Қазақтың ою-өрнегі - ғасырлар құрдасы.
Қазақ бұйымдары ою – өрнекке толы, болмысын жарып шыққан сәулет.
Қазақтың ою-өрнегі
- құс болып көкті
- балық болып суды
- ағаш болып жерді
- сан түрге боялып-жылдың төрт мезгілін меңзеген тұжырым.
***
Қазақтың ою-өрнегі, ғарыштық мазмұнға ие. Қазақтың ою-өрнегі, нышан, дүниетанымдық сарын. Қазақтың ою-өрнегі, мән мен мағына өлшемі
Қазақтың ою-өрнегі, табиғат, бейне, ұйыған ой. Қазақтың ою-өрнегі, көненің көзі, тарих Қазақтың ою-өрнегі, көнеден жеткен мәдениет.
Қазақтың ою-өрнегі, қас шебердің жан серігі
Ою мен өрнектің айырмашылығы
Алдымен ою мен өрнектің айырмашылығы біліп алайық. Ою сөздің ұғымында бір нәрсені ойып, кесіп алып жасау немесе екі затты оя кесіп қиып жасау, бір нәрсенің бетіне ойып бедер түсіру деген мағына жатады.
Ал өрнек дегеніміз әртүрлі бедер, бейненің, күйдіріп, жалатып, бояп, батырып, қалыптап істеген көркемдеу, сәндеу.
Ал егерде метафора тілінде айтсақ:
Адам жазылған дайын бағдарламасы бар флешка, штрихкод, құты, ойылған ою. Құтының ішін қымызбен толтырсақ, адам болса өзін өмір бойы оймен толтырады.
Ал өрнек деген әлі төселмеген жол іспетті сіздің жаңадан салған ізіңіз, жеке ерекшеленетін өрлеуңіз, өрбуіңіз, дамуыңыз
Ою адамның түпсанасы болса, өрнек ол жаңа ғана қалыптасқан шартты рефлекс.
Қазақта ю әріпі болмаған, оның транскрипциясы [йу] болады, ендеше ою сөзі о-йу деп дыбысталады. Бұл ою сөзінде «ой» «мен «у» бар екенін аңғаруға болады.
Ою деген ұйып тұрған ой. Адамның ойы тоқтаусыз, ұшқыр болады. Біз ойымызды ою арқылы тоқтатқанбыз. Ою арқылы құт пен берекені ниеттенгенбіз.
«У» деген тоқтаған, сірескен, бір табиғат құбылыстың суреті, шоғыры, ізі. Мысалы: аяз өз оюын терезеге салады, адам саусақтарының бедері ешкімге ұқсамайды. Әрқайсының өз уы болады.
Су, уыз, уыс, уәде, ашу, ауру сөздерінде «у» әрпі кездеседі.
Суды неге су деп атадық?
Себебі судың есте сақтау қабілеті, ою-өрнегі бар. Адам ашуланғанда өз ағзасы уланады. Жылау, қайғыру, қуану бұл сөздердің бәрінде «у» бар. Сонда у деген сөз тек қана жаман нәрсе емес ол бір сәттегі жинақталған энергия.
Барлық аурудың себептері физикалық денеде емес, адамның энергетикалық сыртқы қанқасында. "Ханның басын қан алар..." демекші уды у қайтарады. Ауырғанда ішетін антибиотик ол да бір у.
Ойу сырт жағынан ауруды, тіл-көзді жоюға көмектеседі. Қазақ оюды тұйықтамаған, өйткені өзгенің «уы» оюға түскенде ойнап кетеді, шырмалып адасып қайта шығып кетеді деп ырымдаған.
"Қос білезік" ойуы
"Қос білезік" ойуы
***
Оюлардың ортақ заңдылықтары:
1. Ою жалғыз болмайды. Оюлар өте қарапайым элементтерден басталып, күрделі құрылымға айналады.
2. Оюға өзіндік ұқсастық тән. Яғни белгілі бір ырғақпен көлемі, түсі және саны жағынан қайталанып, үлкен композицияны құрайды.
3. Ою айна сияқты қарама-қарсы қосарланып бейнеленеді. Бұл атаған қасиеттердің барлығы фрактал сипатқа ие.
Барлық дененің энергиясы, жиілігі және тербелісі болады. Киматика ілімінде дыбыс толқыны арқылы белгілі бір құрылым, симметриялы оюлар пайда болатыны белгілі. Тербеліс энергиясынан пайда болған ою шоғырланған энергия көзі болып табылады.
Бұл ою түріндегі шоғырланған энергия қайта алғашқы энергия түріне айнала алады, өйткені физика заңы бойынша энергия сақталады және айналады. Осы физика заңдылығына сүйеніп оюдың қорғау және тарту-шақыру қасиеті бар екенін нық айта аламыз.
Оюда көбіне екі үйлесетін түс қолданылады. Олар интерференцияға ұшырап бірін бірін күшейтеді не жояды. Түстің электромагниттік өрісі болады.
Себебі денелер сәулені жұтып не шағылыстырып, жарықтық сәуле немесе электромагнитті толқын тудырады
Тарихи ғылыми деректерге сүйенсек ою–өрнектер ертеде жазу-сызу болмаған кезде дамыған. Жалпы сөзден бұрын ою пайда болған.
Әріптерден бұрын пиктограммалар пайда болған. Алғашқы адам бірінші бейнелеуді қолданды. Қазақтың алғашқы ою-өрнек үлгілері б.д.д.16-12 ғ.ғ. - қола дәуірі Андронов мәдениеті мен байырғы сақ, ғұн, үйсін өнері мұраларынан кездеседі.
Ою-өрнек – дінге дейінгі таңба.
Сондықтан әлемдегі оюлардың мазмұны бірдей. Иудаизмнің пайда болғанына 2300, христианға 2024, исламға 1400 жыл болды.
Ал адамзат 64 мың жылдан бері тіршілік етеді. Бастапқыда ым-ишара арқылы бір-бірін түсінсе, кейіннен жартастарды қашайтын болған. Скифтердің аңдық стилді қолданғанын білесіздер.
Құсмұрын оюы
Құсмұрын оюы
***
Ою адамды емдейді. Сәуле түске өткенде тербеліс пайда болады, ол микроскопиялық деңгейде электрондардың ауысуы арқылы жүзеге асады.
Сәуле оюдағы түске енгенде олар белгілі бір бірізділікке біріктіріледі, осы үйлестірген оюлардың толқынды сәулесі тербеліс тізбегін тудырады.
Бұл сәулелер сырт жағынан бөгде сәулелерді жойып адамды қорғайды.
Адам қандай оюлы киім кисе сол оюдың салдары болады. Өйткені оюды әу баста эстетика үшін емес, ырымдап бедерлеген. Біз Оюмен сөйлеген халықпыз.
Ал ғылыми тұрғыдан алғанда ою-өрнектердің тотемдік, сиқырлы мазмұндық мағынасы көп.
Қазақтың дәстүрлі ою-өрнектеріндегі элементтер фракталдық қасиетке ие бола алады. Ою-өрнектер көбінесе симметриялы, қайталанатын, және әрбір кіші бөлігінде бүтін өрнектің жалпы формасы көрініс табады. Бұл қасиеттер оларды фракталдарға жақындатады.
***
Фрактал болуға лайықты қасиеттер:
1. Өзіндік ұқсастық: Қазақ ою-өрнектерінің кейбір элементтері (мысалы, "қошқар мүйіз") өрнектің жалпы құрылымында бірнеше рет қайталануы мүмкін.
2. Күрделі жүйелілік: Оюлар өте қарапайым элементтерден басталып, күрделі құрылымға айналады.
3. Қайталанымдылық: Оюлар әр түрлі масштабта қайталанып, үлкен композицияны құрайды.
***
Мысалдар:
Қошқар мүйіз: Оюдың әрбір элементі үлкен дизайнның бөлігі болып табылады және өзіндік қайталанымдылыққа ие.
Тұмарша: Симметриялы және белгілі бір үлгі бойынша қайталанады.
Егер қазақтың ою-өрнектерін цифрлық түрде өңдеп, оларды математикалық тұрғыда модельдейтін болсақ, фракталдық қасиеттерді нақтырақ көрсетуге болады.
Ою мен өрнектелген интерьер
***
Барлық тіршілік атауы орайланып пайда болған. Олар фибоначчи бірізділігімен фрактал әдісімен көбееді. Қазақтың итқұйрық оюының мағынасы өсу, даму, көбею екені айдан анық болды.
Шырша бүрлері, ананас, күнбағыс тұқымдарының спиральдары Фибоначчи сандарына негізделген.
Жануарлар: Раковиналардағы спиральдар, ұлулардың қабыршақтары. Фибоначчи теориясының ерекшеліктері: Фибоначчи сандарының тізбегі өте қарапайым: Бірінші екі саны және әрбір келесі сан алдыңғы екі санның қосындысына тең. Ол өсу мен дамудың символы.
Фибоначчи тізбегі табиғи өсудің үлгісін көрсетеді, мысалы, ағаш бұтақтарының құрылымы немесе қан тамырлары жүйесі. Бұл симметрия мен үйлесімділіктің бейнесі.
***
Сегіз ереже
Қазақтың оюның екі қасиеті бар: ол
қорғау және
шақыру-тарту.
***
Анықталған 8 ереженің бәрін бір мезетте бірдең қолдану міндетті емес.
Бірінші ереже
Қазақ киімінің формасы төменге қарай кеңейетін үшбұрышты болған. Киімді үш әлемге бөлген
Жоғарғы – құдай, әруақтар, құт әлемі. Жоғарғы бөлігі – бас киімге құс, тау жануарлары, күн, жұлдыз, тау жануарларының мүйізі т.б. ойылған. Жоғарғы құдайлардан даналық, құт тілегі.
Ортанғы – адам әлемі, материалдық дүние
Төменгі – белден төмен жақ, аяқ жақ, ауру, сәтсіздік, жын-шайтан әлемі. Сол себепті басқа жаққа қарағанда төменгі жақта қорғаныс оюлары көп жасалады.
Жын-шайтан төменгі жақта оюмен ойнап кетсін деген ырым бар. Төменгі жақта тамыр бар. Тамыры мықты болсын, төбеден келген ниетті кең пейілмен жерде материалдық дүниеге айналдырсын, адам аяғын нық бассын деген ырыммен төменгі жақ киім кеңейтіледі.
Қай жерде қандай әлем орналасқанын білген кезде қай жерге не салуға болатынын білесіз. Егер көйлек етегінде ою болмаса желетке жиектеріне немесе сыртқы киімнің төменгі жағына қорғаныс оюы салынады.
Қазақтың ұлттық киіміндегі бойжеткен
Ою-өрнекпен бедерленіп, безендірілген киімдегі қыз
Жерасты, жер беті және аспан әлемі. Тәңірлік дүниетаным бойынша
***
Екінші ереже
Қорғаныс оюлары
Қорғаныс сызықтары тек киім шеті-жиекке жасалады және ені 1-4 см-ден аспау керек. Ол жуан болып кетсе жол жабылып қалады.
Қорғаныс сызықтарының негізгі 3 түрі бар:
- Жиектегі түзу сызық - барлығына және балаларға жасалады
- Жиектегі үшбұрышты ою – ер адамдарға, күн нұрымен жарықтандырады.
- Жиектегі толқынды ою – әйел адамдарға, қыздарға жасалады.
- Толқын – судың тыныштығы және байсалдылық, шаю, тазару деген мағынада салынады. Сонымен қоса толқын жыланның қозғалысын, Ұмай ананың қорғауын білдіреді. Ал толқын тәрізді оюлар орта тұстарда болса «бітпес» оюдың мағынасына саяды.
Бүркіт із жыртқыш құстың іздері қорғаныс оюларына жатады. Ер адам, 12 жастан асқан ұлдардың киім жиектеріне қорғаныс оюы ретінде қолданған. Ержүректілікті меңзейді.
Бүркіттің тұяғы бас киімге салынбайды. Жыртқыш аңдар қорғаныс салаға жатады. Киімнің барлық кіріс-шығыс жиектерін өрнектеп жаман рухтарға шегара салынған.
Киімнің қалтасы болса оған да да қорғаныс сызықтары салынады. Шалбардың балақтарындағы жырықтарына да қорғаныс оюлары салынады.
***
Үшінші ереже - негіз
Әу баста болған формалар
Нүкте, шеңбер, нүктесі бар шеңбер - ер адамның оюы, бұл Күннің белгісі, олар күн астындағы қамқорлық, көшбасшылық, жеңіс.
Үшбұрыш формасы – оның шыңы жоғары қараса ол тау – ер адамдарға, сондай ақ философиялық мағынасын беретін болсақ рухани байлыққа, ағартуға ұмтылған адамдарға ырымдалады.
Ол материалдық жетістікке жетіп құдайға бет бұру, рухани баюға ұмтылуға ниет.
Ал ұшы төмен қараса әйелдерге арналған ою – философиялық мағынасы: құдайдың білімі төмен жерге түскенін білдіреді. Бұл адамның миссиясы.
Екі үшбұрыштың қарама-қарсы кірігуі – отбасын құру тілегі, балалы болу
Тең бұрышты крест, айқаз – адам тең ортада айқара ашық, әруақтар алдындағы адалдығы, төрт құбыласынан көмек сұрауы. Қорғаныс оюына жатады. Адам аспан мен жер арасындағы делдал.
Спираль - уақыт, динамикалық белгісі. Өмір бар жерде өлім бар, өлім өмірге жалғасады, өмір мәңгілік, шексіздік, ұрпақ бітпесін мағынасын береді.
Біз қайтамыз, бізден кейін балалар ұрпағымызды жалғайды деген ниет.
Өлім - ол өлшем, келесі өмірдің өлшемі. Өлімге қайғырып керек емес, өйткені адам жаны өлмейді, ол ұрпағынан қайта туылады.
Бұл оюға мысал балаларға арналған итқұйрық оюы жатады. Бұл оюда сағат тілімен(s) және сағат тіліне қарсы(z) айна сияқты қайталанатын иірімдерді байқауға болады
Иірім оюлары бейнеленген текемет
***
Ер адамның бас киімнің төбесіне сағат тіліне бағыттас свастика оюы құт әкеледі.
Ер адамға тұзу тік бұрышты свастика төзімділік, тұрақтылық сыйлайды. Ал ер адамның мінезі тіктеу болса, әйел, балаларға басы тік бұрышты емес, қайырылған свастика салынады(S).
***
Ал сағат тіліне қарсы свастика оюы (Z – сағат тіліне қарсы) әруақтар әлеміне жатады, сондықтан оны тек
бақсы
қамлаушы
көріпкел
балгерлер ғана сала алады.
Жәй адам бұның күшін көтере алмайды
Ережеге бағынбайды: бүл свастика қарама қарсы айна сияқты кері қайталанып қолданылса - бұл қарама-қайшылық мағынасын береді: ерлі-зайыптылар, өлім мен өмір.
Мүйіздер – табиғи таңба. Жануарлардың мүйіздері құдайды, табиғаттан тыс күшті, жан қуатын немесе өмірлік ұстанымды бейнеледі.
***
Төртінші ереже. Ер және әйел адамға, балаларға деп бөлінеді
Ерге - Күн, жарық, ақ, ақиқат, алтын, әділдік белгілері тән
Ұлдардың, ер адамның арқасындағы күн оюы - күндей жарық, қараңғыны сәулесімен жарықтандыр, күндей айналана жан бітір, арқадағы аруағын арқау болсын деген ниет. Соғысқа баратын ер адамдарға аман қайтсын, арқасы дуал болсын, Күн шапағатында болсын деген мақсатта арқасына қорғаныс оюы ретінде салған.
Балдақ ою-өрнегі
"Балдақ" оюының нұсқасы
***
«БАЛДАҚ» ою-ернегі бүркіт ұстаған қолдың білегіне киіліп тұратын жоғары басы балдақ сияқты жарты шығыр формасында келеді. Балдақ өрнегі бір-бірімен қосыла, шеңберге ілмелене келіп, күрделі өрнек түзейді.
Бұл өрнек киіз бұйымдарын әшекейлеуде, кесте тігуде, зат бетінде қолданылады. Оның мағынасы бүркітші сияқты епті, шебер бол дегені. Бұл оюдың бастауы сүйеу деген ұғымнан дүниеге келген.
Жалғасы бар...
***
Авторы: Жантемирова Айнур Болатовна