Ойды тазартқан адам. Айнала қоршаған ортадан жинақталған ақпаратты жібере білген. Сана жұмысына кедергі келтіретін ақпараттық шуды ысырып қоя алатын.
Мына әлемге жаңадан келіп, бәрін жаңадан қайта қабылдап, өз елегінен өткізе білген адамды айтамыз.
Өткен өмірдің тәжірибесі мен ағымдағы шуды елемеу Арқаманға не береді?
Түпсанаға негізделген жалғыз дұрыс шешімді ұстап қалуға мүмкіндік береді.
Адамға түпсанасы (әруақ құдайы немесе әруақ әлемі) өмірлік жолда ауытқымай, дұрыс жолмен жүруге үнемі инстинктивті түрде сигналдар беріп отырады.
Өмірлік тәжірибе, ақыл, таразылау, саралау... мұның бәрі керек дүние. Алайда олар, Түпсананың берген жауабының дұрыстығына көз жеткізу үшін ғана қажет.
Ал біздің жинаған тәжірибеміз бен алған тәрбиеміз, көбіне-көп ақыл мен өмірлік тәжірибені түпсананы тұншықтыруға қолданылады...
Соның әсерінен, кесетін жерді кесе алмай, бұрылатын жерде бұрыла алмай, терең шешімдер емес, күнделікті прагматикалық шешімдерден әрі аса алмай жатамыз.
Ол шешімдер от басы, ошақ қасының мүддесі үшін тиімді, дұрыс, ыңғайлы көрініп жататыны бар енді...
Алайда, Өмірлік Ағым біз ойлағаннан тереңірек, біздің санамыздың қабылдауынан әлдеқайда ауқымды.
Біздің прагматикалық деген шешімдеріміз жақын өміріміздегі құбылыстар мен жағдаяттарға ыңғайлы болғанымен, стратегиялық көзқараста ұтылу болып табылады.
Ұзаққа бармай-ақ қояйық...
Мысал:
Сыртқы есікті құлыптап жүру, прагматикалық тұрғыдан дұрыс-ақ. Өз мүлкіңді бөгделерден қорғау мақсатында.
Алайда Арқамандықта менің мүлкім деген ұғым жоқ. Сенің жиған-тергенің елдің қазынасы, елдің несібесі. Мұқтаж жандар алып пайдалана береді.
Бұл ағыл-тегіл шашылып жататын дүние болады деген емес. Арқаманның дүние байлығына алданбайтынының бір көрінісі ғана...
***
Жалғасы бар.
