Қазақтар бейсенбіде әруақтарға арнап иіс шығарады, жеті шелпек таратады
***
Қолды көкке жайып:
Уа Көк Тәңірі,
Табиғат - Ұмай анам
Қолдаушым мен сүйеушім
Әруақ-құдайым
***
Бабамның рухына тағзым еттім
Қиналғанда медет тіледім,
Адасқанда жол сұрадым
***
Шаттанғанда салауат айттым
Өткенге салауат!
Қайтқаннан медет болсын деп
***
Бабамыздың рухы шат болсын
Әжеміздің рухы шат болсын деп
***
Ұрпақтары аламан бәйгеде
Тынысы тарылмасын деп.
Дұшпанкөздер аяқтан шалғанда
Омақаса құламасын деп.
***
Әруақты ер айтар сөзден жаңылмасын,
Бәйбішелер кеңшілігінен танбасын
Елдің пейілі бұзылмасын!
***
Ұрпағымыз адаспасын,
Жаза баспасын, қия баспасын деп
***
Атамның әруағына сыйындым
Бабамның әруағынан медет тіледім.
***
Дулының бір баласы едім (Әркім өз руының, елінің, әулетінің атын айтады)
Аламанға бақ сынап келдім,
Көк Тәңірі жарылқаса
Ұмай анам маңдайымнан сипаса
Ат ойнатқалы келдім!
***
От киесі, жер киесі, су киесі
О қасиетті қара топырақ киесі
Жар бола гөр!
***
Анамның сүтімен енген тіліме бер
Атамның қанымен енген жаныма бер
Бабамның алдында маңдайым жарық болғай
***
Бейсенбіде иіс шығардым
Рухтарың шат болғай
Жандарың мақпалдай боп
Маңдайымнан сипағай
***
Әруақ құдай жар болғай
Тие берсін