соғылғанмен, оның сөздері соғды тілінде жазылды.
Батыс Түрік қағандығында жазба мәдениеті дамып, әдеби дәстүр қалыптасты.
***
Оның халқы
- Көк Тәңіріне
- ¥май Анаға
- Жер Анаға
- Су Анаға табынды.
***
Қағандыққа ¥лы Жібек жолы арқылы әлемдік діндерді уағыздаушылар келе бастады.
626 жылы қаған ордасына Үнді елінен будда дінін уағыздаушы Прабхакарамитра он шақты серігін ертіп келді.
627 жылы келген қытайлық будда ламасы Сюань Цзянь түрік қағанының будда діні жөніндегі көзқарасы туралы жазып қалдырған.
***
Сондай-ақ, бұл қағандықта
- зороастра
- несториан
- манихей діндерін жақтаушылар да кездесті.
***
Бұлардың қызметі халықты түрлі діндерге тартып, қағандықтың негізі - дәстүрлі діни наным-сенімді әлсіретуге, сол арқылы мемлекетті ыдыратуға бағытталды.
Саяси тарихы
604 жылы телелер мен абарлар көтеріліс жасап, батыс түріктердің ханы Янсо тегін (Нили хан) өлгеннен кейін билік басында баласы Даман қалып, оған Нигу Чулохан деген лауазым беріледі.
Жанғар қаған шығыс түріктерін бөліп әкетеді. Жаңа хан таққа отырғызарда әлі жүре алмайтын бала еді.
Оны таққа отырғызып, өкімет билігін қолына алған дулу тайпалық одағы болатын.
Бала хан өзінің бағыныштыларының қолындағы ойыншыққа айналады.
***
Даманның тұсында қағандықтағы тайпалардың өзара қырқысы белең алады.
Оны Даманның өзі 605 жылы қағандықтағы телелерді талқандау арқылы бастап берген болатын
Таң императоры 610 жылы осындай алауыздық салдарынан билігі әлсірей бастаған Даманға бодан болуды ұсынады. Даман бодандықты қабылдауға ниет білдіре қоймайды.
612 жылы Шаштың билеушісі болып отырған Қара Шор Түріктің немересі Шегуй Даманға қарсы жорық жасап, әскерін талқандайды. Даман шығысқа қарай қашып, жолда қытайларға тұтқынға түседі.
Шегуй билігі тұсында қағандықтың ішкі жағдайы нығайып, сыртқы шиеленістер сейіледі. Шығыс шекара Алтайға дейін жеткізіліп, Соғдиана мен Тәрім аймағының бектері түгелдей Батыс Түрік қағандығының қол астына қайтадан жиналады.
Шегуйдің інісі Түн жабғу (Тон ябғу) қағанның билігі (618 - 627) қысқа уақытқа болса да, Батыс Түрік қағандығының гүлденген, жаңа жерлерді жаулап алған, үздіксіз және табысты жорықтар үшін тайпа күшін біріктірген әскери-тайпалық ақсүйектердің ықпалының тез өскен кезі еді.
619 жылы телелердің қос көсемі - кибилік Мохехан Гелен мен сеянтолық Ышбыр (Ишибо) өз еріктерімен бағынды.
Түн жабғу қағандықтың батысына қарай белсенді саясат жүргізіп, өзінің қысқы сарайын Шу өзені бойындағы ірі сауда мен қолөнер орталығы - Суябқа, ал жазғы ордасын Исфиджаб маңындағы (қазіргі Түркістан маңы) Мыңбұлаққа көшірді.
Түн жабғудың жаңа жорықтары нәтижесінде қағандық шекарасы Әмударияның жоғарғы ағысы мен Гиндукушқа дейін ұлғайды. Ол оңтүстікті (Тохарстанды) басқаруды өзінің баласы Тарду-шадқа берді.
625 жылы Түн жабғу Парсы еліне қарсы Византиямен келісім-шартқа отырады.
Ежелгі түріктердің тастағы суреттері. Оңтүстік Қазақстан, Ойжайлау тұрағы. VI - VIII ғғ.
Ираклий императордың Кавказға жасаған үш жорығына (627 - 628) қатысып, жаулап алған жерлерден Горе (Дербент) мен Тбилиси сияқты қалаларды қарамағына алады.
Түн жабғуға көмегі үшін Византия императоры өзінің қызы Евдокия ханшаны беруге уәде береді.
Түн жабғу тәуелді иеліктеріне қатаң саяси бақылау орнатады, Исфиджаб пен Шаштың солтүстігіндегі Оңтүстік Ауғанстан мен солтүстік-батыс Пәкістан аумағына дейінгі иеліктеріне алым-салық төлетеді.
Түн жабғу жергілікті билеушілермен байланысты нығайту үшін өзінің қыздарын оларға тұрмысқа беріп отырады.
Орталық Азияда өз ықпалын арттыру үшін Самарқанд билеушісімен осындай қарым-қатынас жасайды. 630 жылы түріктер Арменияға басып кіреді.
Бірақ қағандықтағы ішкі қайшылықтарға байланысты Кавказда көп тұрақтай алмай, кері қайтып кетеді.
Толассыз жүргізген жорықтар мен алым-салықтардың ауыртпалығына наразы болған халықтың бой көтерулерін сыртқы жаулар өз мүддесіне пайдаланып отырған.
Кейбір тайпалар Таң империясының қол астына өтіп кетеді. Таң империясы оларға барынша қолдау көрсетіп, басшыларына шен-шекпен, мансап беріп, әскери күшке айналдырып, қағандыққа қарсы жұмсайды.
Шығыс Түрік қағандығы Бесбалық қаласын басып алған соң, Ертіс бойындағы қарлұқтар, іле-шала дулулар орталық билікке қарсы көтеріліске шығады.
Түн жабғудың құдіреті мен байлығына сүйенген қатал билігі сарай маңындағылардың қарсылығын туғызады.
Ақырында, осы ахуалды пайдаланып, дулу тайпасын басқарған Түн жабғу қағанның ағасы Күл-баһадүр иеліктер арасындағы соғысты тоқтату керек деген желеумен Түн жабғуды өлтіріп, 630 жылы өзін Күл Елбілге (Куйлуг Сібірхан, Күйлі Сыбихан) қаған деп жариялайды.
Сібірханның Түн жабғуды өлтіруі жаңа өкіметке нушеби тайпаларын ғана емес, түріктердің өзін де қарсы қояды.
Жаңа үкімет Түн жабғу қаған жаулап алған жерлердің бәрінен айырылады. Кавказдың арғы жағынан кейін Гибинь мен Тохарстан бөлінеді, ал осы кезде Жоңғариядағы теле тайпалары көтеріліп, түріктерге қарсы соғыс бастайды.
Өз жағдайын білген Сібірхан, тым болмаса бір одақтасы болсын деп, Болгарияның бөлініп кеткенін мойындайды.
Халық қолында заңы мен ақшасы бар бәсекелес нушебиліктер жағына шығып кете береді.
Сібірхан Алтай тауларына қашқанымен, 631 жылы нушебилер оны қуып жетіп өлтіріп, таққа Ірбіс Болын жабғыхан отырады.
Оның Сеянтоны бағындырып, қағандықтың бұрынғы шекарасын қалпына келтіруге бағытталған әрекеті толық жеңіліспен аяқталады.
Қол астындағы көптеген адамдары қаша бастайды. Ол Балхты барып қамайды да, соғыстың бірінші күнінде-ақ қаза тауып, әскері тарап кетеді.
Таққа Нишу Дулыхан (631 - 634) отырады. Қытайлармен келіссөзде оның тым көнбіс болып кеткені сондай, өзгелерге өз еркімен бағынған сияқты көрінеді.
Ол 634 жылы қайтыс болған соң, тақты нушебилердің қолдауына сүйенген інісі Ышбара Елтеріс Шир (Ышбар Төлісшад) (634 - 638) иеленеді.
Ол «он оқ» әскери-әкімшілік жүйесін жаңғыртып, ілгері дамытуға күш салады. Оның жүргізген жаңа реформалары тайпа көсемдерін (еркіндер мен шорлар) тікелей қағанның өзіне тәуелді болуға мәжбүр етеді.
Сонымен бірге әр тайпаны бақылап-басқаруға өз руынан шыққан шадтарды ғана жібереді. Мұның өзі тайпа көсемдерінің билігін қатты шеқтеп тастайды.
Алайда Ышбара Елтеріс Ширдің әскери-саяси диктатурасы тайпаларды толық бағындыруға келгенде әлсіз болып шығады.
638 жылы дулу тайпасы өздеріне келген Юйгуді (Үкі) қаған етіп сайлады.
Бұл дулу мен нушебилер арасында қантөгіс соғыстың басталуына себеп болды. Осыдан кейін қағандық екіге бөлініп, Іле өзенінің екі жағына орналасты.
Осы жылы Ышбара қағанға қастандық жасалып, ол Ферғанаға барып бас сауғалайды. Нушебилер марқұм Елкүліг - шад Ірбісханның баласын хан еткенімен, бір жылдан кейін оның дүние салуына байланысты немере інісі Баһадүр қаған тағына отырады.
Ол Ірбіс Ышбара жабғыхан лауазымына ие болып, елдің ішін біраз ретке келтіреді.
Дулу тайпалары қоныстанған Шу мен Іле аралығына өзінің көшпелі астанасын орнатып, оны «Оңтүстік орда» деп атайды.
Қытай императоры Тайцзун оны заңды қаған деп танып, бітім жасайды. 641 жылы ол тұтқынға түсіп, жазаланады.
Осы кезде Юйгу елді біріктірмек болады, сол жылы оның билігі Іле өзенінен бастап Сібір тайгасына дейінгі аймақты қамтиды.
Оған Жоңғариядағы басмылдар мен Алтайдағы қыпшақтар, Минусин ойпатындағы қырғыздар мен Енисейдегі бомдар, оңтүстік Тарбағатайдағы шұмығұндар бағынады.
Нушеби тайпалары ханынан айырылса да, күресті табандылықпен жалғастыра береді.
Юйгу өзі қол бастап, бүкіл елді көктей басып өтіп, Тохарстанды бағындырады.
Бірақ батыстағы соғдылар мен шығыстағы Ыстықкөл маңындағы тұрғындар оған бағынбайды.
Юйгу дулу тайпаларының көсемдерімен келісімге келе алмай, сол кезде бұрқ ете түскен дулулардың көтерілісін басу қолынан келмей қалады.
Қарулас серіктері өзін тастап қашып кеткесін, қасындағы азғантай жасағы нушебилердің шабуылына ұшырап жеңіліп қалып, амалсыздан Байшынқу өңіріне (Исфиджаб, Шымкент қаласының шығысында) барып жасырынады.
Осы жерде нушебилердің әскерін талқандағанымен, өзіне ашық қарсылық білдірген елде қалуға болмайтынын түсініп, ол жасағының қалғанымен Тохарстанға кетеді.
Нушебилер Ышбар Төлісшадтың немересі Ірбіс Шегуй - ханды таққа отырғызады.
Ірбіс Шегуй - хан 646 жылы арадағы одақты нығайту мақсатымен Таң әулетінен шыққан ханшайыммен некелесу үшін Чаньанға елші жібереді.
***
Бірақ император ханшайым үшін бес қаланы сұратады.
***
Бұған ызаланған Ірбіс Шегуйхан келіссөзді тоқтатып, одақты бұзады.
Шегуй қағанды 651 жылы оның қарсыласы Ашина Хэлу жеңіп, Батыс Түрік қағандығының бас қағаны болады (Бөрішадтың баласы, 648 жылы Таң империясына қашып кеткен).
Ол өзін Ышбарахан деп жариялап, Мыңбұлаққа ордасын тігеді.
652 жылы Таң патшасы Тайцзун ұйғыр әскерлерімен бірге Ашина Хэлуге қарсы жорық жасайды. 653 жылы қытайлықтар қайтадан Бесбалықты басып алады.
657 жылы Іле өзені бойында қытай әскері оны түбегейлі жеңеді.
Ашина Хэлуді Ташкентке қашып барған жерінен жергілікті тұрғындар Таң патшасына ұстап береді.
Сөйтіп, Батыс Түрік қағандығының Таң патшалығына қарсы күресі сәтсіз аяқталады. Қағандық ендігі жерде бір бүтін мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатады.
Батыс қағандықтың Ашина Хэлу (Ышбара) қағанға тәуелді болып келген он оқ аймағы окруттер мен уездерге бөлініп, екі губернаторлыққа бірігеді.
Суяб өзенінің батысында Миңши басқақтығын және Бесбалықта Куньлин басқақтығын құрады. Миңши басқақтығы, негізінен, бес нушебилерді басқаратын болады.
Таң билеушісі олардың арасынан Ашин Бучженьді (Буяжен) басқақ етіп тағайындап (657), оған «оң қанат тай санғұн» деген лауазым береді.
Кейін Таң билеушілері Ашин Бучжень мен Бесбалықтағы Куньлин басқағы Ашина Мижелінің арасындағы кикілжіңді пайдалануға күш салады.
666 жылы Ашин Бучжень қайтыс болады. Ол өлгеннен кейін балалары Ашина Хусиньло, Ашина Хуайдао және Ашина Циндер таққа отырады.
Бірақ бүл кезде түркі жұрты әлсіреп, бірте-бірте түркештердің қол астына өтіп жатты.
Ал, Куньлин басқақтығының билігі Ашина Мижеліге беріледі (657 - 662). Таң билеушісі оған «сол қанат тай санғұн» деген лауазым береді.
662 жылы Таң мансаптысы Су Хайяжен Күшарға (Шығыс Түркістандағы қала) жорық жасаған кезде Ашина Мижеліні және Ашииа Буяженді өз әскерімен бірге ертіп жүреді.
Ашина Буяжен Су Хайяжэнға Ашииа Мижеліні ғайбаттап, оның Таң патшалығы билігіне қарсы екендігін сездіреді.
Содан кейін Су Хайяжэи Мижеліні өлтіреді (662). Батыс Түрік қағандығының соңғы 23-қағаны Синь (Ашина Синь) 704 жылы Құлан қаласында түркештердің басшысы Үшлік (Учжилэ, Үшелік) қолынан қаза табады.
704 жылы Батыс Түрік қағандығының орнына Түркеш қағандығы құрылады.