Мобильді баннер 1
АрқамандықЕрқайысТоқшылық
Хорезмшахтар мемлекеті

X ғасырда Хорезм Саманилер мемлекетінің құрамында жартылай тәуелсіз ел

болып өмір сүрді.

 

Қарахандар Саманилер әулетін құлатқан кезде Хорезм қарахандарға да, ғазнауилерге де қосылмай өз жерінде қала берді. 

Бұл мемлекеттің орныққан аймағы да оның болашақта өркендеуіне қолайлы болды, ол Еділ бойында орналасып, Орталық Азиядан Моңғолия мен Қытайды басып өтетін, бір жағынан Иранға баратын керуен жолының қиылысынан орын тепті.

Сонымен қатар, Хорезмнің оғыздармен сауда-саттық жасайтын шекаралы аймақтарында өз базарлары болып, экономикасының нығайып, қалаларының өркендеуіне үлкен септігін тигізді.

Хорезмшахтар мемлекетінің туы

 

996 жылы Хорезм оңтүстік және солтүстік деп екіге бөлінді. Оңтүстік Хорезмнің астанасы ежелгі Қият қаласына орналасты, оның билеушісі хо- резмшах лауазымын иемденді. 

Солтүстік Хорезмнің астанасы Үргеніш болды.

996 жылы Солтүстік Хорезм билеушісі Мамун ибн Мұхаммед аймақты бір мемлекетке бағындырып, астанасын Үргеніш қаласы етті. 

Мамун ибн Мұхаммед (995 - 997) және оның баласы Әли ибн Мамун (995 - 997) Хорезм мемлекетінің әскери қуатын дамытуға ерекше мән берді. 

Әли ибн Мамун қайтыс болған соң, оның орнына інісі Мамун ибн Мамун (999 - 1017) билікке келді. Бұл билеуші ел басқаруда өзінің ақылдылығымен көзге түсті, бірақ әкесі мен бауыры сияқты батыр емес еді. Ол қаланы гүлдендіріп, қамалдар салды.


Махмұд Ғазнауи Хорезм мемлекетінің байлығына қызығып, оны өзіне бағындырып алғысы келді. 998 жылы ол өзінің қарындасын Хорезм шахы Әли ибн Мамунға беріп, 1015 жылы екінші қарындасын Мамун ибн Мамунға қосты.


Бағдад халифі Қадыр (991 - 1031) Хорасан мен Орталық Азиядағы қалыптасқан жағдайды жіті қадағалап, екі империяны бір-біріне айдап салуды жөн көріп, Мамун ибн Мамунге дін жағынан одақтас болуды ұсынған елші жіберді. 

Мұны естіген Махмұд Ғазнауи Мамун ибн Мамуннің өзіне тәуелділігін мойындайтынын тексеру үшін оған Абылқасым Маймендіні аттандырады.


1014 жылы елшілік Мамунға Махмұдтың сәлемін жеткізеді, бірақ Мамун бір шешімге келуге асыға қоймайды. Махмұд жіберген елшілік екінші сапарында ол келіспеген жағдайда күш қолдану мүмкіндігін ескертеді. 

 

Мамун тәуелді болуға халқынан қорқып, өте қиын жағдайда қалады әрі қарахандардың күшеюі де оны алаңдата бастаған еді. Мұндай саяси тұрақсыздық ақыры тұйыққа тіреді. Елде өзгеге тәуелділікті мойындамауға шақырған көтерілістер басталды.


1017 жылы Алып Тегін әскері Мамунға шабуыл жасады. Әскер бірден астанаға басып кірді. 

Хорезмшах кеңесшілері қаза тауып, қалғандары әрең қашып құтылды. Хорезм шахы Мамун өз сарайында тығылып жатқанда бүлікшілер оған өрт қойып, 1017 жылы наурызда Мамун қаза болды. 

Бүлікшілер оның орнына 17 жасар үлы Әбул-Харис Мұхаммедті әкелді, бірақ билік іс жүзінде Алып Тегіннің қолында қалып қойды. 

Өз қарындастарының өміріне төнген қауіптен қорыққан Махмұд тұтқындарды қайтару үшін келісім жүргізді. Оның қойған талабынан кейін хорезмдіктер Мамунның жесірлерін Хорасанға жіберді. 

Махмұд Ғазнауи Алып Тегін мен бүлікшілердің берілуін талап етіп, енді өзі шабуылға шығады. Хорезмдіктер басқа жол қалмағандықтан, әскер жасақтап, шайқасуға мәжбүр болады. 

Күштің тең болмауына байланысты Хазараспа түбінде хорезмдіктер талқандалады, аман қалғандары қашып құтылады. Алып Тегін мен Сайяд Иегін тұтқындалады.


Осыдан соң Махмұд әскерлері Хорезм астанасы Қиятты 1017 жылы 3 шілдеде жаулап алады. Махмұд Ғазнауи Хорезмді билеуге өзінің қызметшісі - түркі тайпасынан шыққан Алтынташты қояды. 

Хорезмді жаулап алу Махмұд Ғазнауи үшін саяси жағынан да, әскери жағынан да үлкен жетістік еді. 1017 жылдан бастап қарахандар өздерін ғазнауилердің ең ірі қарсыласы санаса, енді күш-қуаты жағынан ғазнауилер өздерінен асып түсті.


Махмұд Ғазнауи өлген соң, билік басына Масуд келді. Ол әкесінің саясатын жалғастырып, Қадыр ханның екінші ұлына Мәуереннахрды Әли тегіннен алып беру үшін оны жаулап алуға Алтынташты жұмсайды. 

1032 жылы көктемде Алтынташ жорыққа шығады. Сұлтан Балхтан оған 15 мың әскер қосып береді. Әли тегін Бұхараны тастап, Дабусиге шегінеді. 

Бұл жерде оған селжұқтар бастаған оғыздар қосылады. Соғыс кезінде Алтынташ қатты жараланып, әскері өзінің уәзірі арқасында Хорезмге жетеді. 

Алтынташ өз әскерлері шегіне бастаған кезде-ақ қаза болады. Оны сарбаздары қарахандар мен селжұқтардан ұзап кеткен соң ғана біледі.

Алтынташтың бұл жорығы Әли тегінді өз туыстары - қарахандар билігін мойындауға әкеледі. Алтынташтың өлімінен кейін Масуд оның ұрпақтарын биліктен айырғысы келмеді, бірақ олардың билігін біраз шектеді. 

Хорезм шахы деген лауазымды өзінің ұлы Саидке беріп, ал Алтынташтың ұлы Харунға әкесі иеленген биліктің жартысын ғана берді. 

1034 жылы Харунның Масуд сарайында қызмет жасайтын ағасы шатырдан құлап өледі. Екі араға іріткі салуды көздеген адамдар Харунға оның ағасын сұлтан бұйрығы бойынша шатырдан құлатты деген хат жібереді.

Харун Әли тегінмен және селжұқтармен келісіп, 1034 жылы тамызда Масуд сұлтанға қарсы ашық соғысқа шығады. Сол жылы Әли тегін қайтыс болады. 

Харун оның балаларымен бірігіп, 1035 жылы Саганианды, Термезді басып алады. Бірақ Харун өз адамдарының қолынан қаза табады. 

Әли тегіннің ұлдары Самарқандқа оралады. Харунның орнына інісі Исмаил Хандан билікке келеді.


1038 жылы Масуд Хорезмді билеу- ге Мәлік шахты жібереді, бірақ оны Исмаил Хандан тоқтатады. 

1041 жылы ақпанда Хорезмге жорық жасаған Масуд оларды талқандайды. Исмаил астанасын тастап, селжұқтарға барып паналайды.

 

Шах Мәлік астананы жаулап алады, сол жолы Масуд қайтыс болады. 1042 жылы селжұқтарды Дәуіт Шағры бек бастап, Хорезмге жорық жасайды, бірақ қыстың түсуіне байланысты кері қайтуға тура келеді. 

1043 жылы көктем келісімен, Тоғырұл мен Дәуіт бастаған селжұқтар Хорезмге жорыққа шығып, астанасы Қиятты басып алады. Шах Мәлік отбасымен Қарақұм мен Дихистан жері арқылы Мерканға қашып кетеді, бірақ онда Ибраһим иналдың қолына түседі.

Хорезмнің астанасы көне Үргеніштегі Төребек ханым кесенесі. XIV гасыр

XI ғасыр және XII ғасырдың бірінші жартысында Хорезм Селжұқ мемлекетінің құрамында болды. Селжұқтармен бірге жорықтарға қатысты. 

Хорезмшахтар әулетінің негізін салушы Ануштегін еді. Ол оғыз тайпасының Бекділі руынан шыққан. Ол жас кезінде Гарчистанда құл болған, оны cелжұқ әмірі Онар Білге тегін сатып алған. 

Ануш содан бастап сұлтандарға қызмет жасап, бірте-бірте бедел жинай бастайды, Мәлік шахтың да сенімді қызметшісіне айналады. 

Бірақ, Мәлік шах Хорезмді оған билетпеді. Хорезмнің бұл кездегі билеушісі Мәлік шах I болды. Одан кейін өз кезеңінде Орта Азияда саяси істе көзге түскен Санжар II ибн Қошқар биледі. Ануштегін баласы - Кутб әд-Дин Мұхаммедті Мервте тәрбиеледі. 

Ол сол жерде мықты білім алып, ел басқару ісі мен дін жайлы дәріс алды.

1097 жылы Хорезм шахы Санжар II ибн Қошқар бүлікші әмірлердің қолынан қаза табады. Беркіарық (1094 - 1104) Хорасан билеушісі етіп әмір Дадбек Хабаш ибн Алтынташты қояды. Сол жылы Ануштегін қайтыс болып, әмір Дадбек Хабаш Хорезмді билеуді Кутб әд-Дин Мұхаммедке береді.


Хорезм билеушісі болған соң ол өзінің билігін нығайту мақсатында Санжар сұлтанға сүйеніп, бірқатар игі шаралар жасады. Ол өмірінің соңына дейін Санжарға беріле қызмет етті. 

1128 жылға дейін Хорезм шахы болып 30 жыл ел биледі. Ол қайтыс болған соң Санжар билікті бірден оның баласы әл-Мәлік Әбу Мұзаффар Ала әд-Дин Атсызға берді.


Атсыз Хорезм шахы болғанда 29 жаста еді, ол да әкесі сияқты Мервте білім алған. Қарапайым мұсылман билеушісіне қарағанда, ол өнер мен ғылымды бағалай білген. Хорезм халқы оны әділетті әрі қамқор билеуші санаған. 

Деректерге сүйенсек, халқы өзіне шын берілген сенімді билеуші болған. Атсыздың басты бір ерекшелігі - шайқасқан кезде өзін бақытты сезінеді екен. 

Жорық кезінде Санжар оған өз әскерінің сол қанатын басқартып отырған. Санжардың Мәуереннахрға, Иракқа жасаған жорықтары кезінде Атсыз тек қолбасшылық қана емес, елшілік қабілетімен де көзге түскен. 

Оның билік құрған кезі Хорезмнің өркендеген жылдары болды. XII ғасырдың 30-шы жыл- дары Атсыз Хорезмнің толық тәуелсіздігі үшін күрес жүргізді. 

Ол басқалармен соғысқан кезде селжұқтардың сүлтаны Санжар сияқты шеберлікпен шайқаса білді. Санжарға бағынған басқа сұлтандар сияқты Атсыздың да сыртқы саясатқа өз тарапынан кірісуге құқығы болмады. 

Бірақ ол өз аумағын кеңейту мақсатымен қыпшақтар мен оғыздарға шабуыл жасады. Ол селжұқтарға қарайтын түркі тайпаларының Сырдарияның төменгі ағысындағы жерлерін Жент, солтүстік Маңғышлақпен қоса өзіне қаратып алды. 

Бұл Атсыздың Санжарға тәуелсіз, өз бетімен жасаған ең алғашқы қадамы болатын.

Осы жағдайды естіген Санжар 1138 жылы Хорезмге қарай әскерімен жақындай бастайды. Санжар шабуылды бастамас бұрын Атсызды келіссөзге шақырады. 

Бірақ одан еш нәтиже шықпай, сол жылы 15 қарашада Хазарасп қамалының түбінде қырғын соғыс басталады. Өздеріне қыпшақтар мен оғыздарды қосып алған Хорезм әскерлері жеңіледі. 

10 мың адам қаза тауып, біразы тұтқынға түседі. Оның ішінде Атсыздың баласы да бар еді. Оның басы алынып, Мәуереннахрға жіберіледі. 

Санжар бір аптадай сол жерде болып, тірі қалған Хорезм әскерлеріне кешірім жасап, өз әскеріне қосады, Атсыз қашып кетеді.

Хорезмді басып алған соң Санжар билікке немересі Сүлеймен шахты қояды. Бірақ Санжар Мервке кете салысымен, 1139 жылы ақпанда Атсыз Хорезмге келіп, Сүлеймен шахты қуып, билікті қайта өз қолына алады.

Бірақ Санжардан сескенген Атсыз одан кешірім сұрайды, Санжар оны кешіреді. Алайда Атсыз сол жылы Бұхараға шабуыл жасап, Санжарға тәуелдІ билеушілерді өлтіреді. 

Бұл Санжардың Хорезмге шабуыл жасап, баласын өлтіргені үшін жауап ретінде жасалған іс болатын. Бірақ бұл кезде Мәуереннахрда қарақытайлар көтеріліп, Санжардың Атсызға жауап қайыратын халі болмады. 

Хорезм билеушісі қалыптасқан жағдайдан қорқып, Санжарға тәуелділікті мойындауды жөн санайды.


1141 жылы Атсыз Хорезм Санжарға тәуелді екендігін жариялап, одан кешірім сұрап, Құран ұстап, келісімді бұзбауға ант береді. 

Алайда Катван шайқасынан кейін Атсыз берген уәдесін бұзып, Мервті басып алады. Оны тонаған соң, Хорезмге қайтып кетеді. 

1143 жылы Санжар Мервтегі билігін тұрақтандырған соң Хорезмге шабуыл жасап, астанасы Үргенішті басып алады. 

Атсыз Санжармен бейбіт келісімге келіп, оған барлық қазынаны қайтарып береді. Бірақ 1147 жылдан 1152 жылға дейін Атсыз тарапынан селжұқтарға, селжұқтар тарапынан Хорезмге жасалған ірілі-ұсақты жорықтар болып тұрды.


1153 жылы Санжардың оғыздарды өзіне қарату үшін жасаған жорығы сәтсіз аяқталып, өзі тұтқынға түсіп, кейін әрең қашып құтылады. 

Бұл кезде Атсыз Санжарға жақтас болады. 1156 жылы 30 шілдеде Атсыз ауырып қайтыс болады, ал 1157 жылы 9 мамырда Санжар сұлтан қаза тауып, Селжұқ империясының Мәуереннахрға ықпалы жойылады.


Атсыз дүниеден өткен соң, билік үшін талас басталды. Бірақ оның кіші ұлы Ел Арслан (1156 - 1172) билікке келеді. 1156 жылы 22 мамырда оның таққа отырғаны тойланады. 

Ал бұл кезде Санжардың өлгенін пайдаланып, оғыздар Хорасанды басып алып, Мерв, Балх, Серахс сияқты қалаларды өздеріне қаратады.


Хорезмшахтағы Ел Арслан беделі өте жоғары болды. Бірақ қарақытайлармен соғыстан әлсірегендіктен, Хорасанды өзіне қайтару мүмкін емес-ті.


1169 жылы қарақытайлар Хорезмге салық төлемегені үшін шабуыл жасайды. 1172 жылы наурызда Ел Арслан қаза табады. 

Екі ұлы Текеш пен Сұлтан шах арасында таққа талас басталады. 1172 жылы 11 желтоқсанда Текеш қарақытайлар көмегімен билікке келеді. 

 

Бұл кезде Гур сұлтаны Гийас әд-Дин әл-Гуридің қуаты артады. Ол селжұқтардың әлсірегенін пайдаланып, 1175 жылы Гератты басып алған болатын.

1180 жылдан бастап Хорезм шахы өзінің сәтті жорықтарын бастап, Ирак пен Мәуереннахрды өзіне қаратады. Оның тұсында Хорезм мемлекеті гүлденеді. 

Исмаилидтерді талқандаған Текеш енді өз қолын жасақтап, Арабияға жорыққа аттанады. Бірақ осы жорықта ауырып, 1200 жылы 3 шілдеде қайтыс болады. 

 

Ол Үргеніште өзі салдырған медресе жанына жерленеді. Деректер бойынша, Текеш Хорезм мемлекетіне қатаң әскери тәртіп енгізген, оның әскерлері жауынгер түркілер қаңлы, печенег, қыпшақ сияқты тайпалардан тұрған.


Текештің үлкен ұлы Мәлік шах 1197 жылы әкесінің көзі тірісінде қайтыс болғандықтан, билікке інісі Мұхаммед келеді.

Бұл кезде Сұлтан Гийас әд-Дин әл-Гури кәрі әрі аурушаң еді. Хорезмшахтар өздері қарсылыққа шығуды жөн санайды. 

Бірақ Сұлтан Гийас әд-Дин әл-Гури Үндістандағы інісі Шихаб әд-Динді көмекке шақырып қояды. 1203 жылы қаңтарда Гийас әд-Дин әл-Гури қайтыс болады. 

Шихаб әд-Дин Үндістаннан келе сала, бірден Хорезмге шабуыл жасайды.


Екі жақтың әскері Әмударияның Қарасу бойында кездеседі. Екі жақ та үлкен шығынға ұшырап, хорезмдіктер жеңіледі. Бірақ мемлекеттің астанасын қорғауда Текештің жесірі Мұхаммедтің анасы Төркін хатун 70 мың әскер жасақтап, ерлік көрсетеді. 

Мұхаммед қарақытайлардан көмек сұрайды. Шихаб әд-Дин Үргенішке жетер жолда қарақытай әскерлеріне жолығып, талқандалады. 

Шихаб әд-Дин қоршауда қалып, алтын төлеп қашып құтылады. 1206 жылы наурыз айында Гур сұлтаны Шихаб әд-Дин кісі қолынан қаза табады, Ол өлген соң орнына келген Гийас әд-Дин Мұхаммедтің баласы Гийас әд-Дин Мұхаммед елді ойдағыдай басқара алмады. 

Ол Гурдың билеушісі атанғанымен, Хорезмшахқа тәуелді болып қалды.


1207 жылы Хорезмшах Мәуереннахрға әскер жіберіп, оны өзіне қаратады. Қарақытайлар бұл кезде Хорезмге қарсы жорыққа дайындалып жатқан еді. 

Үлкен шайқастан соң хорезмдіктер тас-талқан болып жеңіліп, Ала әд-Дин Мұхаммед тұтқынға түседі. 1209 жылы ол тұтқыннан қашып құтылып, 1210 жылы қайтадан қарақытайлардың отарына айналады. 

Сол жылы әскер жасақтап, Мұхаммед қарақытайларға шабуыл жасап, оларды талқандайды.


Шыңғыс ханнан қашқан Күшілік хан қарақытайларға келіп паналап, Гур ханның қызын алады. Ол моңғолдардан қашқан наймандарды жинап, іс жүзінде билікті өз қолына жинай бастайды. 

Мұхаммед пен Күшілік хан қарақытайлардың жерін өзара бөліске салады. Сөйтіп, Хорезм мемлекеті Ирактан шығыста Әзербайжанға дейін, батыста Арал теңізінен Маңғыстауға дейінгі аймақты, солтүстікте Үнді мұхиты жерлерін өзіне қаратқан алып империяға айналады.


1217 жылы Бағдадқа жорық жасалғанмен, қыстың түсуіне байланысты тоқтатылады. Осы кезеңде моңғол жерінде Шыңғыс хан бастаған Ұлы империя күшейген болатын. 

Оның жаулап алу жорықтары үздіксіз жүріп жатты. Мұхаммед Хорезм мемлекетіне Қытайды қосып алуды мақсат етіп, оған жорыққа дайындалып жатқанда, 1215 жылы солтүстік Қытайды астанасы Пекинмен қосып Шыңғыс хан басып алғандығын естиді. 

Бұл мемлекеттің күштілігін сезген Мұхаммед Шыңғыс ханға елші жібереді. Елшілікті Шыңғыс хан жақсы қабылдап, сый-сияпатпен еліне қайтарады. Осыдан кейін Хорезм шахы да оған керуен жіберіп, екі жақ достық келісім жасасады.


Осы кезде 60 мың әскермен хорезмдіктер меркіттерге жорыққа шығады. Бірақ оларға дейін Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы меркіттерді талқандап кеткен болатын. 

Оны көрген Хорезм шахы Жошы әскерімен шайқасып, жеңіліс табады. Мұхаммедтің ұлы дарынды қолбасшы Жәлел әд-Диннің көмегімен ғана Хорезм әскерлері толық талқандалудан аман қалады. 

1220 жылы Зермук пен Нуратты моңғолдар басып алып, Бұхараға келе жатыр дегенді естіп, Мұхаммед Самарқандқа қашып кетеді. 

Оның баласы Жәлел әд-Дин Үргенішке барып әскер жасақтайды. Шыңғыс хан әскерлерінен ығысқан хорезмдіктер тек 1221 жылы 24 қарашада Инд жағалауында Жәлел әд-Диннің басшылығымен табан тірескен шайқасқа шығады. 

Бірақ олар тас-талқан болып жеңіліп, Жәлел әд-Дин әйел, бала-шағасын моңғолдардың қолына түсірмеу үшін Үнді дариясынан ары өткізіп, олармен бірге өзі де қашып құтылады. 

Оның шайқастағы ерлігіне Шыңғыс хан таң қалады. Осылайша Шыңғыс ханның Орта Азия мен Хорасанды жаулап алуы аяқталады. Хорезм мемлекеті өмір сүруін тоқтатады.

1225 жылы Шыңғыс ханның Орта Азиядан кеткенін естіп, Жәлел әд-Дин қайта оралады. Ол Сирия, Әзербайжан жерлеріне жорық жасайды. Біраз тайпаларды өзіне бағындырған ол 1231 жылы күрділердің қолынан қаза табады.

No comments

Құтты жаңалықтар, құтты өмір

Аналитика, жаңалықтар, бағыттар


Басты бет
☘ Технология
Арқаман
Блогтар
Әлем жаңалықтары
hi-tech
Қазақстан жаңалықтары
Кино, өнер
Шығарма
Билік
Украина
Сирия
Оңтүстік Корея

Жеке даму бағыты