Жетісу аймағындағы өмір сүрген ежелгі түрік мемлекеттерінің бірі
- Түркеш қағандығы (қағанаты) (692 - 766). Оның негізін Батыс Түрік қағандығының сол қанатына (тұғлық) кірген түркеш тайпасы қалады.
Олар VI ғасырдан бастап Шу - Іле өзендері аралығын мекендеді. Сөйтіп, Жетісудағы осы өлкені басып өтетін керуен жолының негізгі бөлігін бақылауға алды.
Түркештердің алғашқы қағаны Үшлік (Үшжеле, 706 жылы қайтыс болған) мемлекетті басқаруды бір жүйеге келтіру мақсатында жаңаша әкімшілік реформаларды жүзеге асырды.
Түркеш қағанаты кезіндегі теңгелер
***
Қаған өзінің Шу өзенінің солтүстік-батысындағы бұрынғы ордасын Суяб қаласына көшіріп, оған Ұлы деген ат берді.
Күңгіт қаласына (Іле өзенінің бойы) Кіші Ордасын орналастырды.
Мұның өзі жаңа жүйеде құрылған қағандықты оң және сол қанаттарға топтап шығаруға мүмкіндік берді.
Бұл игілікті шаралар ақсүйек топтар арасындағы қырқысты бәрібір тоқтата алмады. Ақыры, ел басқару ісі берекесіздікке ұшырап, өкімет басына Сарытүркештер (астанасы - Суяб қаласы) мен Қаратүркештер (астанасы - Талас қаласы) келді.
Қаратүркештерге Сүлік қаған (738 жылы өлген) билік етті. Ол алғыр әрі алыстан болжайтын ел билеуші болғандықтан, Жетісу өңірінің белгілі саяси және әскери тұлғасына айналды.
Батыс Түрік, Шығыс Түрік қағандықтарымен және Тибет әміршілерімен бейбіт көршілік қарым-қатынас орнатты.
Сүлік қаған тұсында сауда өркендеп дамыды, теңге соғу ісі қолға алынды. Ертедегі Талас жазбаларының пайда болу кезеңі осы уақытқа дөп келеді.
738 жылы Сүлік қағанды Баға тархан бастаған астыртын топ қаскөйлікпен өлтірді. Оның бастаған ісін Істемі Құтлұғ Білге қаған, Теңгірі Ілміш қаған (753-756), ата Бұйла қаған (756 - 766) жалғастырды.
Сол кездегі ел өмірінде орын алған маңызды оқиғаның бірі - арабтардың шығысқа жасаған басқыншылық жорығын тоқтату еді.
Түркештер азатгық жолында оларға Талас бойында батыл тойтарыс берді.
Бұдан кейінгі өткен он жылда олар Алтай мен Іле қарлұқтары тарапынан қатты қысымға ұшырады.
Ақыры, саны мол қарлұқтар жеңіп, 766 жылы осында өздерінің мемлекеті - Қарлұқ қағандығын орнатты.
Оның астанасы оңтүстіктегі Суяб қаласы болды.