Батыс Түрік қағандығында 630 -651 жылдары дулу мен нушеби
тайпалары арасында азамат соғысы жүрді. Нушебилер Орта Азияның бай қалаларына арқа сүйеп, Қытаймен одақтасты.
Дулу бастаған жауынгер көшпенділер шығыс түрік ханзадасы Юйгу шадқа сүйенді. Ал хазарлар нушеби құрамында еді.
Осы кезеңде күшейіп алған Таң әулеті қағандықтың батыс иеліктерін басып алды. Нушебилердің өз арасында да наразылықтар туындап, қытайды жақтаған Иби-Шегуй ханды қуып жіберді.
Дулу тайпасынан шыққан Дулу Хэлу Шаболо хан билікті тартып алғасын (651) хазарлар іштей бөліне бастады.
Хазарлардың алғашқы билеушісі жергілікті билеушілерден емес, тақтан қуылған түрік қағаны болды.
VII ғасырдың ортасында Түрік қағандығының еуропалық бөлігінде екі тәуелсіз саяси құрылым - Хазарлар мен Бұлғарлар кұрылды.
Хазар қағандығы өз қуатын арттыру мақсатында көрші тайпаларды, әсіресе, туыстас, бірақ жаулық көзқарастағы бұлғарларды бағындыруға кіріседі.
Бұлғарлар жеңіліс тауып, Ботбай басқарған бір бөлігі оларға бағынады. Олар кейіннен «Қара бұлғарлар» деп аталған кубаньдық бұлғарлар тобын құрайды.
Хазарларға бағынғысы келмеген бір бөлігі Еділ бойымен жоғары өрлейді, сөйтіп Еділ бұлғарлары пайда болды. Үшінші - Аспарух бастаған болгарлар 660 жылы Дунайға жетіп бекінеді.
679 жылы олар грек әскерін талқандап, ізінше Добруджаға басып кіріп, Дунай мен Балқан аралығындағы елдерді түгелдей бағындырады.
VII ғасырда хазарлар еділ-камалық бұлғарларды тізе бүктіреді. VII ғасырдың 70-ші жылдары хазарлар тек Азов пен Каспий теңіздерінің аралығындағы далалықты ғана емес, Солтүстік Қара теңіз, оның ішінде Қырымның үлкен бөлігін билеген.
Иосиф патшаның жазбаларында хазарлар бұлғарларды Дунайға дейін қуып барғандығы айтылады. Сөйтіп, VII ғасырдың ортасындағы он жылдықта хазарлар тек тәуелсіз мемлекет құрып қана қоймай, өз аумағын кеңейте бастаған.
Осы кезеңде ислам дінін таратуды мақсат еткен араб шапқыншылығы басталды. Арабтар Сирия мен Месопотамияны басып алған соң Кавказ өңіріне, Арменияға басып кірді.
Хазар қағандығының картасы
Бұл кезде Кавказ өңірі мен Армения Византия иелігінде еді.
640 жылы арабтар Армения астанасы Двинді жаулап алды.
Белленджерге жақындағанда хазарлар қаланы табандылықпен қорғап, түркілермен бірлесе отырып, арабтарға ойсырата соққы берді.
Араб қолбасшысы Әбд әр-Рахман қаза тауып, арабтар Дербентті паналады.
VII ғасырда Хазар мен Византия арасындағы жағдай нашарлай түсті. VII ғасырда жаңадан құрылған Хазар мемлекеті Византияға едәуір қауіп төндірді.
Қара теңіз маңайындағы аудандарды жаулап алған олар Византия иелігіндегі жерлерді де өзіне қаратқан еді. Оңтүстік Қырым VI ғасырдан бастап гүлденіп көркейе түскен еді.
Оның экономикалық және саяси орталығы Херсон болатын. Юстиниан I қаланы барынша өркендетіп, Алуста және Гурзувит деген екі қамал тұрғызған.
Қалалықтар түгел христиан дінін қабылдаған. (Қала тұрғындары - готтар мен аландар туралы мәліметтер өте аз сақталған).
Құбырат бастаған бұлғарлықтардың жорығынан кейін Византия Қырымдағы ықпалынан айырылып қалған еді.
Хазарлардың келуіне орай, Қырымдағы жағдай одан әрі ушығып кетті.
Византия бұл кезде арабтармен соғысып жатқандықтан, Херсондағы жағдайды түзеуге мұршасы келмеді. 695 жылы Херсонды билеуге Византия императоры II Юстиниан жіберілді, бірақ ол Леонтиймен соғыста жараланып, билеуші лауазымынан айырылып қалды.
Бұл жағдай Юстинианды Херсонды қайтару үмітінен айырды.
Юстиниан 698 жылы Леонтийдің орнына келген Апсимар-Тивериядан сескеніп, Қырымдағы таулы Дори қамалына бекінеді.
Бұл бекініс хазарлар иелігіне қарайтын. Юстиниан хазар қағанынан жеріне қоныстануға рұқсат сұрайды. Хазарларды Ибузир Гляван (грекше берілген) басқарады, ол Юстинианды ерекше ілтипатпен қарсы алып, көмек көрсететіндігін айтып, оған өз қарындасын береді.
Юстиниан қағанның келісімімен Тамань түбегіндегі Фанагория қаласына келіп қоныстанады. Бұл жер Византиядағы жағдайды қадағалап отыруға өте ыңғайлы еді.
Юстинианмен хазар қағанының жақындасуы Византияға белгілі болғанда, Апсимар хазар қағанынан Юстинианның өзін немесе сүйегін сұратып елші жібереді:
Егер талапты орындаған жағдайда оған мол сый тартатындығын айтады. Деректерге сәйкес, Хазар қағандығы бұл ұсыныска келісіп, Юстинианның қорғаушыларын хазар әскерлеріне қоршатады.
Қаған өзінің сенімді адамдары Папация мен Боспорға Юстннианды өлтіруді тапсырады. Әкесінің бұл ісінен хабардар болған Феодор Юстннианға болған жайды баяндайды.
Юстиниан Папация мен Боспорды шақыртып алып жазалайды, әйелін ағасына жіберіп, өзі Дунай Бұлғариясына кашып кетеді.
Хазар кргандыгының туы
Юстиниан Дунай бұлғарларының ханы Тервелдің көмегімен Константинопольді жаулап алады. Өз жауларын жеңіп, Тервелді марапаттаған соң, әйелін қайтару үшін, хазар қағанына сенбей, әскери кемелер жібереді.
Бірақ кемелердің жартысы суға батып, қалғаны Юстинианның әйелі мен баласын алып оралады. Ол баласының атын Тиверия кояды.
Осы жағдайдан кейін 5 жыл өткен соң, Юстиниан бұрынғы Херсон қаласын алу үшін әскери кемелер флотын құрып, тұткиылдан шабуыл жасап, нәтижесінде Херсонды басып алады, қала билеушісін колға түсіріп жазалайды.
Әскерлер бейбіт тұрғындарды тонап, 40 жауынгерді тірідей өртеп, асқан қатыгездікпен қаланы тонауға кіріседі. Өз әскерлерінің бұл эрекетін тоқтату үшін ол қолын жинап, Боспорды жаулауға қайта шығады.
Бірақ жолда кемелері суға батып, 75 мың адамынан айырылады. Юстиниан қайтадан әскер жасақтамақшы болады, бірақ Херсон тұрғындары қаланы қорғау үшін хазар қағанынан әскер сұратады.
Сол кезде армян Варданиың баскаруымен Херсонда Юстиниан билігіне қарсы көтеріліс басталады. Бұл бүлікті Херсонға билеуші етіп өзі қойып кеткен сапафарий Илья қолдап, көтерілісшілер жағына шығып кетеді.
Юстиниан Херсонға патрик Георгий епарх Иоанды 300 мың әскерімен жібереді. Бірақ бұл кезде херсондықтар Юстиниан есімін өшіріп, Вардан-Филиппикті патша етеді, көтеріліс Херсонда ғана емес, Қырым, т.б. жақын қалаларға тарап үлгереді.
Юстинианның жіберген әскерлерін херсондықтар тас-талқан етіп, қолбасшыларын 300 әскерімен қағанға аттандырады. Бірақ қаған қайтыс болып, хазарлықтар 300 әскерді қолбасшысымен қоса өлтіреді.
Юстиниан Херсонға үлкен әскермен патрик Маврикияны жіберіп, қаланы тұрғындарымен қоса талқандауды тапсырады. Ол қалың қолмен қала жанына келіп, теңіз жағында тұрған екі мұнараны құлатады.
Қала билеушісі Вардан хазар қағанына барып көмек сұрап, Маврикия әскерінің шабуылын тоқтатады.
Византия әскерлері өздеріне жүктелген тапсырманы орындай алмады. Сондықтан олар Константинопольге қайтуға императордан қорқып, Варданмен келіссөз жүргізеді.
Екі жақ бірігіп Константинопольге басып кіріп, Юстинианның басын алып, оның хазар қызынан туған ұлы Тиверияны да өлтіреді.
Осылайша 100 жыл Византияны билеген Иракл әулеті 711 жылы құлайды.
Сөйтіп, ұзаққа созылған қырғынның нәтижесінде хазарлар мен Византия одағының негізі қаланды. Мұндай одақ құрудағы хазарлардың мақсаты Византиямен бірігіп, арабтарға қарсы соғысу болатын.
Бірақ бұл одақтың өмірі ұзаққа бармады. Херсон қайтадан Византия қолына өтті де, ал жартыаралдың қалған бөлігі Готиямен бірге Хазар мемлекетінің қолына көшті.
Араб халифаты мен Византия империясы арасындағы Муавий (661 - 680) тұсында басталған бейбіт келісім 688 жылы Византия тарапынан бұзылды.
Олар Арменияны басып алып, Кавказ өңірінің біраз жерлерін өзіне қаратты. Бұл кезде арабтар көптеген мемлекеттерді жаулап алған болатын.
Олар бірте-бірте Византия астанасы Константинопольге жақындай түсті.
Хазарлар 710 жылы Албанияны басып алып, Дербентті өздеріне қаратады, бірақ бұл ұзаққа созыла қоймайды. 713 жылы Маслам Дербентті қайтадан тартып алады.
Осы шайқастан кейін екі жақтың әскерлері Тарку қаласының маңында кездесіп, бір-біріне бата алмай бірнеше күн қарама-қарсы тұрады.
Ақырында, Маслам бастаған арабтар шегінеді. Олар Албания жеріне енуді одан әрі жалғастырып, Омар халиф (717 - 720) тұсында бұрынғы Әзербайжанның солтүстік аумағын мекендейді.
721-22 жылдары хазарлар өздеріне қарсы шыққан Зубайт бастаған мұсылман әскерлерін талқандап, Арменияға келеді. Сол жылы арабтардың Жаррах ибн Абдаллах әл-Хаками бастаған күшті әскері хазарларға қарсы жорыққа шығады.
Жаррахтың келе жатқанын естіген хазарлар Дербентке шегінеді. Арабтар Дербентке жақын мандағы Рубас өзені бойындағы хазарлардың қосынын талқандайды.
Мұны естіген хазарлар Дербентте қорғанысқа дайындалады.
Жаррах күтпеген жерден түнде шабуыл жасап, таңға қарай қаланы қарсылықсыз өзіне қаратады. Осы шайқастан соң Жаррах Нарванаға қарай жылжиды.
Бұл жерде Баржил бастаған хазарлар болатын. Үлкен қырғыннан кейін хазарлар 7 мың әскерінен айырылып кейін шегінеді.
Оларды өкшелей қуған арабтар Хамзин қалаеын алады. Қала тұрғындары оларға өз еркімен беріліп, салық төлеуге міндеттенеді.
Жаррах осылай хазарларға қараған қалаларды бірінен соң бірін бағындырып, Белленджер қамалына келеді. Қала тұрғындары арабтарға қарсы табандылықпен шайқасып, ұзаққа созылған соғыстан соң амалсыз беріледі.
Қолға түскендерді Жаррах Белленджер өзеніне батыруға бұйырады. Қала тұрғындарының көбі солтүстікке қарай бас сауғалап қашады.
Жаррах жорығын тоқтатпай, енді Семендерге қарай бағыт алады. Бірақ хазарлар әскер жасақтап жатыр дегенді естіп, райынан қайтады. Ол Язид халифтен көмек сұрайды.
Бірақ халифтің қаза табуына байланысты ұсынысы орындалмайды. Келесі жылдың көктемінде Жаррах Хазар мемлекетіне емес, Аланияға жорыққа шығады.
Ондағы мақсаты аландар жеріне басып кіру арқылы хазарлардың қашуына тосқауыл қою болатын.
725-26 жылдары халиф Хишам (724 - 743) Жаррахты Армения мен Әзербайжанды билеуден шеттетіп, орнына Кавказ өңірі үшін хазарлармен соғыс жүргізген Масламды қояды.
727-728 жылдары Маслам хазарларға Әзербайжан жағынан шабуыл жасап, біраз тұтқындарымен олжалы оралады. 728-729 жылдары Дарял қақпасынан бұрынғы Жаррахтың жолымен өтіп, Хазарияға жақындайды, осы жерде қағанмен кездесіп, бір ай бойы шайқасады.
Толассыз жауған жауын арабтарға қиын соғады. Бірақ арабтардың мұндай жорықтары хазарлардың Кавказ өңіріне жиі-жиі жасайтын шабуылдарын тоқтата алмады.
Арабтардың толассыз жорықтарын тоқгату үшін хазарлар үлкен шабуылға дайындалды.
730 - 731 жылдары хазарлардың жасақталған үлкен әскері қағанның ұлы Баржилдің басқаруымен Әзербайжанға қарай жылжиды.
Әскербасы қолбасшы Тармач болатын. Бұл кезде хазарлардың қағаны өліп, елдің билігі оның жесірі Парсбиттің қолында еді.
Хазар әскерлері ғұн жерлері арқылы Дербентті басып өтіп, Аракс өзенінен Пайтакаранға қарай жылжыған жолда мұсылмандардың барлығын қырып тастайды.
Шакиде қыстап жатқан Жаррах мұны естіп, Бердаға қарай жылжып, одан Ардебилде хазарлардың келуін күтеді. Олар жергілікті тұрғындардың көмегімен жасырынуға ыңғайлы Савалан тауына (Сайлан) бекінеді.
Жаррахқа Сириядан көмек келгенше, хазарлар шабуылды бастап жібереді. Арабтар екі күнге созылған шайқастан соң жеңіле бастайды. Соғыстың алғашқы күні-ақ араб әскерінің негізгі күші талқандалады.
Екінші күні түнде арабтардың біразы Әзербайжанның басқа жерлеріне қашып кетеді. Үшінші күні Жаррах тек жаралы әскерлерімен ғана қалады.
Жаррахтың өзі жау қолынан өліп, әйелі мен балалары тұтқынға түседі. Әскерінің біраз бөлігі ғана қашып құтылады.
Хазарлар Ардебил тұрғындарының қару ұстауға шамасы келетіндерін жазалап, әйелдер мен балаларды тұтқынға алады.
Халықты тонап, мұсылманмын дегендердің бәрін өлтіреді. Бұл оқиға Визаңтияға да жетеді, ал әлемді таң қалдырғаны, әсіресе, Жаррахтың өлімі еді.
Хазарлар Әзербайжанға ойран салуды одан әрі жалғастырып, Тебризді талқандап, Багаванды тонайды. Халиф Хишам Масламды шақыртып, ол келгенше, Кавказ өңірі үшін хазарлармен шайқасқа Саид ибн Әмір әл-Харашиді қолбасшы етіп тағайындайды.
Жаңа қолбасшы хазарларға қарсы жорық ұйымдастырып, олардың жеке бөліктеріне шабуыл жасағанды жөн санайды. Кавказ өңіріне келген соң, Саид Жаррах әскерлерінің қалғандарын жинап, Ван өзені маңындағы Ахлат қаласын басып алады.
Ол жолындағы қалалардың бәрін өзіне қаратып, Бердаға жетіп, одан Байлеканға жайғасады.
Саид сол жерге жақын маңда жеңісін тойлап жатқан қағанды қолға түсіріп өлтіреді.
Бұл кезде Баржил Варсан қаласын алған болатын. Варсан қаласына келген Саид әскер жасақтап, хазарларға
қарсы шешуші шайқасқа дайындалады.
Саид осы маңда тұтқында арабтар мен Жаррахтың қызы бар дегенді естіп, тұтқиылдан шабуыл жасап, тұтқындарды босатып алады.
Хазарлардың аман қалғаны қашып құтылады.
Осы жағдайдан кейін хазарлар арабтарға қарсы үлкен әскер жасақтайды. Бірақ Саид та жергілікті тұрғындар арасынан еріктілермен өз әскерін көбейтіп үлгерген еді.
Шайқас басталған кезде хазарлар мұсылмандарды ығыстырып тауға шығарып жібереді. Өз әскерлерінің жігерін жаныған Саид кері шабуылға шығып. хазарларды талкандайды.
Көмекке келген Маслам хазар әскерінің талқандалғанын көріп, соғысты ерте бастап, бұйрықты орындамағаны үшін Саидты абақтыға қамайды.
Бірақ халиф Хишам Масламның шешімін негізсіз деп тауып, оған Саидты марапаттауды тапсырады.
732 - 733 жылдары Маслам Оңтүстік Дағыстандағы князьдермен келісім жасап, хазарлардың қайта күш жасақтап жатқанынан хабардар болып, Дербентке қарай жылжиды.
Тұрғындар ешбір карсылық жасамаса да, арабтар қаланы өртеп, қырғынға ұшыратады. Хамзин, Белленджер қалалары арабтар келгенше-ақ қаңырал бос қалады.
Ол Варачан (Ваврсан) қаласына келгенде, оны қағанның өзі әскерлерімен күтіп алады. Осы жерде бұрын-соңды болмаған ірі шайқас өтеді.
Маслам шегінуге мәжбүр болады, ол хазарларды алдау үшін өзі тұрақтаған шалаштарды өртеп, ауыр жүктерін тастап, бір тәулік ішінде Дербентке әрең жетеді.
Хазарлар Дербентке жақындағанда арабтар оларды қаланың солтүстігінен қарсы алады. Арабтар мен олардың одақтастары күні бойы хазарлардың шабуылын тойтарады.
Бір сатқын арабтарға хазар қағаны отырған қосты көрсетіп беріп, оған шабуыл жасалып, жараланған қаған әрең қашып құтылады.
Маслам Дербентті хазарлардан тартып алған соң Сирияга сапарға аттанады. Мұны естіген хазарлар солтүстік Дағыстандағы өз қалаларына келеді.
Хазар қағандыгының жазба ескерткіші мен металга бедерленген суреттері
Хазарларды түпкілікті жеңу үшін Мерван Халифпен ақылдасып, жорыққа дайындалады. Ол айлаға көшіп, хазарлармен бірігіп, аландарға қарсы соғысқысы келетінін елшісі арқылы жеткізеді.
Бұған сенген қаған арабтарға елші жібереді. Мерван елшіні тұтқындап, Кавказ өңіріндегі князьдермен бірігіп, хазарларға Дарял мен Дербент арқылы екі бағытта шабуыл бастамақ болып келіседі: екі әскер тобы Семендерде жолығатын болады.
Бұл жорық туралы хазарларға күдік туғызбау үшін арабтар өз елшісін жібереді де, елші қағанға жетті-ау дегенде, қағандықтың аумағына еніп үлгереді.
Мүны естіген қаған кеңесшілерімен ақылдасып, Еділдің сол жағалауы арқылы Оралға қашады. Ол өзіне бағынатын Еділ өзені бойындағы тайпалардан қосымша әскер жасақтайды.
Мерван қаланы қарсылықсыз алған соң, қағанның артынан Еділдің оң жағалауымен жылжиды. Ол ең алдымен 20-дай әскерімен аң аулап жүрген Хазар тарханды қолға түсіріп, артынан бүкіл хазарларды талқандайды.
Арабтар Дағыстанның таулы аймақтарындағы тайпаларды бағындырған соң күшейіп, Солтүстік Кавказ өңіріне келеді. Ал Солтүстік Дағыстан хазарлар иелігінде қала береді.
Арабтармен болған 30 жыл соғыс хазарларға жеңіл тиген жоқ. Арабтар толассыз шабуылдарын тоқтатпады. Хазар халқы малынан айырылды, жерін тастап солтүстікке үдере көшуге тура келді.
VIII ғасырда хазарлар кеткен соң егіншілікпен айналысқан отырықшылық, әсіресе, Кавказ бен Қырымның таулы аймақтарында тез қарқынмен жүрді.
Бұл кезде шығыстан хазарларға қауіп төне қойған жоқ. Аббас халифатының негізін салушы Әбу Жаффар әл-Мансүр (754 - 775) хазарлардың бас көтеруінен қауіптенді.
752 - 753 жылдары Арменияның билеушісі болып сайланған Язид ибн Усайд ас-Сулами хазарлардан қорыққаны соншалық, Халифтің айтуы бойынша, хазар ханшайымын әйелдікке алып, қағанмен одақ құруды жөн санайды.
Ол қағаннан қызын сұратып елшілік жібереді. Қаған онымен келісіп, қызын күтетін, қорғайтын адамдарымен және т.б. керек-жарақтарымен қоса аттандырады.
Хазар ханшайымы Берда қаласына келіп, Язидке елші аттандырып, одан ислам мен құранды үйрететін адамдар жіберуін өтінеді.
Мұсылмандықты қабылдаған соң ол қанжар мен қылышын тастап, Язидпен бақытты өмірін бастайды. Ол Язидпен 2 жыл 4 ай бірге тұрғаннан кейін екі баласымен қайтыс болады.
Араб деректерінде Язид оған қатты қайғырған деседі.
Хазар кргандыгының жауынгерлері
Осы оқиғадан кейін екі жыл өткенде, 764 жылы хазарлар Кавказ өңіріне жорықтарын қайта бастайды. Астархан басшылық еткен хазарлар Армениядағы мұсылмандарды талқандап, халиф Мансұр жіберген әскерлерді де жеңеді.
Хазар қолбасшысы Астарханның шыққан тегі туралы әр түрлі деректер бар. Ол Хазар мемлекетінде елге ықпалы жағынан қағаннан кейінгі екінші адам болған.
VIII ғасырдың соңында арабтар мен хазарлардың ірі шайқасы өтеді.
791 жылы Әзербайжанның, Арменияның, Мидияның, Каспий аймағының, кейіннен Хорасанның билеушісі болған халиф Харун Рашидтің (786 - 809) інісі әл-Фадл ибн Яхя ибн халид әл-Бармаки Кавказ өңіріне жетіп, хазарлардың қамалы Хамзинге келіп, Дербентке бағыт алады.
Дербент тұрғындары арабтарды тас-талқан етіп жеңеді, қолбасшысының өзі әрең қашып құтылады.
Соғыстан жеңілген әл-Фадл ибн Яхя ибн халид әл-Бармаки хазар қағанының қызына үйленіп, жағдайын түзегісі келеді.
798 - 799 жылдары хазар қағаны өзінің қызы Субтты (немесе Сбутты) Кавказға жібереді. Бірақ қызы Берда қаласына жетпей, қазаға ұшырайды.
Ызаға булыққан қаған үлкен әскерімен Кавказ өңіріне жорыққа шығып, жолда кездескен мұсылмандардың бірін қалдырмай өлтіреді.
Арабтар Кавказ өңірі үшін соғыста хазарлар тарапынан үнемі қарсылыққа ұшырап отырды. Ал хазарлардың әскери күші Византия үшін тиімді еді.
Олар хазарлардың арқасында арабтардың жорығын тежеді, тіпті керек кезінде арабтарға соққы да берді.
Хазарлардың ұстанған діні де олардың тарихы сияқты қызықты. Хазар мемлекеті Византиямен де, арабтармен де бірде одақтасып, бірде соғысып отырды.
Аталған екі мемлекет те хазарлармен туыстық қатынас арқылы да, дін арқылы да жақындасуды көздеді. Бірақ оларынан еш нәтиже шығара алмады.
737 жылы Мерван хазар қағанынан ислам дінін қабылдауын өтінген болатын, бірақ қаған мұндай ұсыныстан бас тартты.
Хазарлар өздерінің ата-бабалары сияқты ғұндар мен түркілердің әдет-ғұрыптарына негізделген далалық діни наным-сенімдерін ұстанды.
Бірақ уақыт өте келе, қалыптасқан жағдайға байланысты хазарлар иудаизм дініне бет бұрды. Хазар мемлекетіне христиан дінін енгізу мақсатында Иоанн Готский қаған билігін шектемек болды.
Оған жауап ретінде қаған христиандарға қарсы күш қолданды. Ең алдымен, діни күштер шоғырланған жерлерді талқандап, Готияны түгелімен қоршауға алды.
Бір таңқаларлығы, бұл жағдай Византия мен Хазар арасында соғыс тудыра қоймады.
Хазар мемлекетіндегі христиандардың жағдайының нашар болуы 860 жылға дейін екі ел арасында елші алмасу ісіне көп кедергі келтірді.
Сол себепті Византия мемлекеті Константин (Кирилл) Философ бастаған ағартушы, діни лауазым иесін жібереді. Хазарлардың тарихында бұл мәселе өзіндік қайшылықтарымен ерекшеленеді.
Дегенмен, Константин Қырым мен Таманьда шіркеу ұйымдарын құруға қол жеткізеді.
IX ғасырдың басында Хазар қағандығында азамат соғысы басталды. Обади патшаның тұсында жүргізілген реформалар мен діни өзгерістер хазар халқының наразылығын тудырмай қоймады.
Жалпы алғанда, бұл соғыс билікке таласудан шықты. Яғни, хазар бектері мен тархандары билікке араласпақшы болды.
Тархандардың біреуі билікті қағаннан тартып алып, оның билігін шектей бастады. Хазар халқының көбі қырғын кезінде мемлекеттің шетіне Днепрге қашып барып қоныстанды.
Хазарларға көшпелі оғыздар, печенегтер келіп қосылып, нәтижесінде, елдегі хазарлардың саны азайып кетті.
Көтеріліс туралы, оның болған мерзімі туралы нақты мәліметтер болмағанымен, Саркөл маңында жиналған көтерілісшілер Византиямен достық қарым-қатынас жасағаны туралы дерек бар.
Бірақ бұл көтеріліс аяусыз жаншылған еді. Мадиярлардың, әсіресе, печенегтердің басып кіруі Хазар мемлекетінің саяси тұрақтылығына өзгерістер әкелді.
Хазарлар Солтүстік Қара теңіз далалық аймағындағы, Днепрдің орталық аймағындағы билігінен шеттетіле бастады. Бұл аймақта тәуелсіз Орыс мемлекеті күшейді.
Византия сол бұрынғы кездегідей Хазар мемлекетінің қуатына мойынсұнды. Олар орыстардың христиан дінін ұстанатынына ризашылық білдіріп, Рим атынан мақтау қағазын жіберді.
Хазар мемлекеті Қара теңіз аймағындағы иелігінен айырылған соң, византиялықтар олардан бұрынғыдай сескенбейтін болды. Империя енді хазарлармен достық қарым-қатынас жасаудың пайдасы жоқ екендігін түсініп, бұрынғы гректердің иелігі болған Қырымды өздеріне кері қайтарғысы келді.
Сөйтіп, IX ғасырда Қырым қалаларында хазарларға қарсы бас көтерулер басталды. Оған Константиннің өзі де қатысқан, хазарлар мен мадиярлардың біріккен күшіне қарсы Византияның жорықтары туралы Константиннің жазбаларында сақталған.
Византия хазарларға қарсы аландарды пайдаланды. Алайда ол көздеген мақсатына жете алмады. Хазарлардың билеушісі Аарон аландарға қарсы түрік-оғыз тайпаларымен бірлесіп шайқасып, оларды талқандап, басшыларын тұтқындады.
Бірақ Аарон өзінің мықты саясаткер екендігін танытып, аландардың басшысын тұтқыннан босатып, одақ құруға шақырды. Өзінің ұлы Иосифке алан патшасының қызын алып берді.
Иосиф патшаның билігі кезінде хазарлар Византиямен бірге Шығыс Еуропадағы мықты мемлекет Русьпен де қақтығысып үлгерді.
X ғасырда Иосиф тұсында Хазар мемлекетінің бұрынғы қуаты сақталғанымен, басқаларға ықпалы әлсірей бастады. Хазар мемлекеті ежелден сауда орталығы болғандықтан, бай мемлекет еді.
Оған басқа мемлекеттердің саудагерлері ағылып келетін. Хазарлықтар су жолымен онша сауда жасамағанымен, құрлықта сауда керуендері ағылып жүрді.
Итил қаласы хазарлар үшін сауда және т.б. қызметтерді атқаратын ірі қала болып саналды.
Онда саудагерлерден басқа атақты қолөнершілер де болды. Итил қыш ыдыстардың отанына айналды.
X ғасырдың ортасында мұсылмандар тарапынан төнген қауіп сейілді. Енді шабуылға византиялықтар шыға бастады. 944 жылы олар Низиб пен Эдессаны, 961 жылы Критті, ал 965 жылы Сицилияны басып алды.
Осы кезеңде хазарлардың жаңадан пайда болған жауы Орыс мемлекеті күшейе түсті.
Хазар мемлекеті ешкімнен көмек сұрай алмайтын дәрежеге жетті. 965 жылы орыстар Хазар мемлекетіне күшті соққы берді.
Олар Хазаранды, Итилді, Семендерді тонап, халқын қырып-жойып, Рум мен Андалуске келді. Итил тұрғындары қашып барып Сия-Кухқа (Маңғышлақ) жасырынды.
Орыс патшасы Святослав Азов теңізіне жорыққа шығып, жолда аландарды талқандады.
Иудейлік Хазар мемлекетінің ең күшті жауы Киев Русі болды. Олардың шапқыншылығы нәтижесінде хазарлар толық талқандалып, халқы тарих сахнасынан жойылып кетті.
Бірақ мемлекет талқандалғанымен, халық сақталады, ал хазар халқының жойылуының себебі - олар Хазар мемлекеті болып өмір сүріп тұрған кездің өзінде басқа тайпаларға үнемі қосылып кетіп отырды.
Хазар мемлекетінің халқының көпшілігін оғыз, ғүн, алан және т.б. көшпелі тайпалар құраған болатын.