Б.з. I мыңжылдығының соңында Қазақстан аумағын мекендеген
қыпшақ тайпасы VII - IX ғасырларда Ертіс аймағына келіп, біртіндеп өз билігін батысқа қарай кеңейте түскен қимақтарға саяси тәуелді болды.
Қимақтар оғыздармен Ұлытау және Кеңгір өзені арқылы шекараласты. Әрине, бүл шартты түрдегі жағдай.
Ал, шын мәнінде, шекара өзгерістерге жиі ұшырап отыр ды. Қыпшақтар қимақтардың билігінен біртіндеп құтылып, Орталық Қазақстан мен Арал теңізінің солтүстігіндегі жерлерге өз иеліктерін ұлғайта түсті.
Қыпшақтар батысқа бет алып, Торғай даласы арқылы Еділге дейін, оңтүстік-батыс бағытымен Сырдарияның орта ағысына қарай жылжыған.
XI ғасырдың басында Қимақ қағандығы құлағаннан кейін Қазақстан даласының Жетісудан басқа жерлерінің барлығы қыпшақтардың қол астына өтті.
Қыпшақ жауынгерлері. VIII - IX ғғ. Қ.С. Ахметжановтың “Жараған темір кигендер” кітабынан
Бірақ Қыпшақ хандығының жолында Сырдарияның төменгі ағысы, Төменгі Еділ, Батыс Қазақстан даласындағы оғыздардың иеліктері тұрды.
Сондықтан ол жерлерді иелену үшін қыпшақтарға оғыздармен қақтығысуға тура келді.
X - XI ғасырлар тоғысындағы Оғыз мемлекетіндегі оқиғалар қыпшақтарға қолайлы жағдай тудырды. Бұл кезеңде ауыр салықтарға наразы халықтың бас көтеруінен әрі Жент аймағын басып алған селжұқтардың көтерілісіне қарсы күрестен әбден қалжыраған оғыз жабғуы солтүстік пен шығыстан басып кірген қыпшақтарға қарсы тұра алмады.
Қыпшақтар оғыздарды талқандап, XI ғасырдың ортасында Арал маңындағы ортаңғы және төменгі Сырдарияны қосып алды.
Батысқа кетпей қалған оғыздар қыпшақтарға бағынып, Янгикент және Жент аймақтарындағы жайылымдары қыпшақ хандарының иелігіне өтті. Қыпшақтар оғыз жерін өздеріне қосып алып, Орта Азиядағы ірі мемле- кеттік құрылым - Хорезм мемлекетімен шекараласты.
Дешті Қыпшақ картасы
Маңғышлақты мекендеген қыпшақ тайпалары Хорасанға шабуылдай бастады. Қыпшақ хандары оңтүстігінде өз мемлекетінің шекарасын кеңейтіп, Тараз төңірегіне дейін жетті.
Онда қарахандармен шекарада Кеңжақ-Сеңгір бекінісін салды. Орталық Дешті Қыпшақ пен Қарахан мемлекеті билеушілерінің иеліктері арасындағы табиғи шекара Балқаш көлі мен Алакөл ойпатындағы көлдер арқылы өтті.
Қыпшақтардың шығыс шептері XI ғасырда Ертістің оң жағалауы мен Алтай тауларының беткейлерін қамтыды.
XII ғасырда қыпшақ тайпалары Алтайда наймандармен, қаңлылармен және керейттермен шектесіп жатты. Осылайша Қыпшақ хандығы шығыстағы Ертістен батыстағы Еділге дейінгі орасан зор далалық жерлерді иеленді.
XI - XII ғасырларда хан бастаған Қыпшақ тайпалық бірлестігі құрылды. XI ғасырдың екінші ширегінің басында «Оғыздар даласы» («Мафазат әл-гузз») деген атаудың орнына «Қыпшақтар даласы» («Дешті Қыпшақ») деген атау пайда болды.
XI ғасырдың ортасында кумандардың негізгі тұрғындары мен билеуші тоқсоба және бұжоғлы руларының қол астындағы қыпшақ тайпаларының үлкен тобы оңтүстік Орыс және Қара теңіз өңіріне, Византия шекараларына дейін қоныс аударды.
Осыдан соң қыпшақ жері Еділ өзені бөліп жатқан бөріоғлы тайпасы бастаған Шығыс Қыпшақ және тоқсоба тайпасы бастаған Батыс Қыпшақ мемлекеттеріне бөлінді.
Еділ өзенінің батысындағы оңтүстік орыс даласын, Кавказ, Қырым өңірін және одан әрі батысқа созылған жерлерді мекендеген бөлігі «батыс қыпшақ» деп аталды.
Батыс қыпшақтар орыстармен және еуропалықтармен қарым-қатынас жасады. Орыстар қыпшақтарды «половецтер», ал батыс еуропалықтар «командар» деп атаған.
Қазіргі Қазақстан аумағының көп бөлігі Шығыс Қыпшақ ұлысы ханының билігінде болды.
Елбөрі әулеттік ру саналып, хандар солардан шықты. Хан ордасында ханның мал-мүлкі мен эскерін басқарушы ханның басқару аппараты орналасты.
Қыпшақ хандығы ертедегі түріктердің дәстүрімен әскери-әкімшілік жағынан екі - оң (ордасы Сарайшық болуы мүмкін) жэне сол (ордасы Сығанақ) қанаттарға бөлінді.
1065 жылы селжұқтардың билеушісі Алып Арслан Хорезмді бағындырып, қыпшақтарға қарсы Маңғыстауға жорық жасайды.
Алып Арслан
Ол қыпшақтарды бағындырып, оғыздардың шағрақ тайпасының 30 мыңдық әскерін талқандайды. Осыдан кейін селжұқ сұлтаны Жент пен Сауранға аттанады.
1096 жылы «құдіретті» хан бастаған қыпшақтар Хорезмге шабуыл жасады. Алайда селжұқтардың қарсылығы оларды Маңғыстауға қайтуға мәжбүр етті.
XI ғасырдың аяғында Жент, Жанкент және төменгі Сырдарияның басқа қалалары қыпшақ көсемдерінің қолында болды.
Хорезмшах Кутб әд-Дин Мұхаммед билігі тұсында (1097 - 1127) қыпшақтардан үнемі қорғанып отыруға мәжбүр болған.
Мұхаммед қыпшақтардың шабуылына шамасы келмей, селжұқ сұлтаны Санжардың көмегіне сүйенген. Мұның өзі XI ғасырдың басы XII ғасырдың аяғындағы Қазақстан аумағындағы қалыптасқан Қыпшақ хандығының мықты күшке айналғандығын көрсетеді.
Бірақ Кутб әд-Дин Мұхаммедтің мұрагері хорезмшах Атсыз (1127 - 1156) қорғаныстан шабуылға көшеді. Ол исламды таратуды желеу етіп, Жентке жорық жасап, оны жаулап алады да, содан солтүстікке аттанып, Маңғыстауды өз иеліктеріне қосады.
Қыпшақ жеріне ішкерілей енген Атсыз бірнеше сәтті жорықтар жасайды.
Қыпшақтардың әскери ақсүйек шонжарлары 1145 - 1152 жылдары Атсызға Жентті үш рет беруге мәжбүр болған.
Жент пен Маңғыстауды өз иеліктеріне қосу арқылы ол көршілес көшпелі тайпаларды Хорезмге тәуелді етті.
Атсыз үлкен ұлы әл-Арсланды Жентке билеуші етіп тағайындады. Осылайша ол өлерінің алдында қыпшақтардың көп жерін басып алумен қатар, Қыпшақ хандығының арасына алауыздық тудырып кетті.
Нәтижесінде, Қазақстан аумағында қыпшақ тайпаларының екі тобы қалыптасты. XII ғасырдың 30-шы жылдары қыпшақтар екіге бөлінді: оның бірі Батыс Қазақстан мен Солтүстік Арал маңындағы далаларды қамтыса, екіншісі, негізінен, Орталық Қазақстанға билік етіп, Сығанақтық иеліктерді құрды.
Қыпшақ тайпаларының мұндай бытыраңқылыққа ұшырауы хорезмшахтардың дін үшін күрес деген ұранмен көшпелілерді бағындыруын жеңілдетті.
Бұдан кейінгі моңғолдар шапқыншылығына дейінгі кезең хорезмшахтардың Сығанақ пен Жентті бағындыру үшін жүргізген күрестеріне толы болды.
XII ғасырдың екінші жартысынан бастап, әсіресе, Текеш билік құрған кезеңде (1172 - 1200) қыпшақ, қимақ, қаңлылардың басшыларын хорезмшахтар қызметке тарта бастады.
Қыпшақ пен хорезмшах билеушілері арасында туыстық байланыстар орнады. Қыпшақ ханы Жанкешті өзінің қызы Теркенді хорезмшах Текешке берді.
Ұран тайпасының көсемі Алып Қара бастаған қыпшақтар 1181 жылы хорезмшахқа қызмет етуге тілек білдіріп, үлкен ұлы Қыранды оғландармен бірге хорезмшахқа қызмет ету үшін Гурганджға жіберген.
Текеш жіберген адамдарды жақсы қарсы алып, Қыранға өз қызын ұзатады. Көп кешікпей Текештің ұлы Мәлік шах пен Алып Қараның біріккен әскерлері қарақытайларға қарсы аттанады.
Осы бірлескен қимылдардың нәтижесінде Таразға дейінгі жер азат етіледі. Хорезмшахтарда қызметте жүрген қыпшақ билеушілерінің Дешті Қыпшақтағы далалық тайпаластарының жағына шығып кетуі жиі орын алған.
1195 жылы Сығанақ пен Жент билеушісі қыпшақ ханы Қадыр Бұқа қасиетті соғыс сылтауымен шыққан Текештің әскерімен шайқасады.
Шайқастың шешуші кезеңі ұран тайпасынан шыққан қыпшақ ұландарының Қадыр Бұқа хан жағына өтуі нәтижесінде шешіледі.
Талқандалған әскерінің қалдығымен Текеш Хорезмге қайтып оралады. XII ғасырдың ортасында қыпшақтар мен қимақтардың әскери қолдары Еділ бойында орналасқан Саксин мен оның төңірегіне жорық жасап, нәтижесінде Саксин тұрғындары қыпшақ хандарына тәуелді болып қалды.
Текеш қыпшақ билеушілерінің арасында алауыздық тудырып, оларды бір-біріне қарсы айдап салу арқылы өз дегенін жүргізе білген.
XII ғасырдың аяғында Қадыр Бұқа хан мен оның жиені Алып Дерек келіспей қалады. 1198 жылы Текештің ұлы Мұхаммед Алып Дерекпен бірге далаға жорық жасайды.
Қадыр Бұқа хан талқандалып, Хорезмге жеткізіледі. Хан билігі Алып Дерекке көшеді, ол хорезмшахтарға тәуелсіз саясат жүргізеді.
Оның одан әрі күшеюінен қауіптенген Текеш Қадыр Бұқа ханды босатып, оған Хорезмнің көп әскерін беріп, оны Алып Дерекке қарсы аттандырады.
Соның нәтижесінде Алып Дерек те, Қадыр Бұқа ханның өзі де хорезмшахқа тәуелді болды.
Мұхаммед хорезмшахтың қарақытайлармен күресін пайдаланған қыпшақтар Хорезм жеріне қайтадан шабуыл жасай бастайды.
Бірақ оның көбі ұзамай жеңіліске ұшырайды. XIII ғасырдың басында хорезмшах Мұхаммед (1200 - 1220) Сығанақты өзіне бағындырады.
Қыпшақ хандары Сығанақтан айырылғанына қарамастан, Хорезмге қарсы күресін жалғастыра берді.
Мұхаммед Женттен солтүстікке қарай Дешті Қыпшақтың қыпшақтарына қарсы талай жорықтар жасады. 1210 жылы Жент аймағындағы қыпшақ тайпаларының бір бөлігінің көтерілісі болды.
1216 жылы Қадыр ханға (Алып Дерек) қарсы бір соғыс жорығы кезінде ол Ырғызға дейін жетіп, онда Торғай даласында моңғолдардан қыпшақ еліне қашқан меркіттерді қуып келе жатқан Жошы әскерімен күтпеген жерден қақтығысып қалады.
Сұлтанмен шайқастан кейін моңғолдар түн жамылып шегініп кетеді.
Мұхаммед хорезмшах шешесі Теркен хатунның айтқанынан шықпай, Алып Деректі жазалай алмайды. Себебі, Алып Деректің туысы болып келетін Теркен хатун (әкелері бір туған) хорезмшах әскерін басқарушы қыпшақ әскери ақсүйектерінің қолдауына үнемі арқа сүйеп, өз дегенін істеп, билікке үнемі араласып отырған.
Алып Дерек өзінің Хорезмге тәуелділігін мойындап, Түркістан өңіріндегі қыпшақтардың ханы болып тағайындалады. Мұхаммед Хорезмде кепілдікке оның екі баласын ұстайды.
Мұсылман дінін қабылдаған ол Алып Дерек деген аты мен инал титулынан бас тартып, 1218 жылы Қайыр хан деген лауазымды иеленіп, Отырарды билейді (Алып Дерек - Иналшық Қадыр хан).
Тайпалық және этникалық құрамы
Деректерде қыпшақ тайпалары туралы әр алуан мәліметтер келтіріледі. Мәселен, таңдаулы тайпа:
- бөрілілер (ел-бөрілілер), қыпшақ хандары солардан шыққан;
- тоқсоба, «тоғыз тайпалы» деген мағынада;
- йети оба, яғни жеті тайпалы (жетіру);
- «төрт тайпалы» дегенді білдіретін дурут (төртоба) тайпасы;
- әл-Арс, Арал теңізіне көршілес мекендеген түркі тілдес астардың (арыстар) жекелеген топтары;
- бұржоғлы, оңтүстік орыс даласында қыпшақтардың үстем тобын құрап, Мысырда өз ортасынан мәмлүк-сұлтандардың әулетін шығарған;
- манқұроғлы, қимақ тайпаларының бірі болса керек;
- имек тайпасы - қимақ этносының нақ өзі.
Тайпалар бірлестігіне, сонымен қатар,
қимақ (имек, манқұроғлы)
печенег-башқұрт (башқұрт, бажанақ, бажа)
ас
куман (куманлу, бұржоғлы және жортан) тайпалары мен
қыпшақ тайпаларының өздері (елбөрілі, тоқсоба, йетиоба, төртоба) енген.
***
Сонымен бірге қыпшақтардың құрамында Шығыс Түркістаннан X ғасырда келген ұрандар, баяттар, азкиштер мен түркештер сияқты түркі тілдес тайпалар болған.
Қыпшақтардың саяси салмағының арта түсуіне байланысты көптеген тайпалар мен этникалық топтар қыпшақ этнонимін қабылдап, өздерін қыпшақтармыз деп атай бастаған.
Шаруашылығы
Қыпшақтар, негізінен, мал шаруашылығы кәсібімен шұғылданды. Қойдың жүні мен терісінен киімдер дайындады.
Олар көші-қонға бейім, кішкене құйрығы бар қойдың екі тұқымын өсірді. Сонымен бірге құйрықты қой да өсірілген, олар көктем шығар кездегі жем-шөп тапшылығына төзімді еді.
Көшпелі тұрмыс жағдайында алыс жайылымдарды игеруге мүмкіндік беретін ерекше жылдамдығы мен төзімділігі, соғыста және аң аулауда пайдаланылатындығы арқасында жылқы аса бағалы жануар деп есептелді.
Қыпшақтар сиыр мен қой етінен гөрі жылқы етін артық көрді, ал бие сүтінен тамаша шипалы сусын - қымыз дайындады.
Сондықтан қыпшақтар тек қана тебіндеп жайылатын жылқы өсіруге ерекше көңіл бөлген. Жылқы санының көп болуы әрқашан да байлықтың өлшемі еді.
Қыпшақтар қой, жылқымен қатар, ірі қара өсірумен де айналысты, бірақ саны жағынан бұл әлдеқайда аз болды. Сиыр алысқа көшкен кезде көп жүрісті көтере алмайды.
Мұның өзі қыпшақ тайпаларының белгілі бір топтарының тұрақты қыстаулары бар жартылай көшпелі тұрмыс салтының болғанын көрсетеді.
Қыпшақтардың Батыс Қазақстан аудандарына ілгерілеуіне қарай олардың жекелеген топтары түйе шаруашылығымен айналыса бастады.
Құмды және жайылымы тапшы жерлерде түйе өсірген пайдалы болды. Мал азығы үшін орасан зор жайылым қажет еді, сондықтан қыпшақтардың көші-қоны ғасырлар бойы орныққан белгілі бір бағдарлармен жүрген.
Қыпшақтар аң аулауды қосалқы кәсіп етті. Аң аулағанда садақ пен жебені қолданып қана қоймай, аңға құс салған, қоян, түлкі, тіпті қасқырды да итпен ұстаған.
Қыпшақтар үшін бағалы аң терісі басқа елдермен сауда жасаудың маңызды көзі болды. Аңды жеке шығып аулаумен қатар, олар қаумалап аулауды да ұйымдастырған, оның шаруашылық жағымен бірге әскери өнер, жасақтардың жауынгерлік әзірлігін шыңдау амалы ретінде де маңызы зор еді.
Қыпшақтардың қатты кедейленіп қалған адамдары өзен жағасынан балық аулаумен айналысты.
Ортағасырлық деректерде қыпшақтардың дәнді дақылдар мен бұршақ дақылдарын өсіргендігі туралы айтылады.
Қыпшақтар, негізінен, тары, сондай-ақ, арпа мен бидай еккен. Олар астықты Орта Азияның егіншілеріне мал шаруашылығы өнімдеріне айырбастап алып отырған.
Қыпшақтардың кейбір топтарының суармалы егіншілікпен айналысқандарын көптеген бөгендер, құдықтар мен тоғандардың орындары дәлелдейді..