2024 жылғы президенттік сайлау науқаны кезінде Дональд Трамп
Ресейдің Украинаға қарсы соғысын 24 сағат ішінде тоқтата алатынын бірнеше рет мәлімдеген болатын.
«Мен соғысты бір күнде бітіремін, тіпті Ақ үйге енбей тұрып-ақ тындырам...», - деген сөз АҚШ -тың сайланған президентінің аузынан қайта-қайта шыққан-тын.
Бұл мәлімдеме тіпті сайлау алдында артық кетіп жататын Трамп үшін түптің-түбінде шындыққа жанаспады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Еуропадағы ең үлкен соғыс Украинада жүріп жатқандықтан, бұл нақты уәде президенттік науқандағы көптеген мәлімдемелердің бірі ретінде ұмытылып қала ма деген қауіп те бар болатын.
Сайланған президент атын алып отырып, Трамп осы күрделі мәселені шешу жолдарын қарастырғаны мәлім болып отыр.
Сайлана сала осы соғысты 24 сағат ішінде тоқтата алмасына Трамптың көзі айқын жетті. Ендігі кезекте, "Менің президенттік мерзімім, Украин халқына жәрдем мен қолдау берудің жаңа белесіне көтеріліп, соғыстан зардап шеккен халықтың есінде мәңгі қалады" деді.
АҚШ тарапының қолдауы, украин халқының сенген де сүйенген тірегі екені ақиқат. Халқымыздың "сыйынғаныңнан сүйенгенің мықты болсын..." деген қанатты сөзін еске алсақ, сайлау өте салысымен Зеленский өзінің "X" әлеуметтік желісіндегі жазбасында: «Мен президент Трамптың жаһандық істердегі «күш арқылы бейбітшілік» тәсіліне адалдығын бағалаймын. Бұл Украинаға бейбітшілікті іс жүзінде жақындата алатын принцип», - деп жазды.
Трамп пен Зеленский
Дегенмен, Трамптың Ақ үйге оралу сәті жақындаған сайын Америка Құрама Штаттарының 47-ші президенті бұл туралы басқа ұстаным мен басқа уақыт кестесіне ауысуы бек мүмкін. «24 сағат» деп басталған уақыт қазір жарты жылға айналып барады.
Өмірдің қатаң шындығына шекесі соғылған Трамп, ендігі кезекте, соғысты аяқтау үшін алты ай уақыт неғұрлым қисынға сыятын, шынайырақ мерзім деп айтты. Украинаның бұрынғы экономика министрі Тимофий Мылованов Euronews-ке берген сұхбатында: "Бұл уақыт кестесін өзгерту Киев үшін де жақсы белгі" дей келе,
«Ықтимал сценарийлердің ең жаманы - Украинаны ресейге матап беру. Бұл шұғыл, 24 сағаттық сценарий кезінде орын алуы әбден ықтимал. АҚШ-тың тап қазір Еуроодақ пен Украинаға әсер ету тетіктері айтарлықтай мықты, алайда Ресейге әсер ету тетіктері, олай болмай тұр. Тап қазір АҚШ тарапы Ресейге бірден әсер ететін қуатты тетіктерге ие емес.
Ал қарулы қақтығысты 6 ай ішінде тоқтату кестесі, Ресейге әсер ету тетіктерін әлдеқайда көбейтіп, қуаттандыра түсуге мүмкіндік береді», - деді Мылованов.
Сол тетіктердің бірі - Ресей орталық банкіне тиесілі $300 млрд бұғатталуы. Осы да және басқа ресейге қысым тетіктерін Байден әкімшілігі енгізгенімен, оның Трамп әкімшілігімен келісіліп жасалғаны көрініп тұр.
Трамп әкімшілігі бір қарағанда опырып бара жатпаған секілді көрінгенімен, дегенмен украинаны қорғау мен қолдау үдерісінің тұрақты болатынын көрсетіп отыр.
Еске сала кетсек, сайлауалды дебаттарында Трамп, Украинаның айқын басымдылықпен Ресейді әскери жолмен жеңуін қалайтынын ашық айтпай, жай ғана: «Мен соғыстың тоқтағанын қалаймын» деп қысқа қайырған болатын.
Әрине, батыстың саясаткерлерінен қатты риторика күтпейтініміз белгілі-ақ. Ресей ыдыраған жағдайда қараусыз қалатын мыңдаған ядролық оқтұмсықтардың әлемнің қай түкпірінен шығатынын ешкім де білмейді. Сол үшін ресейдің жеңілуі немесе ыдырауы секілді ойларды батыстық саясаткерлер аулақ ұстауға тырысады.
***
Осы әрекеттер жиынтығы Украина үшін жеткілікті ме?
"Украинның өр халқы
- Өз елінің конституциясын өзгертуді
- Украинаны қарусыздандыруды немесе
- басып алынбаған аумақтарды ресейге беруді қабылдамайды.
Қоғамдық сауалнамаларға сүйене отырып, адамдардың қабылдауға дайын нәрсесі, бұл - Бақылай алмайтын аумақтарымыздың уақытша дұшпан қолында қалатыны», - деп түсіндірді ол.
«Демек, бұл жәйт, қандай да болсын іс жүзіндегі - шындық. Сондықтан да, украиндық азаматтар шындықты қабылдауға дайын, бірақ бұл оларды берілуге дайын деуге келмейді».
Мыловановтың айтуынша, Украина мен Ресейдің қандай келісімге келе алатынын табу әрине қиын.
Қалай болғанда қандай келісім болса да, Путин оны жеңіс ретінде ел ішінде "сатуы" керек. Украина болса, сол келісімді өз азаматтарына қауіпсіздік кепілдігі ретінде сатуы керек. Қалай дегенде, Украина, "трояндық атқа" айналатын келісімдерге бармасы анық деді Мылованов.
p.s. 1994 жылы Будапешт меморандумында, Украинадағы ядролық қаруды алып кету алдында, әлемнің 6 ядролық мемлекеттері украинаға "Қауіпсіздік кепілдігін" берген болатын. Сол 6 елдің ішінде Ресей де бар.
Сондықтан, түптің-түбінде, Ресей империясымен жасалған келісім, жазылған қағазының құнына тұрмайды... дегенді есте ұстау керек.