1040 жылы Оңтүстік Түркіменияның Данданакан қамалының құмды аймағында
Масуд сұлтан бастаған ғазнауилер мен Тоғырұл бек, Шағры бек және Мұса байғу басшылық еткен селжұқтар (салжұқ) арасында шешуші шайқас болды.
Мықты қаруланған әрі саны көп бола тұра, ғазнауи әскерлері тас-талқан болып жеңілді.
***
Кашмир жерінен бастап, Пенджаб, Әмудария, Каспий аймағына дейін иелік еткен Ғазнауилер империясы бірте-бірте құлдырай бастады.
Селжұқтар Хорасанды, Гурганды, Хорезмді және Орта Азияның басқа өңірлерін, Иран мен Алдыңғы Азияның біраз мемлекеттерін өзіне қаратты.
Селжұқ сұлтандығының туы
Орта ғасырлардағы деректерде түркі тілінде сөйлеген далалық аймақ тайпалары болғандығы айтылады, олардың кейінгі жалпы атауы «селжұқтар» делінген.
Бұл атаудың шығуы олардың X ғасырдың соңы мен XI ғасырда өмір сүрген ең алғашқы көсемі Селжұқ есімімен байланыстырылады. XI ғасырдың ортасында Селжұқ Мәуереннахрға аттанады, ол одан әрі қарай өзіне бағынышты тайпа-түмендерімен Сырдарияның төменгі ағысына барып орналасады.
ХII ғасырдағы тарихшы Захир әд-Дин Нишапур жазбаларында селжұқтардың санының көп екендігі, мықты әскері болғандығы туралы мәліметтер бар.
Селжұқ қосыны
***
Ал кейбір тарихшылар оларды түйе, қой және сиыр өсірген деп жазады.
Сырдарияға келіп қоныстанған соң Селжұқ ислам дінін қабылдап, оғыз жабғуы Әли ханмен соғысады.
Соғыс Женттен жиналатын салыққа таластан басталды. Селжұқтар Жентті биледі, бірақ олардың көсемі өлгең соң билік оғыз жабғуының қолына өтті. Әли хан мен оның ұлы Шахмәлік Селжұқ ұрпақтарын Сырдарияның төменгі ағысынан қуып шықты.
***
X ғасырдың аяғында Мәуереннахр Жетісу мен Қашқардан келген қарахандардың билігіне өтеді. Самани мемлекеті қарахандардан жеңіліс тапқанымен, соғыс XI ғасырдың басына дейін созылады. Осындай қиын жағдайда Селжұқ пен оның ұлы Исраил бастаған оғыз-түркі тайпалары самани билеушісі Нұх ибн Мансұрға әскери көмек береді.
Ол көмектің арқасында мемлекеттің астанасы қайтарылады, бірақ 999 жылы қарахандардың көсемі Наср ибн Әли Бұхараны өзіне қаратады.
Қарахандардың Мәуереннахрды басып алуы селжұқтарды қиын жағдайға қалдырады. Қарахан тайпаларының құрамында қарлұқ, яғма, шігіл сияқты жауынгер көшпелі тайпалар болды.
Бұл кезеңде селжұқтар екі топқа бөлініп, оның біреуін Исраил ибн Селжұқ, екіншісін Мұса байғу, Шағры бек және Мұхаммед Тоғырұл бек басқарды.
Селжұқтардың крестшілермен шайқасы
1030 жылы ғазнауилердің сұлтаны Махмұд қаза болып, орнына ұлы Масуд билікке келеді.
Ғазнауилер өздері билеген халықтарды бас көтертпей қатаң тәртіп орнатқан.
1035 -1040 жылдары қоныс аударып көшіп жүрген селжұқтарға басқа тайпалар бірте-бірте қосылып, олар біртіндеп күшейе бастайды.
XI ғасырдың 30-шы жылдарында Хорасанда, солтүстік-батыс Гурганда селжұқ қозғалыстары басталады. Осы кезеңде селжұқтарға оғыз, қыпшақ, т.б. тайпалардың біраз бөлігі бірігеді.
Хорасанға келген селжұқтарды Мұхаммед Тоғырұл бек, Шағры бек және Мұса байғу бастап келеді. Сөйтіп, Хорасанда селжұқтар бас қоса бастайды.
Олардың негізін оғыз және түркімен тайпалары құрса, кейін оларға көшпелі селжұқтар, қыпшақтар және Орталық Батыс Қазақстан тайпалары келіп қосылды.
Сол кезде селжұқтарды Тоғырұл бек басқарды. Үш қолбасшысы бар селжұқтар 1035 - 1038 жылдары стратегиялық жағынан мықты бекініс саналатын Хорасанға бекініп, Селжұқ империясының қуатын күшейте бастады.
Қарахандар билеушісі Бұры Тегін, Хорезм шахы Исмаил Хандан және т.б. бұрынғы ғазнауилердің тәуелділігінде болған мемлекеттер селжұқтармен нашар қарым-қатынаста болды.
Ал селжұқтар саяси жағынан аббасидтерге арқа сүйеді. 1039 жылы Масуд сұлтан мен Шағры бек бастаған селжұқтар арасында Балх түбіндегі Алиабад даласында шайқас болып, Шағры бек шегінуге мәжбүр болады.
Ол Серахсқа қоныстанады. 1039 жылы 27 маусым күні Теджен өзенінің маңында Тоғырұл, Шағры, Мұса бастаған селжұқтар ғазнауилерге қарсы шабуыл бастайды, оларға қарсы әмір Масуд 3 мың атты әскер шығарады.
Ахлат (Түркия). Селжұқтардың қорымы
Ахлат балбалдары...
Қоршауда қалған Шағры әскері кейін шегінеді, Тоғырұл мен Мұса да шегінуге мәжбүр болады. Масуд біраз жерге дейін селжұқтарды соңынан қуып, Серахсты өз иелігіне алады.
Масуд әскерлері жеңіске жеткенмен, ауыз су жоқтығынан әлсірейді. Ал селжұқтар шайқасқа қайта дайындала бастайды. Амалы құрыған ғазнауилер селжұқтармен келісім-шартқа отыруға мәжбүр болады.
Келісім-шартқа сәйкес селжұқтардың үш билеушісі Нисаны, Абиверді, Феравты өз иеліктеріне алады. Ал Мерв ғазнауи әскерлерінің қолында қалып қояды.
Бірақ Масудтың Гератқа кеткенін пайдаланған Шағры бек 7 айдың ішінде Мервті селжұқтарға тартып әпереді. Мұндай әрекет шартты бұзу деп есептеген Масуд солтүстік-батыс Хорасандағы селжұқтарға қарсы шайқасқа шығады.
Бұл соғыстың салдарынан Нишапурде, Абиверде, Феравта, т.б. аймақтарда аштық белең алады әрі күннің ыстығынан жергілікті халықтың да, әскерлердің де жағдайы нашарлай түседі.
***
1040 жылы 23 мамырда Данданакан қалашығының маңында үлкен шайқас басталады. Селжұқтардың тегеурінді шабуылдары ғазнауилерді үнемі шегіндірумен болды.
Ахлат қорымы
Қала тұрғындары Масудтың әскерлеріне қала қақпасын ашып бермегенімен, оларды азық-түлік, сумен қамтамасыз етеді.
Шайқастың шешуші сәттерінде Масуд әскерінің аз ғана бөлігімен қашуға мәжбүр болады. Масуд сұлтанның ойсырай жеңілуіне байланысты Данданаканда жаңа мемлекет орнайды.
Соғыс аяқталысымен, селжұқтардың билеушілері Хорасанның таяу және орта шығыс аймақтарына жорыққа шығады.
Тоғырұл бек Нишапурге, Мұса әскерімен Мервке, Шағры бек Балх пен Тохарстанға аттанады.
Сөйтіп, XI ғасырдың ортасына дейін созылған селжұқтардың жорықтары Әмудариядан Каспий, одан Тигр мен Евфрат, Қара теңіз және Жерорта теңізіне дейінгі жерлерді иеленумен аяқталады.
***
Селжұқтар құрған империяның Саманилер мен Ғазнауилерден айырмашылығы - ол бірте-бірте күшейіп, шекарасын кеңейтуге өз әдістерін пайдаланған және Орта Азия мен Қазақстан тайпаларының басын біріктіре алған күшті мемлекет болды.
Селжұқ империясының негізін қалаған оғыз-түркімен тайпалары Таяу және Орта Шығысты өздеріне қаратты. Селжұқтардың дүниежүзілік тарих аренасына шығуы Шығыс елдеріндегі саяси күштерге, экономикалық өмірге, әлеуметтік, мәдени және этникалық үрдістерге үлкен өзгерістер әкелді.
Селжұқ сұлтандығының картасы
***
Данданакандағы жеңістен кейін селжұқтарға Ауғанстан, Батыс Иран және Иракқа жол ашылды. 1040 жылы жазда Шағры бектің інісі Тоғырұл бек селжұқтардың билеушісі болып сайланды, ал оларға аға саналатын, әкелері жағынан туыс Мұса «байғу» атағын алды.
Ол атақтың дәрежесі «сұлтан» атағымен бірдей еді.
Олар ғазнауилердің сұлтаны Масудты қолға түсіріп, зынданға тастады. Ғазнауилердегі билік Мұхаммед Ғазнауидің қолына көшті, бірақ ол 1041 жылы сұлтан билігінен шеттетілді.
Талас-тартыстан соң билікті Масуд сұлтанның баласы сұлтан Маудуд (1041 - 1049) иеленді. 1049 жылы Хорасанға жорыққа дайындық үстінде кенеттен Маудуд қаза табады.
1052 жылы селжұқтар Ғазнадағы билігінен айырылды. Ұзаққа созылған соғыс 1060 жылы Шағры бек пен ғазнауи сұлтаны Ибраһим ибн Масуд (1059 -1099) арасындағы келісіммен аяқталды, аумақтарды бөлісу бейбіт жолмен шешілді.
Сол жылы Шағры бек қаза болып, ежелгі салт бойынша оның жесірін інісі Мұхаммед Тоғырұл бек алады. 1063 жылы Шағры бектің баласы Сүлейменді Тоғырұл бек өзі көзі тірісінде сұлтан етіп тағайындайды.
Бірақ, Сүлейменнің үлкен ағасы Алып Арслан Йагисиан мен Эрдем деген әмірлерге сүйеніп, 1063 жылы қыста билікті өз қолына алады.
Ортағасырлық деректер Алып Арсланды 200 мыңдай падишах бағынған I «Ұлы билеуші» деп жазады. Ол он жылдай билік еткенде (1063 - 1072) ауыл шаруашылығы мен қала тұрмысы жақсарды.
Селжұқ сұлтандығының картасы
***
Оның тұсында Қазақстан, Орта Азия, Иран, Ауғанстан, Таяу Шығыс, Үндістан және Кіші Азияны байланыстыратын сауда қатынасы дамыды.
Алып Арслан елді басқарған кезде Тоғырұл бек тұсындағыдай Селжұқ империясы тек әскери жағынан ғана емес, мемлекеттіліктің негізі жағынан да қуатты елге айналды. Тоғырұл бек тұсында басталған аббасидтермен құдандалық байланыс одан әрі жалғастырылды.
XI ғасырдың 60-шы жылдарының ортасынан бастап селжұқ жорықтарының жаңа бағыттары басталады. Селжұқ әскері екі бөлікке бөлініп, бірі Грузияға, екіншісі Византияға жорыққа аттанады.
Грузияның таулы қамалдарын алған соң, Алып Арслан олардың билеушісі Баграт ІV-мен (1028 -1072) бейбіт келісім жасайды.
Алып Арслан Византияға жасаған шабуылында 1071 жылы Манцикерт қамалы түбінде византиялықтарды тас-талқан етіп жеңеді.
Византия императоры Роман Диогенді (1068 - 1071) тұтқындап, оны тұтқыннан босату үшін жылына 360 мың динардан алып отырған, сонымен бірге тұтқындағы барлық мұсылмандарды босатуды талап еткен.
1065 жылы селжұқтар Мервтен шығып, солтүстік-батысқа қарай жылжиды. Ондағы мақсат Дешті Қыпшақ көшпенділерін бағындыру еді.
Сол жылы қыста олар Әмудариядан өтіп, Хорезмді басып алады, одан әрі жартылай шөлді жерлермен жүріп, Маңғышлақ, Каспийдің солтүстік-шығысына қарай жылжиды.
Жент пен Үргенішті алып, Мервке оралады. Бұл кезенде Қарахан қағандығы Шығыс және Батыс қағандықтарға бөлініп кеткен болатын.
Алып Арслан Мәуереннахр мен Түркістандағы қарахан билеушілерімен құдандалық қатынас орнату мақсагымен ұлы Мәлік шахқа табғаш қызын қосады, өзі Қадыр ханның қызына үйленеді.
***
Бірақ мұндай туыстық екі ел арасында бейбітшілікті сақтай алмады. 1072 жылы селжұқ әскері Мәуереннахрды басып алуға әрекеттенді.
Бұхараның біраз жерін басып алған Алып Арслан Бирун түбінде қаза табады. Селжұқтар оның сүйегін Хорасанға алып келіп, Мервтегі әкесінің жанына жерлейді.
Алып Арсланның ұлы Мәлік шах басқарған уақытты шығыс авторлары «селжұқ империясының жайма-шуақ кезеңі» еді деп жазады.
1089 жылы Мәлік шахтың әйелі Төркін хатунның ағасы Ахмад хан Батыс Қарахан қағандығында билікке келеді. Сол жылы Мәлік шах Мәуереннахрға жорыққа шығады. Бұхараны, Самарқандты басып алып, Ахмад ханды тұтқынға түсіреді.
Мәлік шах Ферғанаға қарай жылжып, Үзкентті алады, Қотан мен Шығыс Түркістанды өзіне қаратады. Қарахандардың әскери күшін әлсіреткен соң, Мәлік шах Хорасанға оралады.
Селжұқтардың барлық билеушілері де қалаларды гүлдендіріп, ортасынан өзен өтетін қалаларда көпірлер салдырып, каналдар қаздырды.
Қалалардың қақпалары үнемі жаңартылып түрды, базарлар көбейіп, ірі-ірі сауда орталықтарын салдырды. Діни құндылықтарды сақтау үшін мешіттер мен медреселер ашылды.
Ұлы Селжұқ империясы
***
Мұның өзі мемлекеттің қуатын арттыруға көмектесті. Медреселердің жаңа оқу әдісін пайдаланып дәріс беретін түрлері Бағдад, Мосул, Баср, Дамаск, Нишапур, Амул, Балх, Мерв, Герат тәрізді қалаларда қызу жұмыс жүргізді.
Мәлік шах қайтыс болған соң оның жесірі Төркін хатун билікке келді. Бағдад халифі өзінің билігін мақұлдаған соң, сұлтанның екінші ұлы Беркіарықты қудалауға кіріседі.
1094 жылы Төркін хатун мен Беркіарықтың арасында шешуші шайқас болады. Беркіарық жеңіске жетеді. Көп ұзамай Төркін хатун қаза тауып, артынан ұлы Махмұд көз жұмады.
***
Сөйтіп, 1094 жылы Беркіарық билікке отырады.
1096 жылы Беркіарық өзінің туыс інісі 11 жасар Санжарды Хорасан билеушісі етіп тағайындайды. Санжар басқарған сұлтан әскері Дамганға қарай жорыққа шығады, оған Беркіарықтың өзі де қосылады.
Көктемде Алып Арсланның баласы Арслан Арғұнның өлімінен кейің 1097 жылы соғыссыз бүкіл Хорасанды бағындырады.
Нишапур, Термез, Балхты билеп отырған Мәлік шахтың ағасының баласы Мұхаммед ибн Сүлеймен қолға түсіріліп, Санжардың бұйрығы бойынша екі көзінен айырылады.
Беркіарық Санжарды Хорасанға билеуші еткенімен, солтүстік-шығыс Иран мен Орта Азияға селжұқтар билігі орнады дегенге сене алмады.
Өйткені, бұл аймақтағы саяси жағдай тұрақты емес еді, мұнда бөлінуді жақтайтын қозғалыстар бар болатын. Беркіарық бұл жағдайды тұрақтандыру үшін Дадбек Хабашты әскерімен аттандырады.
***
Ол Хорезмдегі жағдайды қалыпқа келтіреді. 1100 жылы сұлтан Беркіарық Дадбек Хабашпен бірігіп, күшейіп алған Санжарға қарсы жорыққа шығады. Нушджан елді мекені маңында шешуші шайқас өтеді.
Санжар әскері үш қанаттан шеп құрып, Беркіарық әскерін қоршап алады, Дадбек Хабашты тұтқындайды, ал Беркіарық қашып құтылады.
Сөйтіп, Хорасанда жергілікті билеушілердің қарсылығына қарамастан, Санжардың билігі толықтай орнайды. 102 жылы Мәуереннахрдағы қарахандар билеушісі Қадыр хан Жабрайл Санжарға қарсы көтеріледі.
Санжардың Бағдадқа кеткенін пайдаланған ол үлкен әскерімен Хорасанға басып кіреді. Ирактан келе салысымен, Санжар Қадыр ханға соққы беріп, оны Балхқа қарай шегіндіреді.
Санжардың жіберген әскерлері Қадырханды аң аулап жүрген жерінен қолға түсіріп, жазалайды.
Санжар Мервтегі өзінің немересі Қарахан Мүхаммед Арслан хан ибн Сүлейменді шақырып, оны Самарқандқа билеуші етіп тағайындайды.
1103 жылы Санжар тағы да Мәуереннахр ісіне амалсыз араласады. Мұхаммед Арслан ханға қарсы қарахандық Сағырбек бас көтереді.
Санжар екі арадағы жағдайды бейбіт жолмен шешкенімен, 1109 жылы Сағырбек қайтадан бас көтеріп, Арслан хан тарапынан күшпен талқандалады.
***
1117 жылы Санжар Ғазнаны алып, ғазнауилердің билеушілері ағайынды Арслан шах пен Бахрам шах әскерлерін тізе бүктіреді.
1118 жылы Ирак сұлтаны Гийас әд-Дин Мұхаммед Тапар қаза тауып, орнына ұлы Мугис әд-Дин Махмұд сұлтан келеді. Ол Санжардан Мазендеранда тұтқынға түскендерді босатуын және жыл сайын салық төлеуін талап етеді.
Оған жауап ретінде Санжар 1118 жылы тамызда Махмұдқа қарсы соғысқа шығады. Хорасан әскерлері жауынгер пілдердің көмегімен Ирак әскерлерін талқандап, екі жақ бейбіт келісімге келіп, соғысты аяқтайды. Келісім арқылы аумақтар бөлінеді.
1125 жылы Елюй Дашы бастаған қидандар батысқа қарай жылжи бастайды. Олардың әскерлері қидан, ұйғыр, керейт, меркіт және т.б. тайпалардан кұралды.
1137 жылы Елюй Дашы Қашқар, Қотанды басып алып, Мәуереннахрға қарай аттанады. Ходжент маңайында қидандар мен Махмұд ибн Мұхаммед Арслан хан әскерімен шайқасады.
Қарахандар жеңіліп, қалған бөлігі Самарқандқа қашып кетеді.
Осы шайқастан соң Махмұд хан Санжар сұлтаннан көмек сұрайды. 1141 жылы шілдеде хорасан әскерлері Әмудариядан өтіп, Самарқандқа қарай бет алады.
Санжар соғысқа бұрынғы әдісі бойынша әскерін үш бөлікке бөліп, әрқайсысына жеке-жеке қолбасшы сайлап, жан-жақты дайындала бастайды.
Қидандар садақ, қылыш, балта, ұзын және қысқа найзамен қаруланады. Қидандарда атты әскермен бірге жаяу әскер де болады. 1141 жылы 9 қыркүйекте Катаван шайқасы басталады.
Онда қидандар бірден басымдылық танытады. Санжар әскерлері шегініп, Даргом маңында судан өткенде сұлтан әскерлерінің біразы қырылады.
Санжар 300-дей атты әскерімен қоршауда қалып, зорға дегенде қашып құтылады. Елюй Дашы көптеген тұтқындармен бірге селжұқтардың қолбасшыларын, Санжардың әйелін тұтқынға түсіреді.
Санжар әйелі үшін 500 мың динар, ал қолбасшылардың әрқайсысына 100 мың динардан беріп тұтқыннан босатып алады.
Сол кездегі деректер бойынша Катаван даласы адам сүйегінен көрінбей кеткен.
Жеңіске жеткен қидандар Бұхара мен Самарқанд арасындағы Кермин қаласына келіп, Си Ляо (Батыс Ляо) мемлекетін құрады.
Санжар Хорасан билеушісі болып келгенде, Ануштегіннің баласы Мұхаммед Хорезм билеушісі ретінде сайланады. Ол Шығыс Селжұқ сұлтандығына шын берілген билеуші болған.
1128 жылы Кутб әд-Дин Мұхаммед өлген соң, Хорезмде билікке ұлы Абул- Мұзаффар (1128 - 1156) келеді. Ол Санжардың әскери жорықтарына белсене араласып, өзінің талантты елші екендігін де көрсете білді.
XII ғасырдың 30-шы жылдары аяғында Хорезмнің тәуелсіздігі үшін Санжарға қарсы шығып, біраз жерлерді иелігім деп жариялап, өз аумағын белгілей бастайды.
***
Катаван шайқасынан кейін, 1143 жылы Санжар Мервке келіп, өз билігін нығайтып, астанасы Гурганжды басып алып, Атсызға өз билігін мойындатады.
Екі арада бейбіт келісім жасалады. 1147 жылы Санжар Хорезмге үшінші рет жорық жасап, екі айдан кейін Хазараспты алып, Гурганжге қарай қозғалады.
Бұған Атсыз еш қарсылық көрсете алмай, Санжарды келісімге шақырып, одан кешірім сұрайды. Санжар мәрттік көрсетіп, кешірім жасап, Мервке қайта оралады.
XII ғасырдың 40-шы жылдарының екінші жартысы мен 50- ші жылдардың басында қидандар тарапынан Орта Азия мен Қазақстандағы жағдай өзгереді.
Атсыз қидандарға жылына 30 мың динар төлеп тұруға міндеттенеді. Бұл жағдай Санжар мен Атсызды жақындастыра түседі.
1153 жылы оғыз тайпалары Балх түбінде селжұқтарға қарсы табандылықпен шайқасып, әйгілі Шығыс Селжұқ империясын талқандайды. Бұл оқиға туралы деректерде әр түрлі жазылған.
***
Санжар Мерв түбінде тұтқындалады. Кейбір мәліметтер бойынша, Санжардың оғыздардан жеңілуіне қолбасшыларының арасындағы алауыздық себеп болған екен.
Ал кейбір деректерде оғыздар жеңілген күнде олардың әйел-балалары аяусыз қырылып, өздері қатаң жазаға ұшырайтынын біліп, жігерлі табандылықпен шайқасты делінген.
1156 жылы Атсыз өзінің ұлы Ел Арсланды ертіп, Хорасанға қарай жорыққа аттанады. Ол Шахрстанда болғанда, Санжардың тұтқыннан қашып кеткенін естіп, Термезге жеткен Санжарға құттықтау хат жолдайды.
Санжар Термезде оғыздарға шабуыл жасаудың жоспарын дайындайды.
1156 жылы шілдеде Санжарға көмекке келе жатқан Атсыз жолда қаза табады. Санжар енді Хорасанда өз билігін орнатудан үмітін үзе бастайды.
Сөйтіп, ол Андараб қамалына бекінеді, өзі сол жерде 1157 жылы 29 сәуірде ауырып көз жұмады. Санжардың өлімінен кейін оның немересі Махмұд Мервте ұзақ отыра алмайды.
1158 жылы оғыздар Балх пен Мервті тартып алады, Махмұд әскері талқандалып, өзі әрең қашып құтылады. Санжар билігінен кейін селжұқтарды басқарған билеушілердің бәрінің де оғыздарға жасаған жорықтары үнемі сәтсіздікпен аяқталып отырған.