Мобильді баннер 1
АрқамандықЕрқайысТоқшылық
Қарахан мемлекеті. IX - XII ғасырлар

Ұйғыр қағандығы құлаған соң қарлұқтардың жабғуы (билеушісі)

Білге Күл Қадыр хан қарлұқ, шігіл, яғма, түркеш сияқты түркі тайпаларын бір мемлекетке біріктіреді. 

 

Осы мемлекет кейіннен Қарахан қағандығы деп аталады.

Бұл мемлекеттің негізін қалауда қарлұқ және шігіл тайпалары басты рөл атқарған. Ал әскери қолбасшылар яғма тайпасынан шыққан.

Самани мемлекеті (ирандық) бірнеше рет Жетісу мен Қашқарға жорық жасап, оның бәрі сәтсіз аяқталады. 840 жылы саманилердің билеушісі Нұх ибн Асад Исфиджабты басып алып, түріктерден қорғану үшін қорған салдырады. 

Осы екі шекарада болған соғыстар екі мемлекетке де тиімді болған жоқ.

 

Білге Күл Қадыр хан өлгеннен кейін оның орнына келген ұлы Базир билікті Арслан хан деген лауазыммен иеленеді. 

Оның ордасы Баласағұнда орналасады. Ағасы Оғұлшақ Қадыр хан екінші билеуші ретінде Таразда билік жүргізеді.


893 жылы саманилер Исмаилдің (874 - 907 жылдары) басшылығымен Таразды қарахандардан тартып алады. Оғұлшақ Қадыр хан енді өз ордасын Қашқарға ауыстырады. Оның немересі Сатұқ Боғыра атасының қасында болады.

 

Сатұқ Қашқарда Оғұлшақ Қадыр ханды паналап жүрген самани бекзадасымен дос болып, сол арқылы исламды қабылдайды.

910 жылы Сатұқ Боғыра билікке келген соң исламды мемлекеттік дін деп жариялап, өзі Абдулкарим Сатұқ деген есім алады. 

Осыдан кейін исламды қарлұқтар жаппай қабылдай бастайды. Бұл жағдай ислам әлеміне, түркілер тарихына үлкен өзгеріс әкелді. 

Қысқа мерзім ішінде ислам дінін толық қабылдаған түріктер исламды әлемге таратты.

Қарахандар мемлекетінің туы

Қарахандар мемлекетінің туы

 

Қарахандар ұзақ уақыт бойы соғысып Қотан мен Жаркентті жаулап ала алмады. Оңтүстік көршілерінің қарсылығына тап болған олар енді өз әскерін солтүстікке қарай бұрды. 

 

X ғасырдың 90-жылдарында қарахандар бүкіл Орталық Тянь-Шань мен Жетісуды басып алды.

 

Солтүстік-шығыстағы Қарақорымда қарахандар басмыл және ұйғыр тайпаларымен, ал солтүстікте (Ертіс маңайында) қимақтармен соғысты. 

Осылайша қарахандардың шекарасы солтүстік-шығыста Балқаш көлі жағалауымен шектесіп, оңтүстікте және шығыста Ыстықкөл мен Алакөлге дейін жетті. Олар бұл аумақтан шығып, Ертіс өзені аймағына қарай жылжыды. Жаулап алған жерлерінің бәріне ислам- ды күшпен енгізді.

 

955 жылы Сатұқ Боғра хан қайтыс болып, орнына ұлы Сүлеймен Тоңға таққа отырды. Ол елдің ішкі жағдайына, әсіресе, Қарахан мемлекетіндегі бүкіл түркі тайпаларының бірігуіне көп күш салды. 

 

Ибн әл-Асир дерегі бойынша, 960 жылы Сүлеймен тұсында түркілердің басым көпшілігі исламды қабылдап, Қарахан мемлекеті мұсылман мемлекетіне айналған, оның билеушісі «¥лы қаған» деген лауазымға ие болған.


¥лы қаған Сүлеймен Тоңға қайтыс болған соң, орнына ұлы Харун Боғра хан сайланды. Ол Жетісу, Қашқар, Орта Азияның біраз аймақтарын, Шаш, Ферғана және ежелгі Соғды жерлерін мекендеген түркі тайпаларының басын қосып, ірі империя құрды. 

Қарахандардың Орта Азияның батысына қарай жылжуы жаулап алу жорығы емес, көшпенділерге жаңа қоныс іздеу мақсатынан да туындаған әрекет болатын. 

Осы кезендегі қарахандардың саманилерге жасаған жорығы сәтті аяқталды. Араб деректері бойынша, Ош пен Үзкентке қарахандар келместен бұрын да онда түркі тайпалары көп болған, сол себепті де қарахандар жеңіске оңай қол жеткізген.


Осы кезеңде саманилерді Нұх II ибн Мансұр (976 - 997) басқарған. Өзінен кейінгі екінші билеуші Әбу Әли Нұх ІІ-ден Хорасанды иелік етуге беруін талап етеді. 

 

Нұх II онымен келіскен сыңай танытып, биліктен тағы бір үміті бар Герат билеушісі Фаикті Әбу Әлиге айдап салады.

Фаик Хорасанға жорыққа шығады, оған жолда күтпеген жерден Әбу Әли шабуыл жасап, Фаик әскерлерін талқандайды. Осы жағдайдан соң Нұх II Әбу Әлиге Гератты да қосып береді. 

Әбу Әли өзін Хорасан билеушісі деп жариялап, Нұх ІІ-нің билігіне бағынбайтындығын жария етеді. Бірақ ол Нұх ІІ-ден сескеніп, Қарахан қағаны Боғра ханға хат жолдайды. 

Сөйтіп, қарахандар Мәуереннахрды, ал Әбу Әли Хорасанды билеуге келіседі.

Қарахан әулеті заманында жасалган куміс әшекейлер. Қысмышы қалашыгы. X—XII ғғ.

Әбу Әлимен шайқаста жеңілген Фаик Нұх ІІ-ге шабуыл жасап, жеңіліп қалған соң, Термезге қашып кетеді. Саманилер мемлекетіндегі осындай бытыраңқылықты пайдаланған қарахандар Мәуереннахрды жаулап алуды көздейді. 

990 жылы Харун Боғра хан жорыққа шығып, саманилердің солтүстік-шығысындағы қорғаныс қызметін атқаратын Исфиджабты бірден жаулап алады.

Талас, Шаш, Електегі билігін тұрақтандырған Харун Боғра хан 992 жылы әскерімен Бұхараға қарай жорыққа аттанады. Самани әмірі Нұх II оған қарсы қолбасшы Аяшты әскерімен жібереді. Бірақ ол жеңіліс тауып, өзі тұтқынғатүседі. 

Осы кезде бұрынғы Фаик Нұх ІІ-ден кешірім сұрап, Бұхараға оралады. Әмір оны әскер жасақтау үшін Самарқандқа жібереді. 

Екінші рет саманилер мен қарахан әскерлері Рабат-Мәлік жанындағы Харджендте кездеседі. Фаик бұл соғыста әдейі жеңіліп, Бұхараға шегінеді. 

Бұған Боғра ханның Фаикті Термез бен Балхқа билеуші етіп қоюы нақты дәлел болып табылады.

 

Нұх II Харджендтегі жеңілісті естіп, Бұхараны тастап Әмудариядан өтіп, Амул жағалауына кетеді. Харун Боғра хан Бұхараны қарсылықсыз алады. 

Онда ұзақ отыруға Боғра ханның денсаулығы жарамайды да, ол Мәуереннахрдағы тамаша қала Самарқандқа келеді. Осы сәтті пайдаланған Нұх II Бұхараға оралады, оған Әбу Әли көмектеседі. 

 

Бірақ көп ұзамай Әбу Әли Нұхқа қарсы шығады. Боғра хан денсаулығының нашарлауына байланысты өз еліне - Қашқарға қайтып келе жатқан жолда қайтыс болады. Осылайша қарахандардың саманилерге жасаған алғашқы жорықтары сәтсіз аяқталады.


Қалыптасқан жағдайды пайдалана білген Нұх II қарахандарды біржолата талқандағысы келсе де, оған қолбасшы таппай қояды. 

Бір жағынан өз жерінде де тыныш емес еді. Хорасан уақытша біріккен Әбу Әли мен Фаиктің қолында болады. Ал Ғазна мен Гератты саманилерден бөлек түркі билеушісі Себук тегін билейді.


992 жылы Боғыра хан қайтыс болып, орнына Ахмет Қара хан (не- месе Ахмет Туған хан) келеді. Бірақ іс жүзінде билік еткен Наср ибн Әли болатын. 

996 жылы түркілер Бұхараға жорыққа дайындала бастайды. Наср ибн Әли Боғра хан секілді елді бір орталыққа бағындыра алған жігерлі билеуші еді. 

Тараз крласындагы Қарахан кесенесі

Тараз крласындагы Қарахан кесенесі

 

Қарахандардың жорыққа шығатынын естіген Нұх II Себук тегіннен көмек сұрайды. Себук тегін Нұх II- ге жедел көмекке шығады. 

 

Балхтан оған Чаганиян-Гузган мен Хутталянаның билеушілері өз әскерлерімен қосылады. Кеша аумағына келіп қоныстанған Себук тегін Нұх ІІ-ден әскерімен өзіне келіп қосылуын талап етеді. Мұндай талап қойғаны Нұх ІІ-ге ұнамай қалады. 

Ол Себук тегіннен Бұхараға келуді талап етеді. Ал Себук тегін 20 мың әскерін Бұхараға жіберіп, одан билікті тартып алады.


Себук тегін Насырға елші жібереді, екі жақтық келісім бойынша, қарахандар бүкіл Сырдария аумағын иеленетін болады. Әмударияның оңтүстігінен басталған үлкен аумақ пен Хорасан аумағы Себук тегінге қарайды. 

Саманилер Мәуереннахрдың орталық бөлігін ғана билейді. Жерді осылай бөлу Нұх II- нің қатысуынсыз-ақ жүргізілді. 

997 жылы Нұх II қайтыс болып, орнына келген Мансұр елдегі үстем тап өкілдерімен келісіп, мемлекеттегі дүрбелеңді тоқтатуға кіріседі. 

Үзгендегі Қарахан кесенесі

Үзгендегі Қарахан кесенесі

Бірақ елдегі үстем тап өкілдері мен беделді адамдар арасындағы ішкі қырқыс өрши түседі. Соның нәтижесінде 999 жылы Фаик қарахандарға сүйеніп, Мансұрды биліктен тайдырып, оны екі көзінен айырады.

999 жылы Сұлтан Махмұд мамыр айында саманилер әскерін талқандап, Хорасанды өзіне қаратып, Ғазнаға оралады. 999 жылы 10 қазанда Наср ешбір қарсылықсыз Бұхараны жаулап алады. 

Әмір Мансұрды бауырларымен, туған-туыстарымен тұтқындап, Үзкентке алып кетеді. Елек Насыр біраз уақыт саманилердің астанасында тұрақтап, қайтадан Үзкентке оралады. 

Ол Бұхараға інісі Жафар тегінді билеуші етеді, ал Самарқандқа әскерімен Тегін ханды қояды. Бірақ саманилер Бұхара мен Самарқандты қайтару үшін бірнеше мәрте жорықтарға шығады.

Батыс Қарахандардың Шахи Зинда кесенесі. XI-XIV ғасырлар

Батыс Қарахандардың Шахи Зинда кесенесі. XI-XIV ғасырлар


Нұх ІІ-нің баласы Әбу Ибрагим Мунтасир Үзкенттегі келісімнен бас тартып, біраз уақыт бойы Бұхараны паналайды. 

Кейін Хорезмге келіп, саманилердің қалған әскерлерін жинап, Зеравшанның оң жағалауында Нұрада (Нұр-Ата) көшіп жүрген оғыздардан көмек сұрайды. 

 

Оғыздар оған көмек берген соң, Ибрагим Мәуереннахрға Арслан-Балу бастаған біріккен әскерлерін жібереді. 

Олар Бұхараға басып кіріп, қарахандардың 17 билеушісі мен Жафар тегіннің билеушісін алып қайтады.
Насыр Әмудариядан өтіп, бекінбекші болған Ибрагимге қарсы жорыққа шығады. 

Бірақ оған қарсы Насырмен одақтас сұлтан Махмұд Ғазнауи шайқасып, Ибрагим әскерін талқандайды. Ибрагим 1003 жылы Мәуереннахрға келіп, селжұқтармен бірлесіп, қарахандарға бірнеше рет соққы береді. 

 

Жеңіске жеткен соң селжұқтар біраз тұтқындарды алып, өз жерлеріне қайтып кетеді. Әбу Ибрагим аз ғана әскерімен Бұхара аймағындағы Нұр бекінісіне бекініп, қарахандардың бір бөлігіне шабуыл жасап, оларды талқандайды. 

Насыр оған қарсы әскер жібергенімен, Ибрагимге селжұқтар көмекке келеді.


1004 жылы Бурнамад маңайында шайқас болып, онда қарахандар жеңіледі, селжұқтар қарахандарды тонап, өз еліне қайта оралады. 

Насыр әскер жасақтап, саманилерге шабуыл жасап, оларды талқандайды, Ибрагим Мунтасир Хорасан арқылы Әмударияға қашып, онда көшпенді араб ибн Бухейдждің қолынан қаза табады. 1005 жылы Мунтасирдің өлімінен кейін қарахандарға қарсылық тоқтатылады.

Қарахандар бауірінің ескерткіші - Бабажы қатын кесенесі

Қарахандар бауірінің ескерткіші - Бабажы қатын кесенесі

 

1006 жылы Елек Насыр Махмұд Ғазнауидің Үндістанға кеткенін пайдаланып, Балхты, Гератты басып алады. Бұл жағдайды естіген Махмұд Ғазнауи кері оралып, Жафар тегін мен Сюбашы тегіннің әскерлерін талқандап, қалаларын қайтарып алады. 

Насыр шайқасқа дайындалып, өзінің туысы, Қотан билеушісі Жүсіп Қадыр ханнан көмек сұрайды. Біріккен күш 40 мың әскермен Балхқа қарай жорыққа аттанады. 

1008 жылдың басында екі түркі әскерлері қарахандар мен ғазнауилер Балх маңындағы далада кездеседі. 

Қарахандар дәуірінің ескерткіші 

Қарахандар дәуірінің ескерткіші 

Айша бибі кесенесінің сәндік қаптамалары

 

Екі жақ ұрандатып соғысты бастайды. Қарахандар сұлтан Махмұдтың 500 піліне қарсы тұра алмай жеңіліске ұшырайды. 

Насырдың ағасы Тоған хан өз інісіне қарсы Махмұдпен келісім жасайды. Насыр Үзкенттен Қашқарға жорық жасағысы келгенімен, қалың қардан әскері жүре алмай, кері оралады. 

Осы жағдайдан кейін екеуі де Махмұдқа достастық жайында елшілер жібереді. Махмұд екі елшіні де қошеметпен қарсы алады, 1018 жылы Тоған хан, одан кейін Насыр қайтыс болған соң, 1025 жылы қарахандардағы билік Боғра ханның баласы Жүсіп Қадыр ханның қолына тиеді. 

Екі ағайынды билеушілер өлген соң, Қарахан мемлекетінде өзара билікке таласқан қырқыс басталып, ақыры 1042 жылы қағандық екіге бөлінеді. 

Шығыс Қарахан қағандығының аумағына Иеди-Су, Шу, Талас, Сейхун, Ферғанадан Ертіс өзеніне дейінгі аймақ кіреді.

Шығыс Қарахан қағандығы өз ішінде батыс және шығыс болып екіге бөлінді.

 

Шығыс бөлігін Қадыр ханның баласы Сүлеймен ибн Жүсіп билейді. 

 

Астанасы Баласағұн қаласы болады. Батыс бөлігін Мұхаммед ибн Жүсіп Боғыра хан лауазымымен басқарады. Оның астанасы Қашқар қаласы болады. Бұл екеуі де Жүсіп Қадыр ханның балалары еді.


Батыс Қарахан қағандығы да өз ішінде екіге бөлініп, оның шығыс бөлігін Ибрагим ибн Насыр Арслан хан лауазымымен билеп, астанасын Самарқанд қаласы деп белгілейді. 

Батыс бөлігін Мұхаммед ибн Насыр Боғыра хан билейді. Астанасы - Бұхара. Ол екеуі де Насыр ибн Әлидің (Мәуереннахр- ды жаулаушының) балалары еді.

No comments

Құтты жаңалықтар, құтты өмір

Аналитика, жаңалықтар, бағыттар


Басты бет
☘ Технология
Арқаман
Блогтар
Әлем жаңалықтары
hi-tech
Қазақстан жаңалықтары
Кино, өнер
Шығарма
Билік
Украина
Сирия
Оңтүстік Корея

Жеке даму бағыты