АрқамандықЕрқайысТоқшылық
Түрік қағанаты

Түріктер - ежелден Алтайды мекендеген жұрт. Ежелгі ғұндардың Ашина тайпасынан

құрылып, «түріктер» деген атау алған. Ашина тайпасы VI ғасырдың ортасына дейін жужандардың қол астында болады. Алайда 545 - 547 жылдары Бумын бастаған түрік тайпалар одағы Ұлы Түрік қағандығының негізін қалайды.

¥лы Түрік қағандығы батыста Днепрден шығыстағы Амурға, Солтүстікте Енисейден Тибет қыраттарына дейінгі аралықтағы орасан зор аймақты мекендейтін халықтарды біріктірген алғашқы ірі мемлекет болды.

Бумын 545 жылы алғаш рет қытайлармен жеке мәмілегерлік қатынас орнатады. Бұл дәуірде Солтүстік Қытай Шығыс Вэй және Батыс Вэй патшалықтарына бөлініп, өзара соғысып жатқан болатын. Шығыс Вэй империясы жужан және тоғон хандығымен одақтасып, Батыс Вэй империясын қатты қыспаққа алады. 

545 жылы Батыс Вэй достық қатынас жасау үшін түрік билеушісіне елшілік жібереді. Халқының ырқына көнген Бумын өздеріне билік ететін жужан ханының дұшпанымен қатынас орнатып, Батыс Вэй астанасы Чаньаньға елшілігін аттандырады. 

Сонымен қатар түріктер жужандарға темір қорытып беруді жалғастыра берді. Біртіндеп күшейіп алған Бумын 546 жылы өзінің қожайыны - жужан ханы Анахуанға қарсы соғысқан 50 мың түтін ұйғырларды талқандап, өзіне қосып алады. 

Осы жылы телеуіттердің жужандарға қарсы жорыққа шыққан 50 мың атты әскері Бумын әскеріне күтпеген жерден жолығып қалып, амалсыздан олардың қол астына өтеді. 

Көне түрік тайпаларының жауынгерлері. VII— VIII ғасыр. Қ.С. Ахметжановтың «Жараған темір кигендер» кітабынан

Көне түрік тайпаларының жауынгерлері. VII— VIII ғасыр. Қ.С. Ахметжановтың «Жараған темір кигендер» кітабынан


Енді ол жужандардан тәуелсіздік алу үшін соғыс бастауға сылтау іздейді. Анахуанға қызын өзіне беруді сұрап елші жібереді. Бұған жужан ханы қатты намыстанып, ашулы жауап қайтарады, бұл соғыстың басталуына таптырмас сылтау еді.


551 жылы Бумын қытайдың Батыс Вэй патшалығының ханшайымын алады, осы жылы Бумын «қаған» титулын иеленіп, түрік тайпаларын бір мемлекетке біріктіреді. 

Сол жылы қыста жорыққа аттанып, жужан хандығына күйрете соққы береді. Бумын «ильхан» («Елхан») лауазымын иеленеді, бірақ ол 552 жылдың аяғында қайтыс болады. 

Байырғы түрік бейнесі (қалпына келтірген М.М. Герасимов) 

Байырғы түрік бейнесі (қалпына келтірген М.М. Герасимов)


Тақты оның баласы Қара Ыссық қаған иеленді. Ол қарсыласуын тоқтатпай отырған жужандарды тағы да жеңеді. Көп ұзамай Қара Ыссық қаған қайтыс болып, 553 жылы таққа Бумынның баласы Мұқан қаған отырып, түрік бірлестігін империяға айналдырады.

Мұқан қаған жужандарман соғысты аяқтап, Сары теңізге дейін жетеді. 556 жылы қытай мен түріктердің біріккен әскері тоғондар еліне шапқыншылық жасайды. 

Ал оның інісі Естемір Орталық Азия, Жетісу және Хорезмді бағындырып, Арал теңізіне жетеді.

Көп ұзамай түріктерге хазарлардың қалдықтары, бұлғар-утурғуттар (Солтүстік Кавказда), қидандар (Маньчжурияда) және соғдылар бағынады. 

Осылайша Ұлы Түрік империясы құрылады

Бумынның інісі Істемі қаған (553 - 576) батыс жорығын басқарып, орасан үлкен аймақтарды жаулайды. Ол өзі кезінде оң ықпалды бектермен бірге ағасы Бумынның Жоңғарияға жасаған жорығына қатысқан. Ағасы өлген соң «жабғу» лауазымын иеленеді және Бумынның баласы Мұқан қағанның бұйрығымен қағандықтың батыс шекарасын күзетеді.

Түріктер бір жарым жылда бүкіл Орталық Қазақстанды, Жетісу мен Хорезмді бағындырады. Арал теңізінің теріскей бетінде олар хуни, уар мен огорлар тайпаларының қарсылығына ұшырайды. 

Тек 558 жылы ғана бұл тайпаларды талқандап, ал бағынғылары келмегендерін Еділге дейін қуып тастайды, Жайық өңіріндегі даланы өзіне бағындырған соң жорығын тоқтатады. 

Сөйтіп, Істемі қағанның Батысқа жорығы осылайша аяқталады.

Қағандық Ғұн империясынан көлемі жағынан ғана емес, экономикасы жағынан да күшті болды. Ол Қытайдың еуропа алтынына айырбастауға ағылған жібегін тасымалдайтын Жібек жолына бақылау орнатады.

Түріктер шығыс шекарада белсенді әрекет ете жүріп, батысқа жорықтар жасайды. Істемі қаған мен оның баласы Қара Шор Түрік тардушхан (575 - 603) билігімен түріктер батыста зор жеңістерге жетеді. 

Бірінші кезекте мәмілегерлік жетістіктерге қол жеткізеді. Істемі сасандық Иранмен одақ құрады. Бұл әулеттің ең
даңқтысы, патшалардың патшасы - Хосроу түрік ханшайымын әйелдікке алады.

Эфталиттер қағанның парсы шахин шахымен жасаған қарым-қатынасына кедергі жасамақ болып, Соғдиана арқылы өтіп бара жатқан елшілерін өлтіртеді. 

Тек біреуі ғана қашып құтылып, Естемір қағанға болған оқиғаны айтып барады. Эфталиттерге 562 жылы алдымен парсылар соққы береді. 

Ежелгі түріктердің бөрілі байрагы

Ежелгі түріктердің бөрілі байрагы

***

565 жылы түріктер эфталиттердің әскерін талқандап, жерлерін Иранмен бөлісіп алады. Иран Бактрияны, түріктер Соғдиананы иеленеді.

Түріктердің Соғдиананы қосып алып, даламен біріктіріп жіберуі сауда-саттық үшін өте қолайлы болды. Сондықтан соғды көпестері түрік хандарының адал бодандарына айналды. Сөйтіп, Орта Азия қағандықтың тұтас бөлшегі ретінде қалыптасты. 

Осы кезден бастап түріктер мен ирандықтардың арасында ортақ шекара пайда болды. Алғашқы кездерде шекарада тыныштық сақталды. 

Істемі сасандар патшасына Маниях бастаған соғдылық елшілерді жібереді, одан кейін 567 жылы Византиямен байланыс орната бастайды.

561 жылы Бэй-Чжоу мен Вэй-Ци императорларынан Мұқан қағанға ханшаны айттырған елшілер келеді. Мұқан қаған Бэй-Чжоу империясымен бұрынғы одақтастық шартын сақтап, 563 жылы Вэй-Ци мемлекетіне жорық жасайды. 

Бір жылдан соң жорықты тағы қайталайды. Бірақ одақтасы Бэй-Чжоу әскері талқандалып, Мұқан қаған кері қайтуға мәжбүр болады. 

Алайда бұл сәтсіздікке қарамастан, Мұқан қаған Вэй-Цимен одақ құру жөніндегі ұсынысты қабылдамай тастайды. Оның бір себебі - одақ жөніндегі шарт бойынша Чжоу империясы түріктерге 100 мың тең жібек матасын беріп тұратын.

572 жылы Мұқан қаған қайтыс болып, таққа оның мұрагер інісі Тобо қаған (Табар, Таспар қаған) отырады. Ол Чжоу империясымен қатынасын үзбей, Ци империясымен де бітімге келеді. 

***

Көктүрік қағанатының картасы

Көктүрік қағанатының картасы

Түріктердің жорығынан қорыққан Ци империясы бітім салығын төлеймін деп бүкіл қазынасын сарқиды. Осылайша енді түріктер жібекті әскери көмегі және тіпті тәуелсіздігі үшін төлеп отырған Қытайдың Бэй-Чжоу және Бэй-Ци патшалықтарынан алып отырды.

576 жылы чжоулықтар Ци империясын ойсырата жеңіп, Цзиньян қаласын басып алады. Түрік қағаны Бэй-Чжоу тым күшейіп кетпеуі үшін Ци империясына қолдау көрсетеді. 578 жылы Тобо қаған әскері Қытайға басып кіріп, чжоу әскерлерінің күл-талқанын шығарады. 

579 жылы басталған келіссөздер тоқтатылып, соғыс әрекеттері жалғаса береді, бұл орайда түріктер үнемі жеңістерге жетіп отырады.

580 жылы чжоулықтар бейбіт келісімге қол жеткізді. Ежелгі жылнамалардың бірінде Тобо қаған Қытайды түпкілікті күйретуді көздегендігі, бірақ император сарайы түріктерге жыл сайын 100 000 метр жібек мата, т.б. алым-салық төлеп тұруға келіскендігі жазылған. 

Оның аумағының үлғаюы көптеген реформаларды жүзеге асыруды талап етті. Солардың бірі - бірнеше ірі иеліктер қүру және қағандықты - Шығыс (төлестер) және Батыс (тардуштар) қағандық деп екіге бөлу еді.

Түріктерде отбасы және балалардың жебеушісі саналатын Ұмай ананың тасқа қашалган бейнесі. Оңтүстік Қазақстан
Түріктерде отбасы және балалардың жебеушісі саналатын Ұмай ананың тасқа қашалган бейнесі. Оңтүстік Қазақстан

***

Түрік қағандығы көршілес елдерді жаулап, иелігін ұлғайтып отырды. Иран мен Түрік қағандығының арасындағы соғыстың туындауына Естемір қағанды парсылық бағдардан византиялыққа қарай көндірген Манияхтың елшілігінің әрекеті себеп болды. 

Бірақ Хосроу тұсында ирандықтардың әскери қуаты өте күшті болғандықтан, түріктер шешуші шайқасқа шыға алмады.

Естемір қаған өлгеннен кейін Қара Шор 576 жылы батыстағы жоғарғы билік пен тардушхан лауазымын қабылдап, ең күшті басшылардың біріне айналды. 

Ол саяси жағдайларды бағалай отырып, Иранмен достықтан бас тартты, одан гөрі Византиямен қарым-қатынас орнатуды жөн көрді. Ол Иранға 584 жылы, одан кейін 588 және 590 жылдары жорықтар жасап, ақыры Тохарстанды басып алды. 

Түрік қағандығының күшейгені соншалық, ол өз билігін Моңғолияға, Түркістанға, Шығыс Түркістанның бір бөлігіне, Каспий теңізінің батыс жағалауына, Ауғанстанның солтүстігі мен шығысына жүргізіп, Үндістанға дейін жақындаған.

Қытайлар кейін пайда болған алып империядан қауіптеніп, одан іргелерін аулақ салғанды қалады. Бірақ өздеріне жужандардың қалдықтары пана іздеп барғанда, қағанның оларды қуу туралы талабына қарсы бола алмайды. 

Қашқындарды ¥лы Қорған түбінде талқандап, түріктерге ұстап береді. Осыдан кейін қытайлар өзінің соғысты мәмілегерлік ойындармен ұштастырған дәстүрлі сыртқы саясатына көшеді.

Сонымен, 546 - 582 жылдар аралығында жужандар, қидандар, қырғыздар бағындырылып, эфталиттер талқандалды. 

556 жылы Тогонға жасалған сәтті жорық бұл мемлекетті де түріктермен бірге болуға мәжбүр етті. 558 жылы түріктерге огорлар бағынды. 

60-шы жылдары Қытайға соғыс бастап, нәтижесінде екі солтүстік қытай мемлекеті - Ци мен Чжоу Түрік қағандығына салық төлеп тұратын болды. 

570 жылы Иранға жорық Жейхундағы шекараны тыныштандырды, ал 576 жылы түріктер Византиядан Боспорды тартып алып, 582 жылы Лазикке басып кірді. 

Бұл кезең Түрік қағандығының нағыз шырқау шегіне жеткен кезеңі еді.

¥лы Түрік қағандығының бөлінуі. 582 жылдан бастап шығыстағы орхондық түріктер мен батыстағы он оқ арасында алауыздық пайда болды. Біртіндеп екі арадағы бәсекелестік қарулы қақтығыстарға жалғасты. 

Алғашқыда шығыс және батыс түріктерінің арасындағы алауыздық әулеттік бақталастық сипатында көрінді.


581 жылы Тобо хан қайтыс болады. Ол өзінің орнына мұрагерлікке, еншілік-таспиқтық жүйенің мұрагерлік заңына сәйкес, ағасы Мұқан ханның баласы - Төремді (Төремен) қалдырады. 

«Шешесінің қарадан» шыққаны себепті оның түріктер арасындағы беделі төмен еді. Сондықтан ол тақты Әміраққа беруге мәжбүр болады. 

Ұмай және көне түріктер. Тасқа қашалған сурет. Таулы Алтай, VI— VIII ғғ.

Ұмай және көне түріктер. Тасқа қашалған сурет. Таулы Алтай, VI— VIII ғғ.

Бірақ көп ұзамай ол тақтан бас тартып, билік Шетудің қолына көшеді. Шету - Ел Күлік шад Баға Ышбарахан лауазымын қабылдайды. 

Қытайлықтар оны «Шаболио» деп атайды. Осылайша бірінші хан болып табылатын Шаболионың ордасы Өтукен тауының етегінде орналасады. 

Екінші хан - Қара Шор Түрік. Оның ордасы Ақта тауының баурайында болған. Әмірақ үшінші хан болып есептелген. 

Оның ордасы аңшылық құратын сайын далада Толы өзенінің жағасында орналасқан. 

Ал Төрем мемлекеттің теріскейдегі шет аймағынан еншілік және Абохан (Аға хан) лауазымын алады. Бұл төрт ірі ханнан басқа екінші дәрежелі хандар болған. 

Түрік қағандығы осылайша бөлшектенді. Осылардың ішінде ең үлкені және маңыздысы ұлы хандікі емес, Қара Шордікі болды (Жетісу).

Осы кезеңде қытай елшісі Чжан-сунь Шэн хандардың арасына араздық отын тастайды. 

Чжан-сунь Шэн Шаболионы Абоханмен, одан кейін басқа да ұпыстық хандармен араздастырады. 

Бұл Суй императорының негізгі мақсаты болатын, 583 жылы түріктер Қытайдан жеңіліс тапқан кезде Шаболио Қара Шорды жазаламақшы болады. 

Бірақ басқа хандар Қара Шорды қолдап шығып, Шаболионың тағы шайқала түседі. Осындай жағдайда Шаболио Суй империясының қол астына кіреді. 

Нәтижесінде, қытайлықтар көтерілісшілерді талқандауға көмектеседі. 

584 жылы Шаболио Қытаймен бітімге келіп, одақтасуды ұсынады. Осындай ұсыныспен Қара Шордан да елшілік келеді. 
Осылайша Суй империясы үстем болып шыға келеді, оның мұндай үстемдікке қол жеткізуіне батыс және шығыс түріктерінің арасындағы жауласушылық пен жібекке деген сұраныстың жоғары болуы әсер етті.

***
Шаболио қағанның өлімінен кейін, еншілік-таспиқтық жүйенің мұрагерлік заңы бойынша, тақты оның баласы емес, Чулохоу иеленіп, ағасының саясатын ұстанады. 

Ол Суй империясымен келісім жасап, өзінің бұрынғы досы Абоханға қарсы шығады. Абохан талқандалып, қаза тапқаннан кейін батыс пен шығыс бөліктердің арасындағы алауыздық күшейе түседі. 

587 - 588 жылдары Чулохоу қаған батыстағы Қара Шорға қарай аттанады. Шайқаста Чулохоу әскері талқандалып, езі қаза табады. 

Шығыс пен батыс арасындағы соғыс 593 жылға дейін жалғасқан.

Тақты мұралану дәстүрі бойынша билік құрған Шаболионың баласы Юнь Юйлюй 593 жылы бейбітшілік жөніндегі келісімге келіп, екі мемлекетті қайта біріктіреді. 

Бірақ Қара Шор бұрынғысынша батыс ұлыстың билеушісі болып қала береді. 

Түрік қағандығы VI ғасырдың 90-шы жылдары іштей берік, ал сыртқы көршілеріне қаһарлы мемлекет саналды. 

***

Түріктер дәуірінен сақталған балбалдар

Түріктер дәуірінен сақталған балбалдар

Мұның өзі Суй империясына ұнай қоймады. Түріктер Қытайға пайданың көзі ретінде қараса, ал Қытай Түрік қағандығын шекарасына төніп тұрған қатер деп білді. 

Қайтадан біртұтас әрі қуатты мемлекет болғаннан кейін Түрік қағандығы Қытайдан сауда келісімдерін орындауды қатаң талап етті.

Қытайлықтардың алдын ала жоспарлауы бойынша, Чжан-сунь Шэннің әрекет етуімен Түрік қағандығының ішінен 597 жылы қытайшылдар партиясы құрылады. 

Осы кезеңде қағандықтың іс жүзіндегі билеушісі тардуш қаған титулын иеленген Қара Шор болатын. 

Қытаймен арадағы қақтығыстың болмай қалмайтыны белгілі еді. 

Соғыс 598 жылы басталды. Екі жылға алма-кезек жеңістерден кейін, 600 жылы түріктер шегінуге мәжбүр болды. 

601 жылы Қара Шор қайтадан Қытайға басып кірді. 

Осы кезде Чжан-сунь Шэн телес тайпасын көтеріліске итермелеп, нәтижесінде телестер батыс түріктерді талқандады. Ал, оның сенімді жақтасы қытай алтынының қолдауымен өзіне қарсы шықты.

Түрік Қағанаты картасының бейнесі

Түрік Қағанаты картасының бейнесі

Қара Шор шығыста өзінің ұлысынан бөлініп қалғанда, шығыс түріктері оны қиын жағдайда тастап кетті. 

Қара Шор Тогонға қашып, сонда тибеттіктер қолынан қаза тапты. Қытайлар ағайындас бауыры Жәңгірді (Жанғар) таққа отырғызады. 

604 жылы Жәңгір Батыс Түрік қағандығынан біржолата бөлінген Шығыс Түрік қағандығының қағаны болады. 

Осы жылы Батыс Түрік қағандығы біржолата құлдырайды. 

Қытайлар біртіндеп Орталық Азияға өз ықпалын жүргізіп, ақырында түріктер толығымен олардың қол астына өтеді. 

630 жылдан 681 жылдарға дейін Орхонда нағыз протекторат орнатылып, батыс ұлыстарға мықтап орнығып алады

No comments

Құтты жаңалықтар, құтты өмір

Аналитика, жаңалықтар, бағыттар


🫶 Басты
☿ Шежіре
👽 Технология
🛸 Арқамандық
💥 Блогтар
🌐 Әлем жаңалықтары
🛰 hi-tech
⭐ Қазақстан жаңалықтары
🎬 Кино, өнер
🎭 Шығарма
📡 Украина жаңалықтары
🌣 Билік
🏢 Технологиялық компаниялар
🥷 Әскер
☂ Халықаралық ұйымдар
🤵 Тұлғалар
🌍 Мемлекеттер
🗺 Жерлер

Жеке даму бағыты