Орталық Азияда (IV ғасырдың соңы) және Шығыс Еуропада (VI ғасыр) өмір сүрген, түркі тілдес тайпалардан құралған Авар қағандығы болған.
Мемлекетті қаған басқарды.
V ғасырда қағандық екі бірлестікке бөлінді. Батыс қағандықтың билеушісі Шэлуньнің ордасы Моңғолиядағы Халха өзенінің бойында орналасты. Әскери-әкімшілік реформалар, сәтті жасалған жорықтар арқылы ол өз мемлекетінің жерін едәуір ұлғайтып алды.
Авар қағандығы Орталық Азия мемлекеттері қатарынан берік орын алды. Мемлекет 552 жылы бұрын аварларға бағынышты болып келген көне түркілердің тегеурінді қысым жасауы арқылы құлатылды. Авар тайпаларының бір бөлігі - Корея мен Солтүстік Қытайға, екінші бөлігі Батысқа қарай ығысты.
Батысқа ауған авар тайпалары қазіргі Қазақстан, Еділ бойы, Солтүстік Кавказды мекендеген ғұн тайпаларымен қосылып, Византия шекарасына қарай алға жылжыды.
558 жылы олардың Кандих бастаған алғашқы мемлекет елшілігі Византияға келіп, оған өздерімен әскери одақтас болуды ұсынды және осында жайласып қалып, қоныстануға жер сұрады.
Византия болса, өзінің түпкі мақсатын көздеп, аварларды кутригурлар мен шығыс славяндарға қарсы айдап салып, соғысқа пайдаланды.
567 жылы аварлар лангобардтармен бірлесіп, герман тайпаларының тоз-тозын шығарды және Дунай жазығындағы, Паннониядағы жерлерді иемденді.
Онда VI ғасырдың 60 жылдарында Авар қағандығы - Орта Азия көшпелілерінің мемлекеттік бірлестігі құрылды. Оны көрнекті қолбасшы Баян хан басқарды.
Қағандықтың орталығы Паннония шаһары болды. Осы жерден аварлар франктарға, лангобардтарға, славяндарға, Византияға әскери жорықтар жасады.
Олар Эльбадан Кавказға, Доннан Адриатикаға дейінгі жерлерге белсенді түрде саяси ықпал жүргізіп отырды.
VI ғасырдың 70 жылдарынан бастап аварлар күшейіп алып, енді Византияның өзін салық төлеп тұруға мәжбүр етті. Қаған әскерлері көп қиындықсыз-ақ Константинопольге дейін жетті.
Алайда, осыған қарамастан, 626 жылы аварлардың негізгі күші Константинополь түбінде жеңіліске ұшырады.
VII ғасырдың орта шенінде аварлар Солтүстік Қара теңіз маңынан аулаққа ығыстырылды. Паннониядағы билігі 680 жылы Дунайда Бұлғар қағандығының құрылуына байланысты бірте-бірте өрісі тарылып, шектеле бастады.
VIII ғасырдың 90 жылдарында Аварлар қағандығы ¥лы Карл бастаған франктардан ойсырай жеңілді, 796 жылы олардың басты бекіністері талқандалды.
Франктер аварларды өздеріне осылайша бағындырды.
Аварлар Батыс Қара теңіз аймағы мен Дунай бойы халықтарына сіңісіп кетті.