Ата-баба әруағына салауат құраны. Әр бейсенбіде май иісін шығарып, дәметкен әруақтарға тие берсін деп оқылады.
Көне ұғым бойынша, ата-баба, апа-әжелеріміздің әруағы әр бейсенбіде келіп, ұрпақтарынан иіс, дәм мен құран дәметеді.
***
Бұл жердегі менің ата-бабам мен апа-әжелерімнің есімдерінің орнына өздеріңіздікін қойып оқи аласыздар. Әрине, мұнан да өзгеше,
өз ата-бабаларыңыздың аты-жөндерін жазып, ол кісілердің өмір жолын, ерліктерін, тектілігін мақтап-мадақтап, ерекше етіп оқи аласыздар.
***
Дулы (Дулат) деген елден болдым
Түркібасы жерде тудым
Сан сынақтан өтіп келген, ата-баба жолын көрдім
Мен жоқ едім, бар болдым
О әруақ, өйткені сен жар болдың
Сарыүйсіндер нағашым
Қиналғанда ауырлықты көтерген
Атан түйе нар болдың!
Әруақ-құдай жар болдың
Қастарымды тұқырттың
Достарымды марқайттың
Тар жол тайғақ кешуде
Әруақ-құдай жар болдың!
Адасқанда жөн сілтеп
Құлағанда сен демеп,
Қысқа жіпті күрметіп,
О Ұлы Рух, бола көрші сен Медет!
Ұлы есімдеріңді мадақтап
Салауат айттым арқам қозып, тақпақтап.
Қасаболат, Байгелді, Кемпірбек, Құнантай, Медеу, Жүніс, Шадырман, Масақбай, Кенжебек, Мүсірәлі, Өмірәлі аталарымның, Шералы ағамның
Әруағына салауат пен мадақ!
Нағашы аталарым Қалыбай, Ілес, Салыбай аталарымның, Мұхаммедәлі нағашымның әруағына салауат пен мадақ!
Әжелерім Күлсін, Тәжікүл, Арзықан, Пернеқыз, Алтынкүл, Мәдина апамның әруағына салауат пен мадақ!
Қайын апам Маржанның, қайынағам Серік пен Ғалымжанның, жеңгеміз Айбаланың әруағына салауат пен мадақ
***
О ата-баба әруағы,
Бізге даңғыл жол бердің,
Дүние есігін ашқызып
Ақ-қараны таныттың
Ел үшін келдің,
Ел үшін кеттің
Мейірім, мәрхаматың шексіз.
Ишара қылдың, аян бердің
Көкірек көзімізді аштың.
Аш едік тойындырдың
Жалғыз едік жар бердің
Тамырымызға нәр бердің
Қабыл ал, сансыз салауат айтам
Мыңдап мадақ...
Есімдерің самғай берсін
Шежіреңді жалғау, бізге аманат!
Әумин деп бата қайырам
Майдың иісі әруақтарға тие берсін
Тағамның дәмі-қуаты дәметкен әруақтарға тие берсін
Рухы шат болып, даңқы артсын
Ұрпағын желеп-жебеп жүре берсін
Мың бір бәле, жүз бір жаладан қорғасын
Мысымыз басып, әруағымыз ассын
Мойны жуандағанның мойнын идірсін
Шалқақтағанның тізесін бүктірсін
***
Оқыған салауат, құранымызды қабыл етсін
Ниетімізді оң, мұратымызды асыл етсін
Ел үшін туып, ел үшін өлетін ұлдар аман болсын!
Ердің басына бақ боп біткен қыздар аман болсын!
Ел аман, жұрт тыныш боп, Әруақ-құдай жар болсын!
