Біздің заманнан бұрынғы VII ғасырдан біздің заманымыздың II ғасырына дейінгі
уақытта Солтүстік Үндістан, Ауғанстан, Орта Азия мен Қазақстан, Шығыс Түркістан жерін Сақ бірлестігі мекен еткен., Бүгінде сақ қорымдары Балтық теңізінен (Висла, Эльба өзені) Орталық Моңғолияның Керулен дариясына дейінгі, Ертіс, Енисейден Түрфан мен Ордосқа (бұрынғы Си Ся) дейінгі аймақты алып жатыр.
Сақтар туралы алғашқы деректерді «Бехистун» жазбасынан, Ксеркс «дәптерінен», Авестаның Ясна кітабына енген Заратуштраның уағыз өлең жолдарынан кездестіреміз.'
Ирандагы Бехистун жазбасы жазылган жартас
«Авеста» мәтініндегі Иран эпосында Қазақстан және Орта Азия көшпенді тайпалары «турлар» аталған. Бұларды Грек елінің тарихшысы Страбон өз шежіресінде «азиялық скифтер» деп жазды. Рим жазушысы Үлкен Плиний де осындай пікіртұжырым қалдырған.
Оның жазуынша, скифтерді заманында парсылар «саға» деп атаған. Бұл атау қытай жазбаларында «сэ» айтылымымен тарады.
Ахемендік Иранның сына жазуы ескерткіштерінде сақтар үш топқа бөлінеді.
Олар:
хаомаварга сақтары (хаома шарабын ішетіндер немесе амюрийліктер);
тиграхауда сақтары (шошақ бөріктілер);
тьяй-парадарайя сақтары (теңіздің арғы жағындағылар).
***
Бұлар Орта Азияның оңтүстігін, Арал теңізінің төңірегін, Сырдария бойын, Жетісу алқабын мекендеген. Сақ одақтарының құрамына
- яксарт
- массагет
- исседон
- дай
- астақ
- қамақ
- аримаспы сияқты көптеген көне тайпалар біріккен
***
Олар Кавказ тауын «Қап» деп атаған.
Сақ жерінде Яксарт (Сырдария), Ок сус (Өкісу - Әмудария) секілді арынды үлкен дариялар ағып жатқан.
Сырдарияны бақтиярлар (бактрлар) - Яксарт, ал сақтар Сілес (Сіле, Сілеті) деп атаған.
***
Сақтар антропологиялық типі, этнографиялық салт-дәстүрі, тілі мен мәдениеті жағынан әр түрлі болды. Қазіргі түркі халықтарының тілдерінде «сақ» сөзі жиі ұшырасады.
Мәселен, якуттардың өздерін
сыха атауы,
қазақта сақа адам,
сақшы,
сақ сөздерінің сақталуы - сақтардың тікелей ұрпағы болып табылатындығының бір дәлелі.
Қазақ (хассақ) атауының өзі Сақ атауымен байланысты деген болжам да бар.
Тиграхауда және мидиялық. Персепольдегі (Иран) Ксеркс сарайының бедер бөлшектері. Б.з.б. V ғасыр
Көне жазбаларға қарағанда, парсылар, гректер, кейіннен селефкілер де сақтарға қарсы жорықтар жасаған.
Сақтар парсы әскерінің құрамында грек-парсы соғыстарына қатысып, ахемендердің әскерінде көп жыл әскери қызмет атқарды.
Ахемендіктер әулетінен шыққан парсы патшасы II Кир өзінің сол кездегі күшті төрт көршісін -
- Мидия
- Лидия
- Вавилония және
- Мысырлықтарды бағындыру үшін жауынгер сақтармен әскери одақ құрған.
553 жылы сақтар Кирге жақтасып Мидия жеріне бойлай кіріп, өздеріне бағындырады. Геродоттың хабарлауынша, сақтар мұнда 28 жыл билік құрған.
Көп ұзамай II Кир Лидия мен Вавилонды бағындырған соң, шығысқа бет бұрады. Бұл жорығында II Кир кешегі одақтастары массагеттердің қарсылығына тап болады.
Бұл массагеттерді әйел патшайым Томирис билеп тұрған кез екен.
II Кир өзіне тұрмысқа шығуын ұсынып Томириске елші аттандырады. Томирис Кирдің бұл неке арқылы бүкіл массагеттерді қол астына алғысы келіп отырғанын түсініп, одан бас тартады.
Ақырында II Кир және Томирис басшылық еткен парсылар мен массагеттер арасындағы ақтық шайқас 530 жылы шілдеде Әмударияның бір саласы Өзбой бойында өтеді. Шайқаста массагеттер жеңіске жетіп, II Кир қаза табады.
Парсылардың сақтарға қарсы тарихта белгілі екінші үлкен жорығын 519 жылы Гистасптың ұлы Дарий патша бастайды.
I Дарий бұл жолы шошақ тымақты (тиграхауда) сақтармен шайқасқан. Ол 700 000 қарулы қолмен басып кірген.
***
Сақтар парсылармен Истра өзенінен үш күндік жерде кездесіп, шегіне жүріп ұрыс салған. Дарий қарсыластарының бұл әрекетін түсінбей, олардың ханы Иданфирске жаушы жіберіп, берілуін талап етеді.
Иданфирс оған:
«Бұл көріп отырғаныңыз Сіз үшін шегініс болуы мүмкін, ал біздер, көшпенділер үшін, үйреншікті құбылыс.
Бізде жан алысып, жан берісіп қорғанатын қала, қамал, егіс алқабымыз жоқ, сонда мен сені не үшін күтіп отырмақпын.
Шын мықты болсаң, біздің ата бейітімізді басып алып көр. Жан алысып, жан беріскеннің не екенін сонда көрер едің!» - деген екен.
Ежелгі сақ жауынгерлері. Б.з.б. V-III ғғ.
Қ.С. Ахметжановтың “Жараған темір кигендер” кітабынан
Сақтар осылай шегіне жүріп Сырдария, Жетісу жиегіне дейін ұрыс салған. Сондықтан парсылар тек Сырдарияның арғы жағы мен Каспий жағалауын мекен еткен сақтардың кейбір бөлімдерін ғана уақытша бағындыра алды.
Көшпенді сақтардың мұндай соғыс тәсілінен әбден қалжыраған I Дарий патша ақыры кері шегінуге мәжбүр болған.
Грек тарихшысы Полиэн өзінің «Әскери қулықтар» деген кітабында сақтарға қарсы жүргізілген жорықтар туралы деректер қалдырған.
Ол, әсіресе, жоғарыда айтылған соғыста болған таңғажайып оқиғалардың бірін былай суреттейді:
«Ширак деген бір сақ өз денесін өзі пышақпен жаралап, парсыларға қашып барып, өзін сақ басшыларынан зорлық көрген пенде етіп көрсетеді. Ол руластарынан кек алатын кісіге ұқсап, парсы әскерлерін сақтарға бастап барамын деп алдап, адастырып сусыз шөлге апарады. Осылай парсының шапқыншы әскерлері шөлден қырылады. Ақырында Ширак оларға:
-Мен сендерді адастырып, қырғынға ұшыраттым. Елімді аман алып қалдым, дегеніме жеттім. Енді қолдарыңнан келгендеріңді істей беріңдер,» - деген екен.
Сақтар грек-парсы соғысында парсылардың одақтастары ретінде қатысты. Б.з.б. IV ғасырдың 30 - 40 жылдарында Александр Македонский басқарған гректер Орта Азияға баса-көктеп кірді.
Осы қақтығыста Сыр бойының негізгі халқы - массагеттер олардың негізгі қарсыласына айналады.
Ксеркс және Арриан жазбалары бойынша, Александр Македонский басқарған грек жасақтарымен болған соғыс кезінде қазіргі Қазақстанның оңтүстік аймақтарын мекендеген сақтар «дақтар» деп аталған.
Массагет-дақ сақтары осы күресте ғажайып ерлік танытты, Александр Македонскийдің өзі Сырдариядан өту әрекеті кезінде сақ жебесінен жараланды.
Сөйтіп, Сырдарияның сырт бойын мекендеген сақтар қажырлы қарсылық көрсетуінің нәтижесінде гректерді шегінуге мәжбүр етіп, өздерінің тәуелсіздігін сақтап қалды.
Шаруашылығы
Сақ дәуІрі тайпалары мал шаруашылығымен айналысты. Негізінен, қой және жылқы өсірді. Қойды тек етті мал ретінде ғана пайдаланбаған, оның жүнінен киіз басып, арқан есіп, жіп иірген.
Сақтар киіздің бірнеше түрін жасай білген. Киіз үйдің керегесіне ұстауға және жерге төсеуге арнап қарапайым қалың, қара киіздер, ал киім, бас киім тігу үшін жұқа әрі жұмсақ киіздер басқан.
Пазырық, қорғанынан табылган киіз текемет
Көшпелі малшы және жауынгер сақтар тұрмысында жылқы малының орны ерекше болған. Негізінен, жылқының қысқы жайылымға төзімді тебін жылқысы мен міністік тұқымы (Пазырық, Тасмола) ұшырасады.
Сақ заманында доңғалақты көлік түрлері дамыған. Қаратау жотасы мен Шу-Іле тауларының (Таңбалы тас, Қойбағар, Арпаөзен) жартастарындағы суреттер, Таулы Алтайдың обаларынан табылған заттар жүк арбалары мен соғыс күймелері болған деуге мүмкіндік береді.
Жүк арбалары екі, төрт және алты доңғалақгы болған, Олар жөніндегі мәліметтер жазбаша деректемелерде де сақталған.
Мәселен, Гиппократ сақтардың тұрмысын суреттей келіп, былай деп көрсетеді:
«Арбалар өте шағын, төрт доңғалақты болады. Басқа бір алты доңғалақты арбалар киізбен жабылады; үйге ұқсас екі және үш қабат киіз жабылған шанақты арбалар жасалады, олар жаңбыр мен желден пана болады... Бұл арбаларда балалар мен әйелдер тұрады, ал ерлер қашан да ат үстінде жүреді».
Мұндай арбаларға өгіз, ат және түйелер жегілген. Соғыс және аңшылыққа арналған күймелер, негізінен, екі доңғалақты болған.
Сақ тайпалары қосалқы кәсіп ретінде аңшылықпен және балық аулаумен айналысқан. Жартастағы суреттер таулы-далалық тайпаларда аңшылықтың салт атпен қаумалап аулау, иттердің көмегімен қуып аулау сияқты түрлері болғандығын көрсетеді.
Балық аулау Ертіс жағалауында және Страбон «батпақты, аралды ел» деп атаған Сырдария атырабында кең тараған.
Қуаңдария мен Жаңадарияның көне арналары бойындағы қоныс жұртынан да балық аулау құралдарының көптеген түрлері табылып отыр.
Сақтардың қоғамдық құрылысы
Сақ қоғамының көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысуы, металлургия өндірісінің жетілуі қосымша өнімнің өсуіне, айырбастың дамуына, жеке меншіктің қорлануына септігін тигізді.
Жерге қауымдық меншік сақталып, малға отбасылық меншік пайда болды. Суармалы егіншілікпен айналысқан аймақтарда енді туыстық жағынан емес, аумақтық-өндірістік ұстаным бойынша құрылған қауымдар қалыптаса бастады.
Көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысатындар арасында рулық тәртіптер сақталды. Сақ заманы қоғамдық құрылымы: шағын туыс отбасылар тобы (патроңомия) - көшпелі қауым (ру) - тайпа - тайпалар одағы болып келеді.
Тайпа қоғамдық құрылыстың маңызды сатысына айналды. Тайпаның өз жері, аты және осы тайпаға тән диалектісі, ортақ діни ұғымдары мен діни ғұрыптары, оргақ істерді талқылайтын тайпалық кеңесі, жоғарғы көсемі мен әскери басшысы болды.
Ертедегі темір дәуірінде Қазақстан аумағында оның, оңтүстік, шығыс және орталық аудандарын мекендеген тайпалардың көбі сақ тайпалық одағына, ал оның батыс және ішінара солтүстік аудандарын мекендеген тайпалар савромат тайпалық бірлестігіне кірген.
Б.з.б. I мыңжылдықтың орта шеніндегі тайпалық одақтар мемлекеттіліктің тууының алғашқы сатысы болды. Сайланып қойылған көсемдердің қолына азаматтық және әскери билік шоғырланды, әскери жасақтар құрылды.
Сақ бірлестігін хан басқарды. Әрбір тайпа бірлестіктерінің өз ханы болды. Хан мұрагерлік жолмен сайланды. Егер хан өлсе, оның орнын ұлы, ал ұлы кәмелетке толмаған немесе мүлдем болмаған жағдайда ханның ең сенімді әйелдерінің бірі ел басқарды.
Хан елбасы, ел мен жердің иесі, бас қолбасшы саналған. Ханның жанында ірі-ірі тайпа басшылары және әйгілі батыр-қолбасшылардан тұратын хан кеңесі жұмыс атқарған. Жорыққа аттану, хан сайлау сияқты аса ірі мәселелер хан кеңесінде шешілген.
Қазақстанның оңтүстігі (Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өңірі) әлеуметтік-экономикалық жағынан үдемелі қарқынмен дамыды және қоғамдық құрылыстың жоғары сатысында тұрды.
Мұны археологиялық, әсіресе, Жетісудағы деректемелер растайды. Бесшатыр қорымы мәдени және ежелгі сәулет өнерінің,
қоғамдық өмірдің айқын көрсеткіші бола алады.
Жетісу атырабында «патша обалары» деп аталатын қорымдардың көп болуы бұл жерде мал өсіруші сақтар арасында (б.з.б. VII - IV ғғ.) мүлік теңсіздігінің болғандығын көрсетеді.
Мыңдаған шағын үйінділермен салыстырғанда, үлкен обалар санының аз болуы қоғамның екі топқа: артықшылығы бар азшылық пен кедей көпшілікке бөлінгендігін дәлелдейді.
Б.з.б. VII-V ғасырларда Қазақстан мен Орта Азияның далалық кеңістіктерінде Бесшатыр, Есік, Шілікті сияқты тас пен топырақтан үйілген обалар, ал егінші-малшы сақтар аймағында қам кірпіштен салынған Түгіскен кесенесі пайда болды.
Қазба жүмысы олардың сақ қоғамындағы жоғары дәрежелі адамдардың сағаналары екендігін дәлелдеп берді.
Обалы үйінділердің ауқымдары жерленген адамның қандай да бір әлеуметтік дәрежеге жатқанын белгілейді.
Бесшатыр қорымы
Кейбір обалардың ауқымы үлкен және қабірдің ішінен көптеген заттар табылған, ал кейбіреулерінің көлемі кіші болған, заттар қойылмаған.
Сақ қоғамында әлеуметтік теңсіздіктің орын алғанына патшалық обаларды тұрғызуға пайдаланылған құрылыс материалдарының - топырақтың, қиыршық тастың, тас пен ағаштың және жұмсалған адам еңбегінің ауқымы да маңызды дәлел болады.
Мәселен, ең үлкен Бесшатыр обасы үйіндісінің көлемі 80 мың текше метрден астам, ал оны салуға 60 мыңдай адамның күндік еңбегі қажет. Ең үлкен патшалық обалардың құрылысына қатардағы обаларды тұрғызғандағыдан он мың еседен артық адам күші жұмсалған.
Сақ қорғандарының жарып көрсетілген сызбалары
Үйінділер ауқымының әр қилылығы мен оларды салуға жұмсалатын еңбек мөлшері сақ қоғамында әлеуметтік сатылардың дамығандығының салдары болып табылады.
Сақтардың иерархиялық атақтары қоғамның жіктелуінің тереңдей түскенін айқын көрсетеді.
Жоғарғы сатыға патша мен ханша, шонжарлар мен «ақсүйек» адамдар, салт атты жауынгерлер, төменгі сатыға тәуелді адамдар, құлдар, қызметшілер, жаяу жауынгерлер жатқызылған.
Сақ тайпаларының қолөнері
Сақ қоғамында қолөнермен айналысатын шеберлер өз қауымы мүшелерінің қажетті заттарын жасап беріп, оның орнына ауыл шаруашылығы өнімдерін айырбастап алып отырған.
Еңбек қүралдарын, киімдер, қару-жарақтар, түрғын үйлер, түрлі аспаптар жасауға керекті шикізаттардың көпшілігін ертедегі мал өсірушілер жергілікті жерде өндіріп, өңдеді.
Кен-руда шикізаты, бірқатар шаруашылық бұйымдары, әшекейлер кейде шалғай жерлерден тасып әкелінді.
Сақ тайпалары, әсіресе, қола құю ісі мен басқа металдарды өңдеу техникасында елеулі табыстарға жетті. Өндірістік және шаруашылық-тұрмыстық мақсаттарға арналған алуан түрлі бұйымдар жасады.
Құйма қалыптар ретінде қыш, металл, кейде тас пайдаланылды. Жебенің ұштары мен қанжарлар жасау үшін олар екі немесе үш ұялы • армалардан тұратын қарапайым құйма алыптарды қолданды.
Қалайымен аптау техникасын меңгеру ертедегі құюшылардың елеулі жетістігі болды. Қалайымен қапталған бұйымдар онша таттанбайды әрі көпке шыдайды.
Б.з.б. V ғасырдан бастап аттардың жүгені барынша ыңғайлы етіліп, ауыздықтары темірден жасалатын болды.
Сақтар қару-жарақтардан жебелі шағын садақтармен, парсылар ақинақ деп атаған шабуға да, түйреуге де ыңғайлы қанжарлармен, ұзын семсерлермен, сүйменшелермен, найзалармен және бітімі әр түрлі жауынгерлік балталармен қаруланды.
Сақ жауынгерінің сауыт-сайманы қолдан істелген дулығадан, шағын қалқаннан және жебе салынған қорамсақ ілінген белдіктен тұрды.
Б.з.б. VII - VI ғасырларда соғыс қанжарлары қоладан құйылды.
Б.з.б. IV - III ғасырлардан бастап соғыс қанжарлары тек темірден ғана жасалатын болды.
Қорамсақтар мен ақинақтар, әдетте, жауынгерлердің белдіктерімен бірге табылады.
Сақтардың белдіктері салмақтылығымен ерекшеленген, әдетте, құрастырмалы болып, іші қуыс ірі қола қаптырмалардан тұрған.
Мұндай қаптырмалардың сыртқы беті ою-өрнекпен әшекейленеді, кейбіреулері мүсін тәріздендіріліп жасалады.
Сақ дәуірінде жасалган ауыздықтар мен қанжар
Тұрмыстық керек-жарақтан ең көп табылатыны пышақтар. Олардың бәрінің де жетесі шағын тікше, сабының ұшы дөңгелектеліп жасалған. Б.з.б. VI ғасырдың аяғында-ақ қола пышақтардың орнына түгелдей дерлік темір пышақтар жасалатын болды.
Б.з.б. VII - VI ғасырлардан бастап салмақты, жиегі шығыңқы, дөңгелек табақша қола айналар кеңінен тарады.
Б.з.б. V - IV ғасырларда олардың орнына жалпақ және жиегінде қарапайым тұтқасы бар айналар шықты. Сақ айналарының өзінің алдындағы андронов айналарынан айырмашылығы - олардың бетіне балқытылған қалайы жалатылған, мұның өзі оларды жылтыратып тұрған.
Сақ заманында металл өңдеумен бірге қолөнердің ыдыс-аяқ жасау, тас қашау, сүйек ою, тері илеу, жіп иіру және тоқымашылық сияқты басқа түрлері де болды.
Сақ тайпаларының басым көпшілігінің көшпелі тұрмысы ыдыстың жаңа түрлерін туғызып, жаңа материалдарды - металл, тері және ағашты қажет етті.
Қурбандың шырағданы. Б. з. б. IV-III г. Жетісу өңірі Ерейментау қыстағынан табылды
Көшпелі тұрмыс басым болған Орталық Қазақстанда керамикалық ыдыс тым аз жасалды, негізінен, тері, ағаш және металл ыдыстар ұсталды.
Жетісу, Ертіс бойы және Батыс Қазақстанның орманды-далалық аудандары сияқты басқа аймақтарда керамикалық ыдыстар бұрынғысынша жасала берді, бірақ олардың түрі қола дәуіріндегі отырықшы, бақташы тайпалардың ыдыстарынан басқаша болды.
Жетісуда көшіп-қонғанда алып жүруге қолайлы тұрқы қысқа, жатаған ыдыстар кеңінен таралды. Олардың арасында жайпақ дөңгелек тостағандар, шомбал саптыаяқтар, текше тәріздес ыдыстар мейлінше жиі ұшырасады.
Түбі дөңгелек ыдысты Батыс және Солтүстік Қазақстанның мал өсірушілері де пайдаланған, ол бірінен бірі үлкейе беретін жеке-жеке таспа сияқты саздан жасалған.
Қола қазан. Жетісу. Б.з.б. V-III ғғ.
Керамика жасаған кезде қалып ретінде топырақ толтырған мата үлгі пайдаланылған. Жетісудың обалы молаларынан жайпақ табақтар мен астаулар түріндегі ағаш ыдыстар табылды, көмбедегі табылған заттардың арасынан алуан түрлі тағандар мен аяқтары бар үлкен қола қазандар да көп кездесті.
Шығыс Қазақстанның таулы аудандарының тұрғындары сыртқы формасы басқаша келген қыш ыдыстар пайдаланған.
Мұнда майқұйғыш тәрізді және тік мойынды құмыралар мен аласа көзелер жиі кездеседі. Б.з.б V - IV ғасырларда мұндай құмыралардың сыртына, көбінесе, қоңыртүсті минерал бояумен әшекей салынған.
Таулы Алтайдың Пазырық обаларынан ағаш және көн ыдыстардың өте мол жиынтығы табылды. Онда алуан түрлі нақыштармен әшекейленген торсықтар, мал және аң терілерінен жасалған аяққаптар, ағаштан ойылған биік аяқтары бар ағаш столдар сақталған.
Маталар, тұс киіздер мен кілемдердің үлгілері сақ тайпаларында тері илеу ісінің және қолөнердің басқа да түрлерінің жан-жақты дамығандығын дәлелдей түседі.
Ертедегі темір дәуірінен бізге тас пен сүйектен жасалған бұйымдар да жеткен. Сақ заманында тасқа қашап өрнек салу, бір не екі жағынан бұрғылап тесу және тегістеп жылтырату әдісі жетілдірілген.
Қанжар, пышақпен бірге белдікке тағылатын қайрақ тас сақ малшысы мен жауынгерінің жанынан тастамайтын заты болған.
Белдікке тағу үшін оның жоғарғы жағын арнайы тескен. Ертедегі сүйек оюшылар жылқының, қойдың, маралдың жілік сүйектерін, жылқының тақта сүйектерін, марал мен таутекенің мүйіздерін өңдеген.
Барлық сүйектер өңделердің алдында ұзақ қайнатылған.
Өткір металл құралдардың жиынтығы пдйдаланылып, сүйектен және мүйізден жебе ұштары, айшықтар, белдікке салынатын алуан түрлі қаптырмалар, түйреуіштер, тізбелер, жайпақ бедерлі тоғалар мен ілгектер, шаш түйрегіштер жасалды.
Бесшатыр қорымындагы патша қорганының топырақтан аршылғаннан кейінгі көрінісі
Іле өзеніндегі Бесшатыр қорымының Тянь-Шань шыршасымен жабылып, шірімей сақталған қабірлері ағаш өңдеу мен ағаштан құрылыс салудың кейбір ерекшеліктерін білуге мүмкіндік береді.
Бесшатыр мазарларын салу үшін құрылыс ағаштары Іленің қарсы беттегі жағасынан 200 - 250 шақырым Іле Алатауының сілемдерінде дайындалған. Ағаш кесілген жерде бұталып, тегістеліп, бөренелерге кертпелер салынған.
Бесшатыр қорымындағы патша қорғанының топырақтан аршылған бейнесі
Дайындалған бөренелер арнаулы ағаш сүйретпелермен тасымалданған. Ауыр бөренелерді үш метрден астам биіктікке көтеру кезінде иіндер мен шығырлар жүйесі пайдаланылған.
Бөренелерде сақталған өңдеу іздері балташылық құрал-саймандарының ішінде ауыр қола балталар - шаппашоттар, қашаулар, үскілер, пышақтар болғанын аңғартады.
Есік қорғанынан табылган аң нақышымен жасалған алтын жапсырмалар
Сақ заманында ағаш ұсталығы да дамыды. Ағаштан сүт құятын ыдыстар мен ағаш тостағандар, табақша, келілер және үй ішінің басқа да керек-жарақтары жасалды, ағаш қабығынан жануар және өсімдік бейнелі күрделі өрнектер ойылды, олармен ер-тоқымдар, ағаш табыттар, жебе салынған қорамсақтар, әр түрлі қынаптар әшекейленді.
Сақтардың бейнелеу өнерінде аң нақышы кең тараған. Оның негізгі тақырыбы аңдарды, хайуанаттарды және аңыздағы ғажайып жануарларды бейнелеу болды.
Бейнелеу әдістерінің көбі қазандар мен құрбандық ыдыстарын, семсер, қанжар, қорамсақ, айбалта, жүген секілді заттарды, киімді, тулардың сабын әшекейлеу үшін пайдаланылды.
Сақтардың қолданбалы өнерінің маңызды түрі ою-өрнек болды, ол аң нақышы өнерімен қатар, онымен өзара байланыста дамыды.
Пазырық қорғанынан табылған түкті кілем. Б.з.б. V ғ.
Металға қарағанда ою-өрнек өнерінің ескерткіштері аз сақталатыны мәлім, өйткені ою-өрнек салынатын материалдар (тері, киіз, ағаш, жүн, маталар) тез шіриді. Сондықтан да ою-өрнек шығармашылығының кейбір үлгілері тек ерекше қолайлы жағдайларда ғана, мәселен, оба тоңында сақталған (Пазырық қабірінде).
Сақ заманындағы ою-өрнектің бірнеше түрін:
геометриялық
өсімдік тектес
жануарлық
символдық түрлерін атап көрсетуге болады.
Қазақстан аумағында жаппай тараған петроглифтер - жартастағы суреттер де сақтардың бейнелеу өнерінің ескерткіші болып табылады.
Әдетте, олар күнге күйіп, бетін қоңыр тат басқан жартастарға үшкір металл құралдармен қашап салынған. Жалпы алғанда, жартастағы суреттер әр түрлі тарихи дәуірде салынған, бірақ олардың көбі - сақтар салған петроглифтер.
Талай ғасырлар бойы тайпалардың киелі мекені, алуан түрлі ғұрыптық мейрам өткізілетін орны болған Тамғалы аңғарының (Алматы облысы), Арпаөзен атыраптарының (Шымкент облысы) жартастарында сақтардың ондаған бейнелері бар.
Сақ дәуіріндегі аңшылык, корінісі. Хантау тауы, Теректі өзенінің аңғарындагы тастағы сурет
Олардың арасында бұғылардың, қабандардың суреттері, түйелердің шайнасқан көріністері, аю мен басқа жыртқыштардың бедерлері бар, бұлар осы мүсіндердің металдан құйылған түрлеріне ұқсас.
Сонымен бірге сақтардың қолданбалы өнер бұйымдарында кездеспейтін көріністер де бар.
Бұлар-адамның аң аулап жүрген кезінің көріністері, соғыс және жүк арбаларының суреттері және т.б. Жартастағы суреттер сақ тайпаларының сан салалы көркем шығармашылығының көрінісін едәуір толықтыра түседі.