Қазақстан жеріндегі алғаш пайда болған мемлекеттердің бірі - Үйсін мемлекеті
(б.з.б. II ғасыр - б.з. V ғасыр). Ол Жетісу аймағында орналасқан. Шекарасы батысында Шу, Талас өзендеріне, шығысында Тянь-Шаньның шығыс атырауларына, солтүстігінде Балқаш көлінен Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауына дейінгі аумақты алып жатқан.
Үйсіндер дәуірінде жасалған алтын тәті.
Қарғалы кеніші. Б.з. I - II ғғ.
***
Қарғалы тәтісіндегі жануарлар бейнесі
***
Үйсін мемлекеті жайындағы алғашқы мәліметтер б.з.б. I ғасырдағы қытай жылнамаларында кездеседі. Халқының саны шамамен 630 мың адамдай болған.
189 мың сарбаздан тұратын әскери жасақ құрған. Астанасы - Шығу қаласы болып белгіленіп, Батыс пен Шығыс елдері аралығындағы Ұлы Жібек жолының түйіскен торабында орналасқан.
Мұның өзі аталған бірлестіктің көрші елдермен (Қытаймен, ғұн, қаңлы, алан, ұйғыр, қырғыз тайпаларымен) саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды өрістетуге зор мүмкіндік жасады.
Үйсін мемлекетінің халқы жартылай көшпелі ел болған. Мал бағып, жер өндеуді кәсіп еткен. Археологиялық қазбалардан табылып, зерттеуге алынған материалдарға қарағанда, сол кездің өзінде-ақ күнделікті тұрмыста жер өңдейтін тас тырма, қолдан жасалған қол орақ пайдаланылған.
Тастан жасалған қол диірменнің табылуы - сол замандарда өмір сүрген тұрғындардың дәнді дақылдармен қоректенгендігінің бір дәлелі.
Сондай-ақ, бұған қоса Іле, Шу, Талас алабынан суландыру жүйелерінің іздері табылды. Ежелгі үйсіндер б.з.б. I ғасырда, әсіресе, б.з. III - V ғасырларында егіншілікпен, бау-бақша, жеміс-жидек өсірумен шұғылданып, біртіндеп отырықшылыққа үйрене бастаған.
Шу, Іле өзендері бойындағы елді мекендердің орнынан күйдірілмеген кірпіштен қаланып, таға тәрізді етіп жасалған жерошақтар, тік бұрышты үлгідегі тұрғын үйлердің орны табылды.
Үйсін мемлекетінде малға жеке меншік болды. Ру, тайпалардың жайылымдары иеліктерге бөлініп, қазына-байлық тайпа көсемдерінің қолына жинақталды, тайпааралық қарым-қатынас жиілей бастады.
Жеке меншіктің болғанын қыш ыдыстарға, сүйектен, металдан жасалған әр түрлі заттарға түсірілген бедерлі таңбалардан байқаймыз.
Қазылған обалардың аумағы әр түрлі. Кейбіреулерінің биіктігі 10-12 метрге, аумағы - 40 метрге дейін жетеді.
Адам сүйегімен бірге көмілген заттардың санынан, сапасынан белгілі болғандай, бірлестікте әлеуметтік теңсіздіктің орын алғаны байқалады.
Үлкен қорғандарға тайпа көсемдері, ақсүйектер, одан кішісіне қауымның қарапайым мүшелері жерленген.
Билік мұрагерлік жолмен әкеден балаға мирасқорлық салты бойынша ауысып отырған. Оған жоғарыда аталған ру, тайпа көсемдері бағынған.
Үйсін киімдерінің жапсырмалары
Үйсін мемлекетінде басқарудың ондық жүйесі қолданылған. Ел билеуші Жетісу өзіне қарасты ел-жұртын балаларына бөліп беріп, әрқайсысына он мың адамнан жасақ, көшіп жүретін және қоныста отыратын жерлерін еншілеген. Бектердің өздерінің жайылымдық жерлерін өзгелерден қарулы күшпен қорғағаны жайында айғақтар кездеседі.
Мұның өзі таптық жіктердің қалыптаса бастағанын аңғартады.
Үйсін ескерткіштерін зерттеу жұмыстары бұл мәдениет сатысының үш кезеңнен өткенін анықтайды.
Бұлар:
алғашқы кезең - б.з.б. III - I ғасырлар
орта кезең - б.з. I - III ғасырлары
кейінгі кезең - б.з. III - V ғасырлары
***
Осы кезендердегі бейіттердің қазылуында, жобалануында, қару-жарақ, сәндік бұйымдар мен тұрмыстық заттардың үлгісінде, жасалуында ерекшеліктер бар.
Мал өсірумен, егін шаруашылығымен қатар қолөнер, үй кәсіпшілігі де кең өрістеп, жедел өркендеген.
Әсіресе, қыштан ыдыс-аяқ, құмыра жасау ісі қанат жайды, өңдеу кәсібі жолға қойылды. Темір мен қоладан еңбек құралдары, қару- жарақтар, сәндік бұйымдар; алтын мен күмістен алқа, сырға, әр түрлі әшекей бұйымдар соғылды.
Тоқыма кәсібі, тері илеу, тас қашау, сүйек өндеу ісмерлігі дамып, алға басты.
Саяси тарихы. Б.з.б. 119 жылы үйсін елімен байланыс жасау үшін Қытай елінен Жаң Чиян бастаған үш жүзден аса адамнан тұратын топ келеді.
Жаң Чиян күнбиге мол тарту-таралғы ұсынып, оны халқын бастап шығыстағы ескі жұртына қайта барып қоныстанып, Хань патшалығымен бауырласып, ғұндарға қарсы бірлесе шабуыл жасауға шақырады.
Үйсін күнбиі Елжауби Қытай елшісінің бұл ұсынысын қабылдамайды. Бірақ Жаң Чиянға өзінің елшісін қосып, Қытай елінің жай-күйін көріп-біліп келуге жұмсайды.
Хань патшалығы үйсін күнбиін өзінің айтқандарына көндіре алмаған соң, Орталық Азиядағы елдерге тарту-таралғы сыйлау арқылы үйсіндерді басқалардан оқшауландырады.
Ал ғұндар үйсіндерді Хань патшалығымен байланыс жасадың деп айыптап, оларға қарсы жазалау жорығына дайындалады.
Сөйтіп, үйсіндерге ғұндардан қауіп төнеді. Олар ендігі жерде өздерін ғұн шабуылынан аман сақтап қалу үшін Қытайға жақындасуға мәжбүр болады.
Б.з.б. 108 жылы Хань патшасы У-ди өз әулетінен шыққан князь Лю Жянның қызы Шижүнге (Си гюнь) ханшалық мәртебе беріп, үйсін күнбиіне ұзатады.
Қытай мен үйсіндердің жақындасуынан қауіптенген ғұндар енді үйсіндерге қолданбақ болған жазалау жорығын тоқтатып, олармен құдалық арқылы саяси байланыс орнатуды жөн көреді.
Сондықтан ғұндар да үйсін күнбиіне өздерінің бір ханшасын ұзатады.
Үйсін күнбиі Жөншіби (Үнгүймі, Унгуйми) ғұн қызын өзінің сол тізесін басқан ханымы, ал қытай қызын оң тізесін басқан ханымы деп белгілеп, сол арқылы өзінің әлі де болса ғұндарды жақын көретінін, оларды құрмет тұтатынын білдіреді.
Сонымен қатар ол Хань патшалығы ханшасын өзі алмай, оны тұңғыш немересі Жөншіге қосады.
Үйсіндердің саяси ішкі хал-ахуалымен етене жақын танысқан қытайлар б.з.б I ғасырдың орта шенінен оларға өз ықпалын жасауға тырысып бағады.
Үйсіндердің қыш бұйымдары.
Б.з.б. III г. - б.з. III г. Жетісу
Хань патшалығы үйсін билеушілеріне мәртебелі лауазым, шен-шекпен мен мөртаңба беріп, түрлі сый-сияпат ұсыну арқылы оларды өз ырықтарына көндіру әдісін қолданады.
Ал үйсіндерге өз ықпалын жүргізе алмаған ғұндар оларға қарсы күш қолдану әдісіне көшеді. Осындай шиеленісті сәтте үйсін күнбиі елін ғұн шабуылынан аман сақтап қалу үшін қытайлармен одақтасып, ғұндарға қарсы шабуыл жасауға шешім қабылдайды.
Бұл Қытай шабуылдары салдарынан Ғұн мемлекетінің әлсірей бастаған тұсы болатын. Б.з.б. 73 жылы ғұндарға қарсы батысынан үйсін күнбиінің (қытай елшісі Чаң Хэйдың бақылауында) 50 мың әскері мен шығысынан Хань патшалығының 150 мың әскері бірлесе шабуыл жасап, жеңіске қол жеткІзеді.
Осы жорықта үйсіндер ғұндардың 40 мың адамын тұтқындап, 700 мың бас малдарын олжалайды. Ауыр жеңілістің себебін үйсіндерден көрген тәңірқұт сол жылы қыста
«түмен атты әскерін бастап, үйсіндерге шабуыл жасап, бірер табыстарға қол жеткізгенімен, қайтқан жолында қалың қар жауып, бір күнде құрық бойы жауған қардан адам мен мал үсіп өліп, еліне оннан бірі ғана оралады».
Үйсін мемлекеті тоғыз жолдың торабы, Ұлы Жібек жолының бойында орналасты
***
Ғұн империясының осылайша әлсірей бастауына байланысты енді Хань патшалығы үйсіндерге тікелей саяси ықпал жасауға көшеді.
Хань патшасының б.з.б. 108 жылы үйсін күнбиіне ұзатқан қызы Шижүн ханша бес жылдан соң өледі. Сөйтіп ол өзіне жүктелген саяси міндетті атқара алмайды, артына тек Шофу атты бір қыз қалдырады.
Араға жыл салып, император У-ди 102 жылы Жиею (Гяи-ю) атты және бір ханшасын Жөнші биге ұзатады.
Ғұндардың қарымта шабуылы үйсін елін тығырыққа тірейді. Сөйтіп, үйсіндер I ғасырдың соңғы жартысынан бастап өзінің мемлекеттік күш-қуатынан да, Орталық Азиядағы әлеуметтік ықпалынан да айырылды.
V ғасырда жужандардың Орталық Азия елдеріне жасаған жорықтары Үйсін мемлекетін тіпті әлсіретіп жіберді.
Нәтижесінде, үйсін жұрты VI ғасырдың орта шенінде құрылған Түрік қағандығының құрамына енді.