Батыс Түрік қағандығы құлаған соң, 742 жылы
аумақтағы саяси үстемдікті басмыл, ұйғыр және қарлұқ ақсүйектері қолдарына алды.
Басмылдар көсемі көнетүріктік қаған атағын, ұйғырлар мен қарлұқтардың басшылары жабғу атағын иеленді.
744 жылы басмылдар ұйғырлар мен қарлұқтардың біріккен күштерінен жеңіліс тапты.
Ұйғыр тайпасының басшысы жоғарғы қаған, ал қарлұқ көсемі жабғу атағын сақтап қалды.
Арада бірнеше жыл өткен соң, 766 жылы қарлұқтар Жетісуды жаулап алды, онда оғыз тайпалары мекендейтін еді.
Қарлұқтармен соғыста жеңіліске ұшыраған оғыздар 766 жылы Жетісу өңірінен көшіп, Қаратау бөктері мен Сырдарияның төменгі сағасына, Арал маңына қарай қоныс аудара бастады.
VIII ғасырдың ортасында Мәуереннахр шекарасына жеткенімен, оғыздар Сырдария аймағында бірден саяси билікті иелене алмады.
Тек IX ғасырдың екінші жартысында ғана оғыз көсемдері қарлұқтар мен қимақтардың бір бөлігімен одақтасып, осы жерді мекендейтін печенег, баджагар, нукард және баджаналарға соққы берді.
Оғыздар осылайша Сырдария бойы мен Арал маңындағы далалық жерлерге қоныстанды. IX ғасырдың соңында оғыздар хазарлармен одақтаса отырып, печенегтерге қатты соққы беріп, Орал мен Еділ аралығын иеленді.
Оғыздардан жеңіліс тапқан мұндағы жергілікті тайпалар ығысып, Кіші Азияға кетуге мәжбүр болды.
932 - 933 жылдары олар Византия империясына басып кірді. Талқандалған печенегтердің қалғандары оғыз тайпалық одағының құрамына енді.
VIII ғасырдың екінші жартысы мен IX ғасырдың аяғындағы аласапыран оқиғалар Орта Азиялық оғыз тайпаларында мемлекеттік құрылымның дамуына серпін берді.
Нәтижесінде, IX - X ғасырларда сырдариялық жабғулардың мемлекеттері құрылды.
Оғыз мемлекетінің екі саяси орталығы болған. Оның біреуі Ескі Гузия делініп, Тянь-Шаньның батыс тармағы мен Сырдария - Қаратау аралығындағы аймақта орналасты.
Оғыз билеушілерінің тағы бір орталығы Сырдарияның төменгі ағысындағы Янгикент еді.
Оғыз мемлекетінің туы
Деректерге сәйкес, печенегтермен күрес кезінде салыр тайпасы ерекше рөл атқарған. Сыр бойындағы саяси билікті қолдарына алған бұл тайпадан шыққан билеушілердің үстемдігі селжұқтар қозғалысына дейін, яғни X ғасырдың ортасына дейін созылған.
X ғасырдың екінші жартысында билікке Әли ханның келуіне орай, билік «баран» тайпасына ауысады (кейінгі кезеңде бұл тайпа қара-қойлы деп аталады).
Орта Азия оғыздарының мемлекеті IX-X ғасырларда біртұтас бола қоймады. Әл-Идрисидің деректері жартылай ерікті және іс жүзінде тәуелсіз иеліктердің болғандығы жөнінде мәліметтер береді.
Ірі тайпалық бірлестіктердің көсемдері мықты бекіністерде тұрып, арнайы әскер ұстаған.
Х-ХІ ғасырлардағы Оғыз мемлекетінің билеушісі жабғу атағын иеленген. Оғыз жабғуында күшті билік болған жоқ. Оның билігі ірі әскери-тайпалық ақсүйектердің кеңесімен шектелді.
Жабғулар билікті мұрагерлікпен қалдырып отырған, оның тек «сайлау» деген аты ғана болды. Жабғудың мұрагерін инал деп атаған.
Жабғуды сайлау үшін халық жиналысы (қаңқаш) шақырылып, оған негізінен ақсүйектер жиналған.
Мемлекетте бас қолбасшы үлкен рөл атқарған, ол басқа да түркі тілдес тайпалардағы сияқты «сюбашы» деп аталған.
IX-XI ғасырлардағы Оғыз мемлекетінің этникалық құрамы біркелкі болған жоқ. Төменгі Сырдариядағы қалалар мен ауылдық жерлерде иран және түркі тілдес оғыз тұрғындары мекендеді.
Оғыздардың құрамында печенег, ас, алан және басқа да далалық тайпалардың бөліктері болды. Осылайша сырдариялық жабғудың қол астына топтасқан түркі тілді тайпалар «оғыз» деген ортақ атауды иеленді.
Оғыздардың солтүстік топтарының қимақтармен тығыз байланысы олардың тілі мен мәдениетіне ықпал еткен. Махмұд Қашқари оғыз және қыпшақ тілдерінің ұқсастықтарына мән бергені белгілі.
Қазіргі Батыс Қазақстан аумағын мекендеген оғыз тайпаларының тұрмысында башқұрт және басқа көрші елдермен ұқсастықтар байқалады.
Жалпы, оғыздардың қоныстары мен қамалдарының батыс шекаралары Оңтүстік Орал мен Еділдің сол жақ жағасына дейін жеткен.
Оғыз билеушілерінің пайда көздері алым-салық, сондай-ақ, шапқыншылықга байлық пен кұлдарды қолға түсіру болды.
Олар Мәуереннахр, Хорезм, Хорасан және Журжан аумақтарына шапқыншылықтар жасап отырған.
Орта Азия мен Шығыс Еуропаның тарих сахнасында оғыздардың пайда болуы Хорезм, Хазар, Русь және Бұлғар күштерінің арақатынасын өзгертті.
965 жылы оғыз жабғуы мен князь Святослав арасында хазарларға қарсы әскери келісім жасалып, нәтижесінде хазар қағандығына күйрете соққы берілді.
Хазар қағандығының талқандалуы оғыз державасының саяси күшінің артуына мүмкіндік туғызды. X ғасырдың соңында оғыз жабғуы орыс князьдерімен бірге Еділ бұлғарларына жойқын шабуыл жасады.
X ғасырдың екінші жартысында сырдариялық жабғу қуатының әлсіреу белгілері байқала бастады. Оғыздардың Әли ханға қарсы көтерілісі мемлекетті дағдарысқа ұшыратты.
Әли хан салық төлеуден бас тартқан Әмудария оғыздарымен ұзаққа созылған соғыста қаза тапты.
Бұл мемлекеттің әлсіреуі Жент облысын басып алған селжұқ көсемдерімен күрес кезінде тіпті күшейе түсті.
Селжұқтардың көтерілісін хан билеушілеріне қарсы көшпелі оғыз тайпалары мен Сырдария қалаларының отырықшы тұрғындары қолдады.
Бірақ көп ұзамай селжұқтар Жент аумағынан кетуге мәжбүр болып, халық көтерілісі «жанышталды».
Әли ханның мұрагер баласы Шахмәлік 1041 жылы Хорезмді басып алады, Бірақ бұл жеңіс ұзаққа созылмады. Екі жылдан соң Шахмәліктің өзі селжұқтардың қолына түсіп, өлтіріледі.
Халық көтерілісі мен селжұқтардың бас көтеруінен әлсіреген Оғыз мемлекеті қыпшақтардың шабуылынан кейін ол біржолата құлады.
Орта Азия мен Еділ бойынан Еуропаның ішіне қарай қашқан оғыздардың соңына қыпшақтар түсті. 1060 жылы Киев, Чернигов, Переяславль князьдіктерінің біріккен әскері түріктерге қарсы жорыққа аттанады.
Оғыздар бұл уақытта печенегтерді ығыстырып, оңтүстік орыс даласының бір бөлігін иеленеді.
Орыс әскерінен талқандалған және қыпшақтардың қуғынына ұшыраған оғыздар Днепрдің ар жағына, одан соң Дунайға қашуға мәжбүр болды.
Оғыздардың бір бөлігі Днепр мен Дунайда қалып, қыпшақтар мен Киевке тәуелденді. Басым бөлігі Дунайдан өтіп, Византия жеріне барды.
Алғашқы кезде оғыздар бұлғарлар мен гректерге соққы беріп, Иллирия мен Фессалоникті тонады.
Бірақ қысқы суық пен аштықтан әлсіреген оғыздардың негізгі күшін бұлғарлар талқандап тастайды.
Осыдан соң оғыздардың бір бөлігі Византияға бағынып, бір бөлігі оңтүстік орыс даласына кері оралады.
Балқанда қалған оғыздар Византия императорынан Македониядағы қазына жерінен үлес алады. Дунай сыртына қарай кері оралған оғыздар орыс жерінің шекарасына жақын орналасады.
1080 жылы оларды Владимир Мономах талқандап, қалғандарын Русь шекарасының бойына тарата қоныстандырады. Олар орыс жерінің оңтүстік-батыс шекарасын қыпшақтардың шапқыншылықтарынан қорғау қызметін атқарады.
Оғыздардың бір бөлігі Мәуереннахрдағы қарахандықтардың және Хорасандағы селжұқ билеушілерінің қоластына бірігеді.
Қыпшақтардан талқандалған қалған бөлігі Дешті Қыпшақтағы түркі тілдес халықтар арасына сіңіп кетеді.
Сырдария, Арал алқаптарындағы және Оңтүстік Каспий маңын мекендеген оғыз тайпалары қазақ тарихында айтарлықтай із қалдырды.
Тарихи деректерде оғыздар қазақтардың арғы тегінің бірі ретінде аталады. Оғыздар - тарихи тұрғыда түркімендердің, өзбектердің, қарақалпақтардың түпкі аталарының бірі.
Сонымен қатар, XI - XIII ғасырларда Закавказье мен Кіші Азияға өткен оңтүстік тобы әзербайжан, түрік, гагауз халықтарының этногенезінде маңызды рөл атқарды.