АрқамандықЕрқайысТоқшылық
🗿 Ұйғыр қағанаты

Ұйғырлар - Орталық Азияны мекендеген ежелгі тайпалардың бірі.


Ұйғыр тайпалары Түрік қағандығына бағынған болатын. Олар 600 жылдан бастап түріктерге қарсы көтеріле бастайды. 605 жылы Батыс Түрік қағандығының қағаны Шорын ұйғырларын талқандайды. 


Ұйғыр билеушісі халқын ертіп, қазіргі Моңғолия жері Селенга аумағына жақын Тола жағалауларына, Байкөл көлі маңына қоныстанады.
630 жылы Шығыс Түрік қағандығын қытайлар жаулап алған кезде ұйғырлар өз тәуелсіздігін сақтап, Таң империясымен соғысады. Түрік қағандығы гүлденген шақта ұйғырлардың көп бөлігі оларға қосылады.

Ұйғыр қағанатының картасы

Ұйғыр қағанатының картасы

***
742 жылы ұйғыр, қарлұқ, басмыл тайпалары түріктерге қарсы шығып, оларды талқандайды. Билікке ұйғырлар келіп, қағандық Ұйғыр қағандығы деп аталады. Оның ең бірінші қағаны болып 744 жылы Құтлұқ Білге қаған сайланады. Ол Орхон өзені бойындағы түріктердің астанасын қалпына келтіріп, оны Қарақорым (Орда-Балық) деп атайды. 


745 жылы Құтлұқ Білге қаған қайтыс болып, орнына ұлы Мойын Шор (745 - 759) келеді. Ол билікке келісімен, қағандықта 3 жылға созылған азамат соғысы басталады. Көтерілісшілерді басып, соғысты аяқтаған соң Мойын Шор саяси жағдайға назар аудара бастайды.


750 жылдан бастап Мойын Шор жорық ұйымдастырып, көктемде чиқтерді, күзде солтүстік-батыс Маньчжуриядағы түркі тайпаларын талқандайды. 

Содан соң Қара Ертістен өтіп, қарлұқтарды бағындырады. 752 жылы өзінің құрамындағы басмылдар мен түркештер көтеріліс жасайды. Олармен шайқас Хангайда, ұйғырлардың орталығында өтеді. 

Ұйғыр қағанатынан қалған фрескалар 

Ұйғыр қағанатынан қалған фрескалар 

***

Ұйғырлар 755 жылы оларды толығымен талқандайды, бірақ ұйғырларды одан әрі батысқа қарай печенегтер өткізбей тастайды.
Ұйғыр қағандығының солтүстік шекарасында Қырғыз хандығы тұрған. 

Олар ұйғырларға қарсы соғысты жал- ғастыра береді. Осы кезеңде көрші Қытайда билік үшін өзара талас басталады. Қытайдың батыс бөлігін билеуші Ли Хэн көтерілісшілерді өз күшімен баса алмайтынын біліп, көршілерінен көмек сұрауға елшілер жібереді. 756 жылы ұйғырлар мен тибеттер оларға көмектесуге уәде береді. 

Бұл жағдай Ұйғыр қағандығының толық тәуелсіздігін нығайтуға себеп болады.
Мойын Шор алдымен Қытайдан достық-ынтымақтастық келісімге келуді талап етеді. Қытайдың жаңа императоры ұсынысты қабыл алғаннан кейін, 756 жылы ұйғырлар жорыққа аттанады. 

Фрескада Қаған немесе Ханзада делінеді

Фрескада Қаған немесе Ханзада делінеді 

***

757 жылы қыркүйекте Фыншуй өзенінің бойында қытай мен ұйғыр әскерлері көтерілісшілермен бетпе-бет кездеседі. Көтерілісшілер жеңіліп кейін щегінеді, ұйғыр әскерлері оларды Наныпань тауының оңтүстігінде талқандап тастайды.


758 жылы император Мойын Шорға қызын беріп, оның хан атағын мойындайды. Бірақ Қытайда азамат соғысы тоқтамай, уақыт өткен сайын күшейе береді. Ал ұйғырлар оларға көмек беріп, бұрынғыдай тонап отырады.


Он жылға созылған азамат соғысы Таң империясын әбден діңкелетеді, қалалар құрып бітуге таяйды, адамдардың өлімі көбейеді. Мойын Шор жорықтарының нәтижесінде оларға ешкім қарсы келе алмайтындай жағдайға жетеді. 

Шығыстағы қидандар мен солтүстіктегі қырғыздар Ұйғыр қағандығына бағынышты болады.

Ұйғыр Қағаны

Ұйғыр Қағаны

***

759 жылы Мойын Шор каза тауып, орнына ұлы Идиган келді. Оның Ел-Тұтнұш Алып Қулуғ Білге қаған (759 - 779) деген титулы болды. Идиган қаған Таң империясымен байланысты нығайтып, олармен сауда жасауды жолға қойды. 240 жылы Таяу Шығыста пайда болған манихей діні Иран мен Қытай арқылы ұйғырларға жетті. 

Ұйғыр қағандығы дінді мемлекеттік дін деп жариялады. Манихей діні - христиан, буддизм, иудаизм діндерінің аралас түрі болатын. Бірақ ол адамдарды құдайсыздыққа, кекшілдікке тәрбиелейтін еді. Ол дінді қабылдаған қаған үлкен қателік жіберген болатын.

Ұйғырлар Көк Тәңіріне, Аспанға және т.б. тылсым күштерге сенетін, соларға сыйынатын. Ұйғыр халқы манихей дінін қабылдағанмен, бәрібір тәңіршілдікті ұстанды. Қағанның қолдауымен Месопотамиядан, Иран және Орталық Азиядан миссионерлер ағылып келе бастады.

Қытайлар мен тибеттіктер бір-біріне ата жау болып есептелген. Ұзақ жылдар бойы екі ел арасындағы соғыс толастамайды. 780 жылы Қытай олардан жеңіліп, аумағының бір бөлігін беруге мәжбүр болады. Бұл соғыс кезінде ұйғырлар бірде қытайға, бірде тибеттіктерге көмектесіп, екі жақты саясат ұстанды.

Ұйғыр Қағанатының фрескалары

Ұйғыр Қағанатының фрескалары

***
789 жылы соғыс қайта басталып, бұл жолы тибеттіктер Қытай аумағын жаулап қана қоймай, одан әрі Жоңғарияға жетіп, осы жерде Ұйғыр қағандығымен соғысады. Бұл кезде қытайлықтар соғыстан әбден әлсіреген еді. Ұйғыр қағандығы 816 жылы тибеттіктерді тас-талқан етіп жеңеді. 

Бірақ Ұйғыр қағандығының өз ішінде тыныштық болмады, қағандықтағы манихейліктерге қарсы Орда-Балықта бүлік басталды.

799 жылы Боғы қаған өз ордасында бүлікшілер қолынан қаза табады. Тон Баға тархан қытайлықтардың көмегіне сүйеніп, манихейліктерге қарсы топты бастап, Ұйғыр қағандығында соғыс ашады. 

Боғы қағанмен бірге оның екі баласын өлтіріп, кеңесшілерін, қағанның жанындағы манихей дінінің өкілдерін түгел қырып салады. Тон Баға тархан Алып Күлік Білге қаған деген лауазыммен билікке келеді (780 - 789). 

Билікке Алып Күлік Білге қағанның мұрагерлері - Алып Күлік Білге қаған (789 - 790) мен Құтлұқ Білге қаған (790 - 795) келіп, әкесі мен атасының саясатын жалғастырады.

Соғыс тибеттіктермен қызған тұста Орда-Балықта тағы да көтеріліс басталады. 795 жылы Алып Күлік Білге қаған түсініксіз жағдайда інісінің қолынан қаза табады, ал інісі көтерілісшілер қолынан мерт болады.

795 жылы Орда-Балықга билікке Эдиз әулеті келеді. Ол әулеттің өкілі Алып Құтлұқ қаған (795 - 805) өзіне дейінгі билеушілердің саясатына өзгеріс енгізеді. 

Ол тибеттіктер мен қарлұқтарды талқандап, Ферғанаға жетеді. Одан кейін қырғыздарды тізе бүктіреді.

Сыртқы жеңістерге жеткеніне қарамастан, қағандықтың іштен әлсіреуі үдей түседі, ұйғырлардың манихейліктерге қарсылығы күшейеді.

Ұйғыр қағандығының әлсіреуінің екінші себебі - барлық қағандардың Қытай империясымен байланыстарын үзбеуі болып табылады. 

Тіпті олармен құдандалық жолмен туысқандық орнатқан қытайлар бір-бірімен бауырлас қағандардың арасына үнемі от тастап, бір-біріне айдап салып отырады.


805 жылы Алып Құтлұқ қаған қайтыс болған соң, билікке Күшлік Білге қаған (805 - 821) келеді. 832 жылы Құт тегін қаған Айдынлық ұлық Мұнмиш Күлік Білге қаған деген атақпен билікті иеленеді. 

Ол өзінің ата-бабалары сияқты қытай қызын әйелдікке алып, елдегі қарама-қайшылықты тереңдете түседі. Осы кезде мемлекетте тұрақсыздық орын ала бастайды. 839 жылы Күлік Білге қағанға көмектесеміз деп қала беделділері мемлекеттің астанасын басып алады. 

Хан өзіне-өзі қол жұмсайды. Қала ақсүйектері билікке әлі жас болса да Кэси тегінді қояды.
840 жылы ұйғырлар қатты әлсіреп, билеушілері өз халқының ежелгі салт- дәстүрін сақтаудың орнына, керісінше, елін құлдырата түседі. Сұлтан Күліг Боғу қырғыздарды көмекке шақырып, астананы алады. 

Хан мен оның жақтастары жазаланып, үйлері өртеледі. Бұдан шошынған ұйғырлар үдере көшіп, бір бөлігі тибеттерге қосылса, Пан Төре бастаған бір бөлігі қарлұқтарды паналайды.


Хан тұқымына жататын он үш әулет 841 жылы наурызда Үге тегінді хан деп жариялап, қырғыздарға жорықтарын жалғастырады. Қырғыздарға шабуыл жасаған Үге тегін оларды қуып барып, Гоби шөліне тап болады. Одан Хуанхэ өзеніне жеткенде әскерлері аштықтан қырыла бастайды. 

Сол аймақтағы татар, қидандар оларға шабуыл жасап, қырып жібереді, қағанды өлтіреді. Қағандық құлап, ұйғырлар бөлшектеніп кетеді. Олардың бір бөлігі Принаншанға барып, онда тибеттерді жеңіп, ¥лы Жібек жолы бойындағы қалалар мен қамалдарды иеленеді. 

902 жылы ұйғырлардың бір тармағы Ганьчжоу қағандығын құрады. Солтүстік Нанынань аймағынан басталған қағандықтың аумағы біраз жерлерді өзіне қаратады. 

Астанасы Ганьчжоу қамалы болады. Ұйғырлардың Ганьчжоу провинциясы шығыс пен батысты жалғастырған ортада орналасады. Ол ¥лы Жібек жолының үлкен аймағына бақылау орнатып, Қытай, Орталық Азия, Иранмен сауда қатынасын орнатады. 

Шығыстан Шығыс Түркістанға дейін созылған керуен жолдары үшін үнемі талас-тартыс болып тұрады. 

Оған Ганьчжоу ұйғырлары да араласады. 982 жылы қағандықтың аумағына таңғұт тайпалары басып кіре бастайды. ¥йғыр-таңғұт соғысы X ғасырдың аяғынан 1028 жылға дейін созылады. 

Сол жылы таңғұттар ұйғырларды талқандайды. Ұйғырлардың қашқан бөлігі Наныпаньның таулы аймақтарына барып тығылады. Қағандықты таңғұттар басып алып, жергілікті халықты қырғынға ұшыратады.

Тұрфан аймағына келіп қоныстанған ұйғырлардың бір бөлігі отырықшылық пен көшпенділікті сақтаған өз мемлекеттерін құрады. Олармен шығысында Қытай, оңтүстік-батысында Тибет пен қарлұқ, батыс және солтүстігінде қырғыздар мен қимақтар шектеседі. 

Бұл мемлекеттің астанасы Бесбалық қаласы еді. Қағандықта түрік тайпаларынан яғма, қарлұқ, қырғыз, т.б. болады. Олар егін шаруашылығымен айналысады.

Әскери қуаты жағынан Тұрфан қағандығының беделі күшті болды. Бірақ XII ғасырда қарақытайлар оларды өзіне бағындырып алады. Ұйғырлар оларға салық төлеп тұруға міндеттенеді, бірақ екі ел арасында тыныштық сақталады.

1209 жылы ұйғырлар өз еркімен Шыңғыс хан империясына қосылып, Шыңғыс ханның жорықтарына қатысады. 1270 жылы ұйғыр әскерлері Құбылай мен басқа Шыңғыс ұрпақтары соғысына араласады. Соғыста Тұрфан қағандығын Құбылай әскерлері мен нойондар басып алады. 

Ұйғырлар енді жерін тастап көше бастайды. 1283 - 1284 жылдары олар Юнчан қаласының маңайына келіп қоныстанады. Оларға Қытай тарапынан жер беріліп, сонда тұрақтайды. 

Сөйтіп, Тұрфан қағандығының тарихы осылай аяқталады.

No comments

Құтты жаңалықтар, құтты өмір

Аналитика, жаңалықтар, бағыттар


🫶 Басты
☿ Шежіре
👽 Технология
🛸 Арқамандық
💥 Блогтар
🌐 Әлем жаңалықтары
🛰 hi-tech
⭐ Қазақстан жаңалықтары
🎬 Кино, өнер
🎭 Шығарма
📡 Украина жаңалықтары
🌣 Билік
🏢 Технологиялық компаниялар
🥷 Әскер
☂ Халықаралық ұйымдар
🤵 Тұлғалар
🌍 Мемлекеттер
🗺 Жерлер

Жеке даму бағыты