Мобильді баннер 1
АрқамандықЕрқайысТоқшылық
Шыңғыс хан империясы

Шыңғыс хан империясы, Мұғал империясы - XIII ғасырда Орта Азияда

бүкіл мұғал тайпаларын бір қолға біріктірген ұлы билеуші - Шыңғыс хан (Тэмужин, Темучин, 16.04.1162 ж. - 25.8.1227) құрған империя.

XII - XIII ғасырлардың басын да Орта Азия мен Қазақ даласындағы қалыптасқан әлеуметтік-саяси жағдай қуатты көшпелі тайпалар одағы билеушілерінің арасында басқа тайпаларға өз үстемдігін орнату жолындағы текетірес күрестің одан әрі күшеюімен сипатталады. 

Осы бітіспес күрестің барысында ширығып, зор саяси тұлғаға айналған мұғал тайпасының өкілі - Шыңғыс хан мұғал үстіртінде бытырап жүрген тайпалардың басын біріктірді. 

Сөйтіп, ол Орталық Азия даласындағы ең құдіретті де қуатты жаулап алушыға айналды.

Өзінің қайталанбас әскери дарынының арқасында, сол сияқты қас дұшпандарының әлсіздігі мен бытыраңқы жағдайын пайдаланып, 1183 - 1204 жылдары өкімет билігін қолға алу үшін жүргізілген қанды күресте ол негізгі жауларын (меркіт тайпасының көсемі Тоқтыбектан бастап, найман тайпасының басшысы Таян (Даян) ханға дейін) бас көтерместей етіп талқандады да, кең-байтақ зор аумақты басып алды. 

Сөйтіп, онда мекендейтін көптеген ру-тайпалық одақтардың бірден-бір билеушісі болып шыға келді.

Осы жеңістері мен тайпа көсемдерін өз маңына тығыз топтастыруға бағытталған бірсыпыра әлеуметтік шараларды жүзеге асыру нәтижесінде Темучин дала ақсүйектері құрылтайының шешімімен 1206 жылы барлық тайпалардың ұлы ханы болып жарияланды да, «Шыңғыс хан» (түрікше «теңіз», «мұхит» деген сөзден шыққан) лауазымын иеленді.

Ішкі саясатта Шыңғыс хан мемлекетті басқару ісін бір орталыққа шоғырландыруға барынша күш салды. Түркі-мұғал тайпаларын «мыңдық» деп аталатын әскери-әкімшілік бөліктерге бөлді (өйткені хан талабы бойынша, бұл бөліктердің әрқайсысы 1000 атты әскер беруге тиісті болды). Хан бұларды жайылым жерлерімен қоса өз туыстары мен нояндарға еншіге бөліп берді.

Шыңгыс хан

Шыңгыс хан

***

Империя әскері үш қанатты құрады:

оң қанат (барунғар)

сол қанат (жоңғар)

орта қанат (гол).

***

Мемлекет ішіндегі ішкі наразылықты басу үшін 10 мың адамдық жеке гвардия (кэшиг, кешік) құрды. 

Әскерде өте қатаң тәртіп орнатты: сәл кінәлі болған немесе қорқақтық көрсеткен әскери адамдар бірден өлім жазасына кесілді. 

Ол әскери стратегия мен тактикада

- мұқият барлау

- жауды оқшаулап талқандау

- тұтқиылдан шабуыл жасау

- дұшпанды алдау үшін арнаулы жасақтардан жолға тосқауыл қою

- жер қайысқан атты әскермен шұғыл маневр жасау, т.б. амал-әдістерді қолданды.

***

Ұлы хан елде жазбаша іс жүргізуді ұйымдастырды.

 

1206 жылы ол «Ұлы жасақ» заң ережелерін бекітті.

Шыңғысхан (таққа отырған) өз кеңесшілерімен бірге (миниатюра, Париж, ¥лттық кітапхана)

Шыңғысхан (таққа отырған) өз кеңесшілерімен бірге (миниатюра, Париж, ¥лттық кітапхана)

***

1207 - 1211 жылдары Шыңғыс хан Сібір мен Шығыс Түркістанды (буряттарды, якуттарды, ойраттарды, қырғыздарды, ұйғырларды) шауып, өзіне бағындырды. 

1211 жылы Цзинь мемлекетіне әскери жорық жасады. 1215 жылы Пекинді алды. 1217 жылы Солтүстік Қытай бүкіл аумағымен оның билігіне көшті. 

1219 жылы Корея патшалығы Шыңғыс хан әскерлерінен тізе бүкті.

Мұғал әскерлерінің Солтүстік Қытай мен Корея патшалығына жасаған ірі жорықтарын тәжірибелі қолбасшы, әмір Мұқылай Гунгуаұлы Жалаири басқарды. 

Қытайға қарсы аттаныстан кейін оның әскерінің бір тобы 1218 - 1219 жылы Жетісуды, 1219 - 1221 жылы қазіргі Қазақстан мен Орта Азияны жаулап алды. 

Басып алған жерлерді Шыңғыс хан жеке ұлыстарға бөлді де, өз ұлдарына еншіге үлестіріп берді.

- Кіші ұлы Төлеге - Мұғалия

- үшінші ұлы Үгедейге - Батыс мұғалия Жоғарғы Ертіс пен Тарбағатай аймағы

- екінші ұлы Шағатайға - Шығыс Түркістан, Жетісу мен Мәуереннахрдың көп бөлігі

- үлкен ұлы Жошыға Ертістен батысқа қарай Жетісудың солтүстік бөлігі және Төменгі Еділ бойына дейінгі жерлермен қоса бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақ тиесілі болды.

***

Қазақстан аумағы мұғал империясының үш ұлысының құрамына: үлкен (далалық) бөлігі - Жошы ұлысына, оңтүстік және оңтүстік-шығыс Қазақстан - Шағатай ұлысына, Жетісудың солтүстік-шығыс бөлігі - Үгедей ұлысына кірді.

Шыңғыс ханның көзі тірісінде ұлдарына бөліп берген жерлер олар үшін тек қана сарқылмас пайда көзі болып есептелді, бірақ олар империя басшысына бағынышты болып қала берді. 

Ұлы хан өлген соң әкесінің басқыншылық жорықтарын оның мирасқоры, Шыңғыс әулетінің хандары аздаған үзілістермен үсті-үстіне жүргізе берді.

Шыңғыс хан ұрпақтарының өз ұлыстарын толығымен жекелей дербес етіп алуға, ал ұлыстарды тәуелсіз иеліктерге айналдыруға тырысқан әрекеттерінен кейін әлсірей түсіп, империя бірнеше мемлекетке ыдырады.

No comments

Құтты жаңалықтар, құтты өмір

Аналитика, жаңалықтар, бағыттар


Басты бет
☘ Технология
Арқаман
Блогтар
Әлем жаңалықтары
hi-tech
Қазақстан жаңалықтары
Кино, өнер
Шығарма
Билік
Украина
Сирия
Оңтүстік Корея

Жеке даму бағыты