IX ғасырдың соңы - XI ғасырдың басында Шығыс және Орталық Қазақстан жерінде Қимақ қағандығы өмір сүрді, ол Ертістің орта алабында орналасты.
Қимақтар VII ғасырда Алтайдың солтүстігіне, Ертіс жағалауына жайғасып, Батыс Түрік қағандығының құрамына кірген. VIII ғасырда Ертістің орта ағысын мекендеген.
IX ғасырдың алғашқы жартысынан бастап олар Жетісудың солтүстік-батысындағы Алакөл аймағына көшіп келіп, қоныстана бастады.
Олардың батыс шекарасы Оңтүстік Оралдың шығыс бөлігі мен Арал теңізі жағалауларына дейін созылып жатты.
X ғасырдың орта кезінде қимақтар шығыстан батысқа қарай ойысты. Олар Оңтүстік Орал тауларының оңтүстік және оңтүстік-батыс бөктерінде, Каспий жағалауында тіршілік етіп, көшіп-қонып жүрді.
X ғасырдың соңына таман қимақтардың бір тобы Сырдария жағалауына қарай ілгері жылжып, Түркістанның мұсылман жүрты көптеп шоғырланған аймақтарымен араласты.
Қимақ-қыпшақ жауынгерлері. VIII - IX гг.
Қ.С. Ахметжановтың “Жараған темір кигендер” кітабынан
XI ғасырда Орталық Азия тайпаларының батысқа қарай үдере көшуі нәтижесінде қимақтардың орналасу аймағы өзгерді. Тарих білгірі Махмүт Қашқаридың имақтар (қимақтар) туралы деректері (XI ғасыр) осы уақытқа келіп саяды.
«Диуани лұғат ат-Түркте» берілген картада имақтар өздері біртұтас жеке топ болып тұрғандығы Ертістің жағалауындағы жерлерде ғана көрсетілген.
656 жылы Батыс Түрік қағандығы өз алдына дербес бөлініп шықты.
840 жылы ¥йғыр қағандығы тарап, ыдырағаннан кейін оның құрамында болып келген
- эймур
- баяндұр
- татар тайпалары енді қимақтарға келіп қосылды.
Қимақ тайпалары бірлестігінің қалыптасу кезеңі, негізінен, осы кезге сай келеді.
Тарихшы Гардизидің баяндауынша, қимақтардың тайпалық одағы алғашында жеті тайпадан:
- эймур
- қыпшақ
- ланиказ
- ажлад
- баяндұр
- қыпшақ
- татар тайпаларынан құрылған.
Олардың билеушісі жабғу деп аталған.
Шамамен, IX ғасырдың ортасы мен соңында қимақтар оғыз көсемдеріне қаңғар-печенег тайпалары мекендеген Сырдария алқабы мен Арал теңізі жағалауларын жаулап алуға қол ұшын береді.
Сонымен бірге олар тоғыз-оғыз және Енисейдегі Қырғыз мемлекетіне қарсы бағытталған әскери жорыққа шығып, VIII - IX ғасырлардың екінші жартысындағы Орталық Ертіс бойынан Жоңғар қақпасына дейінгі аймаққа жетіп, тас-түйін бекініп алады.
Сөйтіп, Қимақ қағандығының құрылуына осылайша қадам жасалады.
Қағандық туралы алғашқы мәліметтер IX ғасырдың соңы мен X ғасырдың бас кезіндегі араб тілдерінде жарық көрген тарихи-географиялық шығармаларда кездеседі.
«Түркістан мен түріктер, - деп жазады әл-Йакуби (IX ғасыр) - бірнеше халықтар мен мемлекетке бөлінді, оның ішінде қарлұқтар, тоғыз-оғыздар, қимақтар және оғыздар бар еді. Түркілердің әр тайпасы жеке мемлекет болды және бір-бірімен соғысып тұрды».
Қимақ қағандығы құрылған күннен бастап олардың патшалары ең жоғарғы түркі лауазымымен хакан (немесе қаған) деп аталды.
Ол жабғу лауазымынан екі дәреже жоғары тұрған атақ болып саналатын. Мемлекетті басқару үлестік-тайпалық құрылым сипатына негізделіп алынды.
Елді ата-баба салтымен қаған мен оның аймақтарындағы он бір мұрагері биледі. Ел билеушілері бір жағынан әскери көсемдер болып белгіленіп, хаканнан өзіне тиісінше қажетті үлес алды.
Әрбір иелік сыртқы жаулардан қорғану үшін өз ұлыстарынан хаканға әскер жинап беріп отырды.
Бұл мемлекетте салық жинау ісі жолға қойылып, халық көне түркі жазуын пайдаланды. Қимақтар күнделікті тұрмыста мал бағумен айналысқан.
Олар мұнымен қатар егін шаруашылығымен де шұғылданды, балық аулады, тайганың ну ормандарынан олжалаған жан-жануарлардан қымбат аң терілерін дайындады.
Қимақтарда ісмерлік, қолөнер де дамыды, олар мата тоқып, киім тікті, әсемдік бұйымдар шығарды. Кен жыныстарынан темір, күміс, алтын өндіріп, металл құйды.
IX - XI ғасырлардағы араб-парсы жылнамашылары өз еңбектерінде отырықшы қимақтардың өздері тұратын тұрақты мекендері болғанын жазады.
Әл-Идрисидің XII ғасырдағы келтірген дерегіне қарағанда, олардың өзендер мен көлдер жағасында, таулы аудандарда, пайдалы қазба байлықтары мол өңірлерде салынған 16 қаласы болғаны анықталып отыр.
Олардың көпшілігі сауда жолдарына жақын орналасқан еді.
Әл-Идриси қимақтар хаканының Ертіс өзенінің жағасындағы астанасы
Қимақия (Имақия) қаласы мықты қорғанмен берік қоршалғанын суреттеп жазады.
IX - XI ғасырларда қимақтар арасында ежелгі түркі діни сенім- нанымының ескілікті қалдықтары кеңінен өріс алды, онда Тәңір мен әруаққа сенушілік сипаты басым болды.
Сонымен қатар, олардың арасында түркі халықтарына сіңісе бастаған бақсылық та дәстүрге айналды. Қимақ тайпалары мекендеген бұл аймақтарда нақыш-өрнектермен және суреттермен бедерленген тас мүсіндер қою салты қанат жайды, олар сол мүсіндерге сыйынып-табынды.
Қимақтар әлеуметтік және мәдени өмір салты жағынан VI - VIII ғасырларда ежелгі түркілер өмірінде қалыптасқан бұрынғы дәстүрлерді ұстанып, оларды одан әрі байытып, дамытты.
XI ғасырдың басында қимақтардың орнына енді жаңадан ұлыстық бірлестік болып нығайған қыпшақ тайпалар бірлестігі келді.