Мобильді баннер 1
АрқамандықЕрқайысТоқшылық
Ғұн Империясының картасы

Ежелгі дәуірдегі өмір сүрген үлкен тайпалар одағының бірі - ғұндар.

 

Түркі халыктарының арғы тегі саналатын бұл ғұн тайпалары бастапкы кезде

Солтүстік Қытайда

Моңғолияда

Байкал өңірінде коныстанған.


 

Ежелгі Қытай жылнамаларында ғұндар «гуй фаң», «гун руң», «хун ю», «шиан ю», «шиұң ну» секілді атаулармен берілген.


Б.з.б. III ғасырдың соңына қарай ғұндар бірігіп әскер түзеп, өздерінің мемлекетін құрды.

Ғұндар 24 рудан құралған, оларды бектер биледі.

Әр рудың көшіп жүретін өз жері болды. Жоғары билеушісі «тәңірқұт» лауазымын иемденген.

 

¥лы Ғүн мемлекетінің туы
 
¥лы Ғүн мемлекетінің туы

Қытай деректерінде ғұндардың жоғары билеушісі «шаньюй» деп аталады. Оның қолында шексіз дерлік билік болды.

 

Одан кейін түменбасылар деп аталатын бекзадалар тұрды. 

Олар тәңірқұттың ұлдары, інілері немесе жақын туысқандары болатын. Түменбасылар өз иеліктерінде мыңбасылар, жүзбасылар тағайындай алатын еді. 

Алайда тәңірқұт өзіне бағынбаған немесе жазықты болған түменбасылардың жерін қайтарып алатын, өздерінің жүзбасылары мен онбасылары жөнінде түменбасылардың да нақ сондай құқығы болды. 

Лауазымдар мен жоғары шендер мұраға қалдырылды.

Ғұндар соғыс тұтқындарынан және бағынышты өңірлердің халқынан тұратын құлдар ұстаған. 

 

Олар үй кызметшілері, бақташылар, қолөнершілер және жер жыртушылар ретінде пайдаланылды.

Саяси тарихы 

Б.з.б. II мыңжылдықта Хуанхэ өзенінің орта тұсы егін шаруашылығымен айналысуға қолайлы болагын. Сондықтан осы өңірдегі көшпелі тайпалар кытайлыктармен кескілескен ұрыс жүргізіп, оны корғап қалуға күш салды. 

Бұл орайда ғұндар белсенділік танытып, мал өсіруге, күнкөріске тиімді Ордос жері үшін шайқасты.


Тұман тәңіркұт қайтыс болғаннан соң б.з.б. 209 жылы билік оның ұлы Мөденің қолына көшті. Ол бірден әскер жасақтап, қытай иемденген жерлерді тартып алуға кірісті. 

Осы кезде ғұндар мен дунху тайпалары арасындағы жағдай шиеленісе бастайды.

 

Дунху билеушісі Мөдеден Тұманның жүйрік атын сұратып елші жібереді. 

Мөде кеңесшілерімен ақылдасып, бір атқа бола екі тайпа арасындағы қарым-қатынасты бұзғысы келмей, сұраған атты береді. 

 

Біраз уақыт өткен соң, дунхулар бізден қорқып айтқанымызға жүреді деп ойлап, тәңірқұттың бәйбішесін сұратып елші жібереді. 

Мөде кеңесшілерімен тағы да ақылдасуды жөн көреді. Олар мұндай жағдайды басынғандық деп бағалап, шабуыл жасау керек деген шешімге келеді. 

 

Бірақ Мөде басқа мемлекетпен көрші тұрып, одан бір әйелді қызғанған болмас деп сүйікті әйелін бергізеді. Дунху 
билеушісі енді ғұндармен екі арадағы бос жатқан жерді сұратып Мөдеге елші жібереді. 

Мөде кеңесшілерімен ақылдасады, оның кеңесшілерінің пікірлері екіге бөлініп, ақыры бір шешімге келе алмайды. Өзіне дейін ғұндарда мемлекеттің болмауы осы жерге байланысты екендігіне анық көзі жеткен Мөде жерді беру керек деген кеңесшілерін қуып жібереді. 

«Жер - мемлекеттің негізі, оны біреуге беруге болмайды. Әрбір халыққа Жерді Тәңір берген. Жер болса, халық болады және онда мемлекет құруға болады», - деп жерді сұрағандардың басын алуды бұйырады.

Мөденің мұндай батыл шешімі тарихта оның даңқын арттырып, беделін нығайтты. 

Мөде қаған
 
Мөде қаған

Сөйтіп, ол дунхуларды талқандап, қолға түскен билеушілерін жазалады. Дунхулардың қалған бөлігі Ухуан мен Сәнби тауларына барып бас сауғалады.

Дунхулармен соғыста ғұндар үлкен жеңіске жетіп, солтүстік түркі тайпалары - динлиндерге шабуыл жасады. Оларды талқандағаннан кейін Ертіс өзеніне шықты. 

Одан шығысқа қарай жорықты жалғастыра отырып, Тынық мұхиты жағалауына жетті. 

Мөде әскерін біраз тынықтырып алып, қытайлықтарға шабуылдай бастады, Қытай барлаушылары Мөденің әскер санының қанша екендігін дәл анықтай алмады. 

Ол әскерінің ең әлсіз бөлігін алға салып отырды. Қытайлықтар оларды талқандап өкшелеп қуған кезде Мөденің ең күшті әскерлеріне тап болды. 

Мөденің бұйрығымен жасалған ысқырғыш жебелер жауларының құтын қашыратын еді. Бірнеше жылға созылған соғыстардың нәтижесінде Мөде қытайлардан ғұндардың Ордос алқабын тартып алды.

Мемлекет аумағы кеңейіп, империяның қуаты артқанын білген қытайлықтар оны Хань империясымен теңестіруге мәжбүр болды.

Б.з.б. 200 жылы қытай императоры Лю Бан Мөдеге бірінші болып шабуыл бастады. Мөде әскерін үш бөлікке бөліп орналастырған еді, ал қытайлықтар болса ғұн әскерінің бір бөлігін шегіндіре бастайды. 

Осы ұрымтал сәтті пайдаланған ғұндар мықты қаруланған әскерімен қарсы шабуылға шығып, қытайлықгарды лезде қоршауға алады. 

Қыстыгүні 7 күн бойы қоршауда қалған Лю Бан Мөденің әйеліне сыйлықтар жіберіп, өздеріне көмектесуге көндіреді. 

Мөденің әйелі ғұндар қытайлықтардың жерін алғанмен, бөтен жерде көп тұрақтай алмайтындығын айтып, ерін айтқанына көндіреді. 

Мөде әскерлеріне Лю Банды қоршаудан босатуды бұйырып, өзі Ордосқа оралады. Лю Бан қоршаудан босатылғанымен, екі жақты әскери қақтығыстар бірден тоқтай қоймады.


Мөде қытай аумағына тонаушылық мақсатта үнемі жорық жасап, императордың құтын қашырумен болды. Өзінің бір кеңесшісі императорға Мөдеге қызыңды бер деп ақыл-кеңес береді, сонда одан туған бала нағашы атасына қарсы шықпайтындығын, елдің тыныштығы сақталатындығын есіне салады. 

Сөйтіп, сенімге кіргеннен кейін болашақта ғұндарды өзімізге қосып аламыз деп көндіруге тырысады. 

Осылайша б.з.б. 198 жылы Қытай империясы өзін ғұндардың алдында төмен санап, Мөдеге қызын беретіндігін, ғұндармен «бейбітшілік және туысқандық» келісім жасағысы келетіндігін білдіреді. 

Қытай императоры Мөдеге қызын беріп, жыл сайын салық төлеп тұруға міндеттенеді. 

Бірақ мұндай салық қитұрқы саясатқа негізделген көзалдаушы салық еді.

Б.з.б. 195 жылы император Лю Бан қайтыс болды. 
 

Ғун жауынгері. Қалпына келтірілген Г.В. Лебединская
Ғун жауынгері. Қалпына келтірілген Г.В. Лебединская

***

Оның баласы өте жас болғандықтан, елді императордың жесірі Люй Хоу басқарды. 

Ол қайтыс болған соң билікке император Вэн-ди келді, оның тұсында елде біраз өзгерістер болды. 

Жеке ғұн князьдіктері екі ел арасындағы келісімді бұзып, Қытай аумағына өтіп кетті. 

Бірақ екі жақты хат алмасу арқылы келіссөздің нәтижесінде жағдай бейбіт жолмен шешіліп отырған. Қытай императоры өз хатында Ғұн империясы Хань империясымен терезесі тең дей келіп, Мөдені өзінің бауыры санайтындығын хабарлайды.

Бұл ғұндар үшін үлкен жетістік еді. Өйткені, бұған дейін көшпелілер көсемдерінің ешқайсысы Хань империясымен теңесуді армандап көрген жоқ еді.


Мөде Орта Азияға қарай жорыққа аттанып, б.з.б. 177 жылы түркі тайпалары - юэчжилерді талқандады, соның нәтижесінде ғұндар өздеріне Шығыс Түркістан жерлерін қосып алды. 

Осылайша Шығыс Түркістаннан Корей жеріне дейінгі аумақты иеленген Ұлы Ғұн империясы тарих сахнасына шықты.
Мөде ақылдылығымен, кәнігі саясаткерлігімен ұлы билеушілердің қатарынан орын алады. 

Ол Ғұн империясының негізін қалауда қай істі болсын алдын-ала жоспарлағандықтан үнемі жетістікке жетіп отырды.

 

Мөде қаған б.з.б. 174 жылы қайтыс болды, ал оның ұрпақтары ¥лы Ғұн империясының даңқын асырып, Мөде қағанның саясатын әрі қарай жалғастырды.


Мөденің ұлы Лаошань Гиюй тәңірқұт лауазымымен билікке келіп, әкесінің мұрагері ретінде Ұлы Ғұн империясына иелік етті. 

Ол Шығыс Түркістан, Жетісу жерлеріндегі түркі тайпалары - юэчжилермен соғысты жалғастырып, б.з.б. 165 жылы оларды толықтай талқандады. 

Юэчжилердің жартысы Сырдариядан өтіп, Әмудария жағасында А.Македонскийден қалған Грек-Бактрия патшалығының халқымен соғысты. 

Бактриялықтарға қосылып кеткен олар бұдан кейін ғұндарға қарсы шықпаған. Юечжилерді жеңген Лаошань шаньюй енді Қытайға қарсы соғысқа аттанды. 

Ол б.з.б. 166 жылы 140 мың атты әскермен Қытай аумағына солтүстік-батыс жағынан басып кірді. 

Біраз тұтқындарды қолға түсіріп, императордың жазғы мекенін өртеп кейін қайтып кетті.

Б.з.б. 162 жылы император Вэн-ди Лаошань тәңірқұтқа бейбіт келісім сұрап елші жібереді. 

Қытайлықтардың ендігі жерде ғұндар мен қытай империясын тең деп тануға мәжбүр болудан басқа амалы қалмады. 

Б.з.б. 161 жылы Лаошань тәңірқұт қайтыс болып, билікті оның баласы Гюнчен қолына алды. Ол Қытаймен бейбіт қатынас орнатты. 

Б.з.б. 157 жылы император Вэн-ди өлген соң, император тағын Цзин-ди иеленді. Оның император болуына қарсы шыққандар ғұндардан көмек сұрағанымен қолдау таппады. 

Б.з.б. 154 жылы елдегі көтеріліс күшпен басылды. Б.з.б. 152 жылы ғүндармен келісім жасалып, шекаралық аймақтарда сауда орталықтары ашылды, сондай-ақ тәңірқұтқа қытай ханшайымын беріп, салық төлейтін болды.


Б.з.б. 140 жылы Қытайдағы билікке император У-ди ие болып, ғұндарға қарсы соғыс бастады. Содан кейін ғұндармен шекаралық аймақтардағы байланыс бірте-бірте үзіле бастады. 

Б.з.б. 128 жылы талантты қытай қолбасшысы Вэй Цин көп әскерімен Ордосқа басып кірді. Олар қорғанысты күшейту үшін Шофан деген қамал салып алды. 

Бұған жауап ретінде ғұндар ¥лы Қытай қорғанының шығысындағы Цзаоян ауданын бағындырды. Б.з.б. 126 жылы қыста Гюнчен тәңірқұт қаза тапты. 

Ол өзінің атасы Мөде негізін қалаған Ғұн империясының шаңырағын шайқалтпай, қытайлықтармен алты жыл бойы соғысты. Кейін орнына інісі Ичисие тәңірқұт келіп, Қытайдың солтүстік аудандарына шабуыл жасап, бірқатар жеңістерге қол жеткізді. 

Б.з.б. 125 жылы ол Ордосқа басып кіргенімен, оны қолына ұзақ ұстап тұра алмады.

Император У-ди енді ғұндардың далалық жерлеріне жорық жасамақшы болды. Осы көздеген мақсатына орай өте мықты қаруланған атты әскер жасақтады. 

Оның қолбасшысы болып Вэй Цин тағайындалды.

Б.з.б. 124 жылы көктемде 100 мың адамнан тұратын Қытай әскері батыстағы көшпелі ғұндарға шабуыл жасап, 15 мың адамды тұтқынға түсірді. 

Тап осы кезде ғұндар қытайлықтардың батыс аумағына шабуыл жасап, өздерімен бірге мыңдаған тұтқынды әкетті.

 Ғүндардың әскери жасағы. І-V ғғ. Қ.С. Ахметжановтың “Жараган темір кигендер” кітабынан
Ғүндардың әскери жасағы. І-V ғғ. Қ.С. Ахметжановтың “Жараган темір кигендер” кітабынан

 

***

Қайтадан әскер жасақтаған император ғұндарға шабуылды тоқтатқысы келмей, Вэй Цин мен Хо Цюй Биннің қолбасшылығымен б.з.б. 119 жылы ғұндарға қарсы жорыққа шықты. 

Ғұн билеушісі астанасын алыс түкпірге көшіріп, өзі қытай әскерін Гоби шөлінің солтүстігінде күтіп жатты. Екі жақты жойқын соғыс бір күнге созылды. 

Бірақ шайқас еш нәтиже бермеді. Қатты соққан бораннан ештеңені көру мүмкін болмады. Түнге қарай қытайлықтар ғұндарды қоршап, екі жақ қолма-қол шайқасқа кірісті. 

Ғұндар ақырындап шегіне бастады, оларды қумақшы болған император әскерлері ғұндардың қатты қарсылығына тап болып, амалсыздан кейін шегінді.


Шығыста Хо Цюй Бин әскері ғұндардың ордасын талқандап, оларды Иншанды тастап, шөлге қарай шегінуге мәжбүр етті. 


 Ақтастан табылган гун заманының алтын әшекейі
Ақтастан табылган ғұн заманының алтын әшекейі

Осы шайқастардан кейін Ғұндар мен Қытайдың шекарасын Гоби шөлі бөліп жатты.

 

Енді қытайлықтар еншілеген аумақты одан әрі кеңейтудің жолын іздестіре бастады. 

Б.з.б. 112-111 жылдары қытайлар тибеттіктерді өз аумағынан ғұндармен қоса ығыстырып, Сарыөзенге дейін тықсырды.

Дегенмен, олар тибеттіктерді бағындыра алмады, б.з.б. 107 жылы ғана соғыс аяқталды.


Б.з.б. 109 жылы император Кореяға қарсы соғыс ашып, оны бағындырған соң Еуропаға дейін жаулап алуды көздеді. Бірақ ол үшін алдымен ғұндарды талқандап алу керек еді, ал олар ғұндардың біраз жерлерін тартып алғанмен, Ғұн империясын толық бағындыруға шамасы келмеді. 

Енді қытайлықтар ғұндарды ішінен ірітудің жолын іздестіре бастады. Олар ғұндарға тәуелді үйсіндердің жабғуына қытай ханшайымын бір топ күтушісімен әйелдікке береді. 

Қартайған жабғу оны ең кіші әйелі етіп алғанымен, кейін оны өзінің немересіне бергенді жөн санайды.


Жат жерлік қытай қызы үйсіндер арасында астыртын қытай тобын құрады. Бірақ қызын босанған соң қайтыс болады да, ол құрған астыртын топ У-дидің батыстағы саясатын жалғастыра береді. 

У-ди ғұндарға қайтадан шабуыл жасау үшін 7 жыл бойы тиянақты дайындалады. Б.з.б. 90 жылы жақсы жасақталған әскері соғысқа сақадай-сай еді.


Б.з.б. 101 жылы дарынды билеуші Гюйлиху тәңірқұт қаза болып, билікке шығыстағы Цзюйдихэу келеді, бірақ ол да қайтыс болады. 

Ғұндар ақылдаса келе, таққа Цзюйдихэудің үлкен ұлы Хулугуды отырғызады. Хулугу тәңірқұт өзінің жансыздары арқылы Қытай тарапынан қауіп төніп келе жатқанын біліп, шайқасқа мұқият дайындала бастайды. 

Оған көмекке көшпелі тайпалардың бірсыпырасы - моңғол, сәнби, таба және т.б. келіп қосылады.

 

Бұл шайқасқа Қытайдың жақтасы болған үйсіндер қатыспайды. 

Соғыстың алғашқы сәттерінен-ақ күші басым қытайлар ғұндарды бірден шегіндіреді. Әскери өнердің барлық қырын меңгерген ғұндар шегініп жұріп те ор қазып, бекініп алып қытайлықтарды талқандап тастайды. 

Ғұндардан жеңілген император У-ди Ұлы Ғұн империясын жеңу мүмкін емес екендігін енді ғана түсініп, өз еліне оралады. 

Сөйтіп, ғұндар ¥лы Даланы билеуге қытайларды жолатпады. Олардың жеңіске жетуінің сыры өз жеріне деген сүйіспеншілік болатын.

Өйткені, ғұндар өздерін «Аспан-Әке» мен «Жер-Ананың» ұрпақтарымыз деп есептеді. 

Олар тұтқынға түскен қытайларға жер өңдеттіріп, егін салдырды. Сондай-ақ, қытайдан қашқандар да ғұндар арасына келіп сіңіп кетті.


Б.з.б. 85 жылы Хулугу тәңірқұт қайтыс болады. Ол шығыстағы баласына мұрагерлікті қалдырудан бас тартып, батыстағы баласына ұсынады. 

Бірақ оның жасы ел басқаруға жетпеген болатын, сөйтіп, Хулугудың дүниеден өтердегі арманы орындалмайды.

Қытайлар мұндай ұрымтал сәтті пайдалана білді, яғни ғұндар ісіне араласып, билікке батыстағы Хулугудың баласын өздерінің саясаты үшін билікке әкелдіріп, нәтижесінде ол тәңірқұт болып жарияланады. 

Ғұндардың бодандығындағы үйсіндер енді бірден Қытайға мойын бұра бастайды. Қытай империясы шалғай болса да үйсіндерге ықпалы күшті еді. 

Әсіресе, қытайлардың үйсіндерге берген қыздары өз еліне бүйрегі бұрып, ондай ықпалды бұрынғыдаң да күшейте түседі. Әйелдікке берілген бірінші қытай қызы өлген соң, келесі ұзатылған Гяй-ю өте ақылды әйел болып шықты. 

Ол үйсіннің мемлекеттік мәселесіне араласты, билеушіден бірнеше бала туып, қытайларды қолдайтын арнайы топ құрды. Қытайға қаптаған әскерден гөрі ұтымды саясат жүргізуге көмектесті. 

Оның ұлдары көшпенділерді басқарды, қызын үйсіндердің ішіндегі ең атақты тайпаның біріне берді. Үйсіндердің көсемі Үнгүймі әйелінің айтқанынан шыға алмады.

Бұл кезде ғұндар өз ішінде құрылған қытайлық топтармен қырқысып жатқан болатын. Б.з.б. 80 жылы қытайлықтар қойған Хуанди тәңірқұт пен оның шешесі қытай Чжуанкуй янчжи биліктен шеттетіліп, ғұндар билікті өз қолдарына алды. 

Олар Шығыс Түркістандағы үйсіндерден қытаймен арадағы байланыстарын тоқтатуды талап етті. 

Патшайым мен оның күйеуі Қытай императоры Сюандиден ғұндарға қарсы одақтасып соғысуға көмек сұрады, ал император ондай ұсынысты қуана қарсы алды. 

Қытайлар соғысқа асықпай дайындалып, 160 мың жеңіл атты әскер жасақтады. Осы кезде ғұндарға үйсіндер шабуыл жасап, жері мен халқын тонап кетеді. 
 

Ғундардың әшекейлі белбеуі
Ғундардың әшекейлі белбеуі

Ғұндардың сырғалары
 
Ғундардың сыргалары. Көкмардан зиратынан табылган. Б.з.6. III-ІV ғғ.

Б.з.б. 71 жылы қыста ғұндар бар күшін жұмылдырып үйсіндерді талқандайды. Қайтар жолда олар қар көшкініне тап болып аттары да, өздері де қырылып қалады.

Ғұндар осылайша сәтсіздікке ұшырап жатқанда Чжуанкуй янчжи қытайға жақтасатын топтардың санын көбейте бастайды. Осы кезде кенеттен тәңірқұт қайтыс болады. 

Олар қалыптасқан жағдайды пайдаланып төңкеріс жасап, билікке Туцианды отырғызады. Бірақ оның бұйрығын басқа түгіл ағасы мен інісі орындамаған соң өзіне-өзі қол жұмсап қаза табады. 

Оның өлімінен кейін таққа талас басталып кетті, ал бұрынғы салт-дәстүрге бағынбағандарды тоқтату мүмкін болмады.

Ғұн империясы өздерін екі көсемге тәуелдіміз деп есептеді. Оның бірі шығыста Хуханье болса, екіншісі батыста Шөже (Чжичжи) еді. Алғашқы кезде олар өзара соғысты. 

Ағайындылардың соғысына араласпауды жөн санаған ғұндардың біраз бөлігі Қытайға жақын шекараға қарай ығыса бастады.

Хуханьенің жағдайы мүлдем ауыр еді, өзінің кеңесшілерімен ақылдасқан ол қытай императорымен ымыраласуды жөн санады. 

Сөйтіп, ол қытайлықтарға баласын кепілдікке берді. Шөже де солай істеді. Б.з.б. 50 жылы Қытайға Шөженің елшісі келді, бірақ Хуханьенің елшісіне қарағанда оның беделі төмен еді. 

Бір жылдан кейін Қытайдың тек Хуханьеге ғана көмек беретіні белгілі болды. Шөже ордасын шығысқа емес, Жоңғария жеріне орналастырды.


Б.з.б. 48 жылы Шөже қытайлардан ұлын қайтаруды талап етті. Қытайлар оған ұлын қайтарып, қасына елші қосып жібереді. 

Бірақ елші түсініксіз жағдайда Шөженің ордасында қайтыс болады.

 

Хуханье мен қытайлардан қауіптенген Шөже қаңлылармен бірігіп, үйсіндерді шабуылдайды. 

 

Олардан түскен қазынаны сақтайтын тұрақты мекен үшін Шөже Талас өзені маңында қамал салған. Қытайда Чэн Тан деген әскери адам өзінің мансабы үшін императорға Шөжені ұстап әкелемін деп уәде беріп, үйсіндердің жері арқылы Талас алқабына келеді. 

Қамалға бекініп алған Шөже әскерлері табандылықпен шайқасқанымен ақыры жеңіліп қалады. Чэн Тан жараланған Шөжені қолға түсіріп, басын алып императорға жібереді.

Шөженің өлімінен кейін Хуханье бүкіл ғұндардың аумағын басқарған көсемге айналады. Қытайларға тәуелді ғұн елінде осылайша бейбітшілік орнайды. 

Ғұндардың қытайларға тәуелді болғанына 30 жыл өтеді. Хуханье өлген соң оның орнына бірнеше тәңірқұт келеді. Б.з.б. V ғасырда Учжулю ғұндар тәңірқұты болып билікке отырады. 

Қытайда император билігіне таласқан Ван Ман мен Учжулю арасында жер дауы басталады. Ван Ман, негізінен, Сюандидің тұқымы болмағандықтан, оған Учжулю қолдау көрсетпейді. Бұған ыза болған Ван Ман ғұндармен бірнеше рет шайқасады. 

Учжулю тәңірқұт қайтыс болған соң бес жылдан кейін Қытайда халық көтерілісі басталады. Оған Ван Ман тұсында жасалған реформалар себеп болған еді. 

Көтерілісті ұйымдастырушылардың басым көпшілігі дарынды қолбасшылар болатын.
Учжулюден кейін билікке келген Ханның інісі Юй тәңірқұг Қытай императоры Гуан У-диге ғұндар мен қытайлар күші жағынан тең империялар екендігін мойындатуға елші жібереді.

Бірақ қытайлар оған жауап беруді соза бергеннен кейін ғұндар мен қытайлар арасындағы соғыс қайта жалғасады. Мөде кезіндегі иеленген жерді ғұндар қытайдан тартып алады. 

33 жылы ғұндарға қарсы жорыққа шыққан қытай әскерлері толығымен жеңіліске ұшырайды. 37 жылы ғұндардан қашқан қытайлар қамалдан асып, өз аумағына барып тығылады, ал ғұндар бұрынғы жерлерін қайтарып алады. 

44 - 45 жылдары ғұндардың шабуылдары өз жерінде отырған қытайлардың құтын қашыра бастайды, сөйтіп, сыртқы шекараның бәрі де ғұндардың қолына өтеді.


Юй тәңірқұт өте ақылды әрі дарынды қолбасшы еді, ол өзін Мөденің ісін жалғастырушы әрі ізбасары санады. Ол 46 жылы дүние салып, орнына екінші ұлы Пану келді. 

Сол жылдары ғұн жерінде құрғақшылық болып, жұқпалы аурулар тарады. Аштық пен індеттен көп адам қырылып кетті. Осы кезде билікке таласып жүрген Учжулю тәңірқұттың баласы Би мен Пану арасында жағдай шиеленісе түсті. 

Биді ғұндардың атақты сегіз тайпасы қолдап, ол Хуханье II лауазымымен билікке келеді. Би император Гуан У-димен одақтасып, оны ғұндардан қорғауға уәде береді.
 

Ғундар дәуіріндегі найза мен жебенің ұштары
Ғундар дәуіріндегі найза мен жебенің ұштары

Сөйтіп, 48 жылы Ғұн империясы Батыс және Шығыс Ғұндар империясы болып екіге бөлініп кетті. 49 жылы Би Пануға қарсы жорық жасап, оны Халхаға қарай шегінуге мәжбүр етті. 

Сол жылдан бастап Би қытайларға бағынышты бола бастады. 


Шаруашылығы мен қолөнері

Ғұндардың өмірінде көшпелі мал шаруашылығы басты рөл атқарған. Жылқының асыл тұқымдарын өсіріп, ат баптауды жетік меңгерген. Қойдың етін, терісін, жүнін пайдаланған. Қой терісі мен жүнінен киім, аяқ киім жасап, киіз басқан.


Ғұндардың ішінде отырықшы тұрмыс кешіп, егіншілікпен шұғылданғандары да болған. Негізінен, дәнді дақылдардың ішінде тарыны көп өсірген. 

Қазба жұмыстары кезінде тары дәндері, шойын түрендер, темір орақ, тас дәнүккіштер және астық сақтайтын ұралар табылды. 

Сондай-ақ адам жерленген ағаш қималар да ғұндарда отырықшылық болғанын дәлелдейді.

Ғұндар өмірінде аң аулау маңызды рөл атқарған. Ғұндардың қабірлерін қазған кезде киіктің, қабанның, құланның, бұғының, таутекенің, еліктің, қоян мен түлкінің сүйектері шықты.

Ғұндарда қолөнер мен бейнелеу өнері жоғары деңгейде болған. Зергерлік өнердегі полихромды стилін дүниеге әкелген. 

Қабірлерде керамика ыдыстар - құмыралар, көзелер, саптыаяқтар аз емес, олар қолдан жапсырылып және құмырашы ұршықшасында дайындалған, мұның өзі қыш құмырашылықтың дамығанын дәлелдейді. 

Сонымен қатар ғұндар кен қазып, металл қорытқан.

 

Ғұн дәуірінің ескерткіштері

Солтүстік Қытай мен Қиыр Шығыстан бастап, Карпат өлкелеріне дейінгі аралықта ғұн дәуірінен сақталған қоныстар, обалар, рәсімдік-ғұрыптық құрылыстар, металл өндіру орындары және көмбелер мен жекелеген заттарды кездестіруге болады.


Шығыс ғұндардың негізгі ескерткіштері Ордос, Моңғолия, Бурятияда, ішінара Саян-Алтай, Енисей, Қиыр Шығыс өлкелеріне тараған. 

Мұндағы ғұн ескерткіштері б.з.б. II - б.з. I ғасырлары аралығын қамтиды және «суджа», «дерестуй» деп екі мерзімдік топқа бөлінеді. 

Бурятиядағы Селенга өзені бойындағы Иволга қалашығынан балшық қабырғалы, төбесі екі қанатты ағаш шатырмен жабылған 54 үйдің орны анықталды. 

 

Қабірлер ұзынша пішінде қазылған, мүрделер ағаш табытқа салынып, басы солтүстікке қаратыла 1 - 2 м тереңдікте жерленген

 

Ғұн көсемдерінің мүрделері өте терең шұңқыр ішіне орнатылған қос қабатты бөрене қималарға қойылған. 

Тақтай табыт пен бөрене қималар, қабірдің бас жағына мал бастарының салынуы ғұн мәдениетінің тұрақты белгілеріне жатады.


Ғұндар әскерінің негізі тез орын ауыстыра алатын атты әскерден тұрған. Салт атты жауынгерінің қару-жарағы - садақ пен жебелер, семсер, қанжар, найза, бұғалық (ұры құрық). 
 

Ғұн-түркі үлгісіндегі садақ және оның бөлшектері
Ғұн-түркі үлгісіндегі садақ және оның бөлшектері

Қазба жұмыстары кезінде анықталған деректерге қарағанда, ғұндарда садақтың екі түрі қолданылған. Ертедегі садақ ағаштан иіліп, адырнасы тарамыстан жасалған. 

Садақтың жағы сүйек қаптырмалармен қапталған (барлығы жетеуге дейін), екі ұшына адырнаны байлайтын кертпешесі бар екі қаптырма, ортасына - жебе атылатын жеріне трапеция тәрізді қаптырма орнатылған. 

Осылайша садақтың иілгіштігі күшейтілген. Садақтың ұзындығы 70 - 80 сантиметрге жетеді. Жебеге үш қырлы темір ұш салынған.

 

Сүйек пластиналармен мейлінше күшейтілген, күрделі әрі ауыр садақтың осы түрі жебені сақ садағына қарағанда алысқа атқан. 

 

Садақтың екінші түрі үлкен әрі ауырлау болады. Оған ұңғысы бар үш қырлы салмақты темір ұшты жебе қолданылған. Мұндай садақтар мен жебелер сауыт киген жауды атуға арналған.


Ғұндарда темір ұшты жебелерге сүйек ысқырғыштар қондырылған.
Дөңгелек және сопақ сипаттағы, шыбықтардан тіреу орнатылған ағаш жақтаулы қалқан да болған.

 

Ғұндардың жауынгерлік құдіретінен сескенген қытайлықтар ¥лы Қытай қорғанын салдырған.


Ғұн ескерткіштерінің келесі топтарына Қазақстан, Орталық Азия, Батыс Сібір, Орал мен Еділдің оңтүстік өлкелеріндегі түрлі жәдігерлер және б.з. IV - V ғасырларында Еуропаға барған ғұндардан қалған қабірлер мен көмбелер жатады. 

Шығыстағы ғұн мәдениетінің таза сипаттағы ескерткіштері бұл өлкелерге тән емес. Бұл аймақтарда жергілікті қаңлы, үйсін, сармат, т.б. мәдениеттердің ескерткіштері тараған. 

Оларға шығыстық ғұн элементтері қосылып, кей өлкелерде «Кеңқол» тәрізді аралас сипаттағы ескерткіштер пайда болған. 

Жалпы, шығыстық элементтерден, әсіресе, қару- жарақтағы, қыш ыдыстағы, жекелеген бұйым түрлеріндегі ықпалдарды айтуға болады. 

Жерлеу ғұрпыңда да өзгерістер байқалады.

Кеңқол ескерткіштері Шу мен Таластың жоғарғы алқаптарында ашылды, олардың кейбір ықпалдары Оңтүстік Қазақстандағы Жамантоғай, Шәшіқұм, Бөріжар зираттарынан байқалады. 

Сонымен қатар, ғұн әсері бар Жетіасар мәдениетінің (Арал маңы), Құлажорға (Шығыс Қазақстан), Қорғантас (Орталық Қазақстан) кезеңдерінің ескерткіштері зерттелуде. 

Жетісудағы Қарғалы, Теңдік зираттарынан көптеген сәнді алтын Қазақстаннан бастап Қара теңіз, Дунай, Қарпатқа дейін тараған IV - V ғасырларға жататын ескерткіштер ерекше топты құрайды. 

Ғұн дәуірінде жасалған қыш бұйымдары

Ғұн дәуірінде жасалған қыш бұйымдары

Бұлар, негізінен, қару-жарағы мен бағалы бұйымдары көп бекзадалардың, атақты жауынгерлердің қабірлері және көмбелері болып табылады. 

Айрықша белгілері - полихромды стильмен жасалған бағалы бұйымдар. Олар шығыс ғұндардың мәдениетінде жоқ, кейін қалыптасқан дәстүрге жатады. 

Асыл тастар, түсті шынылар орнату, эмальдау және алтын-күміс жалату тәсілдерін қолданып жасаған сәнді бұйымдар Қазақстаннан (Бурабай, Қарағаш, Қанаттас, Батыр), одан әрі батысқа қарай Еуропа жерлерінен көптеп табылды.


Шығыс ғұн ескерткіштері мен Еуропаға барған ғұндарға қатысты ескерткіштердің арасындағы тікелей генетикалық сабақтастық ғылымда дәлелденбеген. 

Кейбір байланыстар тек жекелеген бұйымдардан ғана байқалады. Солтүстік Кавказға, Еуропаға барған тайпалардың мәдени бейнесінде Қазақстан, Еділ бойының жергілікті мәдениеттерінің салмағы басым.

No comments

Құтты жаңалықтар, құтты өмір

Аналитика, жаңалықтар, бағыттар


Басты бет
☘ Технология
Арқаман
Блогтар
Әлем жаңалықтары
hi-tech
Қазақстан жаңалықтары
Кино, өнер
Шығарма
Билік
Украина
Сирия
Оңтүстік Корея

Жеке даму бағыты